Жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптар, газет-журналдармен танысады. “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”, т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Кейін туған жеріне оралады. “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытып, орыс тілін үйренеді. Ресейдің Том қаласына оқуға түседі. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп, көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты. 1917 жылғы ақпандағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен, оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады.

Жалпы, Сұлтанмахмұт ақын небары 27 жыл ғана өмір сүргенмен, соңына мол әдеби мұра қалдырып кетті... Ақын өмірі туралы белгілі қаламгер Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» атты роман жазды.

 

Сұлтанмахмұт Торайғыров
Мен қазақ

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ер жеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.
...Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.

Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

* * *
Сүйдіріп, жүрегімді тартқан менің,
Сарыарқа, Сарыдала – туған жерім.
Көк күмбездің астында көк масаты
Сәулемен алтындаған сары белім.

Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,
Исі аңқып, бетім сүйген самал желім.
Кіндік болып, мал менен жанды өсірген,
Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін.

* * *
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген:
«Ана» деген сүйгендік сөз әм менен.

Қылжақтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.

saryarka-samaly.kz