Кім не десе, о десін. Алайда бірінші нұсқа еш қисынға келмейді. Себебі, жанармай бекеттеріне қитығып, көлікті қаңтарып қойсаң, барлық шаруаң жолда қалады. Ал машинаға газ орнату туралы сөз қозғалса, желкемізді қасып, қиналып қалатынымыз рас. Газдың бағасы бензинге қарағанда 2,5 есеге арзан. Ендеше көліктің отынын газға ауыстыру шынымен тиімді әрі үнемді ме? Мәселеге жан-жақты үңіліп көрсек.

Жанармай бекеттеріндегі баға апта сайын өсіп, бүгінде өңірімізде сұйық отынның құны литріне 163 теңгеге жетті. Қалтаңыз қағылуда ма? Қарапайым арифметикамен есептеп қарасаңыз, бұрын 139 теңгемен есептегенде аптасына 10 000 теңгеге 72 литр бензин құйсаңыз, қазір ол ақшаға алатыныңыз небары
61 литрден (163 теңгемен есептегенде) аспайды. Көлігіңіз әлгі 10 000 теңгеге құйылған бензинмен бұрын шамамен (қазіргі салқын мезгілдегі жағдайды ескере отырып) 600 километр жол жүрсе, бүгінде ол бақандай 90-100 километрге қысқарып, 500 шақырымның ар жақ-бер жағы болып қалды. Оның орнын толтыру үшін қосымша 1800 теңге шығындауыңызға тура келеді. Бұл соманы енді 4 аптаға көбейтіп көріңіз, қазір айына қаншаға артық шығындалып жүрсіз?

Қасқалдақтың қанындай қат бензиннің бағасынан әбден ығыр болғанда «әлде газға көшіп кетсем бе екен...» деген көмескі сауалдың жылтыңдай беретіні осыдан. Дей тұрсақ та, газ-баллонды жабдықты (ГБЖ) орнатуға қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелерді ести-ести бастапқы ойыңнан айнып қаласың. Бұл идеяның түпкілікті іске асуына негізінен жауабы дүдәмал екі сауалдың тежеу болатыны бар. Анығын айтқанда, ГБЖ қауіпсіз бе және газ шынымен үнемді ме? Ендеше жауабын тарқатсақ.

Қауіпсіздік шегі

Газбаллон орнатылған автокөліктерді пайдалануға қатысты түрлі қорқынышты әңгімелерді аз естімеген боларсыз. Бүгінде әлеуметтік желілердегі газды ауа қоспасы толтырылған баллонның бір сәтте жарылып, көліктің күлі көкке ұшқаны жайлы роликтер зәреңді алады. Әлгі жарылғанда машинадан түк қалмайтыны соншалық, техниканы күресінге тастаудан басқа амал жоқ екен. Дей тұрсақ та, ГБЖ сұйық отынмен жұмыс істейтін өзге дәстүрлі жүйелерден қауіпті деп ойлау жаңсақ пікір. Себебі бұл жүйені өндірушілер оның қауіпсіздігін арттыру бағытында бірнеше ондаған жылдан бері жұмыс істеуде. Оның адам өміріне қауіп төндірмеуі, газдың ешбір негізсіз ауаға таралуын болдырмау секілді басты факторлармен арнайы зертханалар мен мамандар үнемі айналысады. Сапалы баллондар орасан көлемдегі қысымды ұстап тұра алады (100 атмосфераға дейін). Ал ондағы мультиклапандар жүйеде сәл кішкене саңылау пайда бола қалса бірден сезіп, автоматты түрде сыртқа шығатын барлық жолды жауып тастайды. Керісінше, баллон ішінде қысым көбейіп кетсе, жүйе газды атмосфераға айдауға кіріседі. Әрі мұның үстіне көлікке тұтастай ақылды электроникалық жүйелер орнатылатынын есте ұстаңыз. Ол барлық жағдайды бақылап, алдын ала ескертіп отырады.

Осындай ойластырылған жайттар баллонның себепсізден-себепсіз жарылуына
1 пайыз да мүмкіндік бермейді. Сондықтан ГБЖ-ның сапасыз болуы оны орнататын адамға қатысты екенін біліңіз. Автокөліктің отын жүйесіне араласу жағдайы көптеген белгілі бір тәуекелдерді тудыратыны да рас. ГБЖ-ны орнату - аса маңызды мәселе әрі оның әсерінен көлігіңіздің көп бөлігі қайта жарақтанады. Яғни, бұл жерде оны орнатуды нағыз өз ісінің мамандарына ғана сеніп тапсыру қажет екені айдан анық.

Тосын сыйға тап болмайын десеңіз, бағасы арзан әрі тым күдікті көрінген жұпыны сервистерді айналып өтіңіз деп кеңес береді мамандар. Сапалы орнатушының белгілеген бағасы қымбат, десе де, оның арқалайтын жауапкершілік жүгі де аса ауыр екенін қаперден шығармаңыз. Кейбір жүргізушілер үнемдеудің төте жолы деп Қытайда өндірілген, сапасы күмәнді арзанқол жүйені орнатуға жүгіріп тұратыны бар. Әсіресе, бензин бағасы әбден қитығына тиіп болған таксистер солай жасауға құмар. Алайда мәселеге бұлай жеңіл қарау сізді кейін газды автокөліктің жарылуына қатысты бейнежазбаның басты қаһарманына айналдырып жібермесіне ешкім кепіл бола алмайтыны тағы анық.

Қауіпсіздік мәселесін түйіндер болсақ, мамандармен орнатылған әрі уақытылы тексеріліп тұрған сапалы ГБЖ ешқандай проблема тудырмайды. Мәселе сол мамандарды және жүйені іздеп табуда. Бұған аса жауапкершілікпен қарағаныңыз абзал. Бүгінде кейбір елдерде газ жабдығын автокөлікке бірден зауытта орнатып қоя береді. Бұл - ең қауіпсіз нұсқалардың бірі. Алайда Қазақстандағы автомобиль құрастыру зауыттарында мұндай жүйе атымен қолданылмайды. Ресейде жақында ғана LADA Vesta CNG маркалы көлігіне газ орнатып шығара бастады. Бізге көлік көп сататын өзбек ағайындар «Chevrolet» брендімен танымал бюджетті тұлпарларға бүгінде газ орналас-тыруды орнықты жолға қойды. Сондықтан бұл жаңашылдықты қазақстандық зауыттар да тезірек енгізсе дұрыс болар еді.

Басты «көзір» - үнемшілдік, десек те...

ГБЖ-ны көлікке орнатудың басты себебі - отынға кететін шығынды үнемдеу. Көгілдір отын бензиннен де таза әрі жоғарыда айтқандай 2,5 есеге арзан. Павлодарда газдың литрін 68-70 теңгеден сатып ала аласыз. Бағасындағы айырмашылық жер мен көктей, әрі газ жабдығына жұмсалатын шығынның қайтарымы тез болатындай сыңайлы. Дей тұрғанмен бұл жерде бірнеше жайттарды ескерген жөн.

Ең алдымен, газдың шығыны бензинге қарағанда көбірек, шамамен 15-20 пайызға артық жағылады. Яғни сіздің машинаңыз 100 шақырымға 10 литр бензин «жесе», газбен жүргенде шығын қосымша 2 литрге артып, 12 литрді құрайды.

Екіншіден, үнемділікті есептегенде ГБЖ-ны орнатуға, құрал-жабдықты серти-фикаттауға, құжаттарды рәсімдеуге және жүйені алдағы уақытта тексерістен өткізіп, баптауға жұмсалатын шығындарды да есепке алуды ұмытпау керек. Себебі мұның барлығы - жоспардан тыс қалтаға артық салмақ әкелетін қомақты сомалар.

Үшіншіден, газбаллонды орнату үшін көліктегі қосымша дөңгелектің орнымен қош айтысуға тура келеді. Ал бесінші дөңгелегіңіз тек жүк салғышыңызға ғана сыяды. Соған орай жүк салғыштың сыйымдылығы да кеми түседі.

Босқа ұрынбаңыз

Қазіргі күні Павлодар қаласында ГБЖ-ны орнату бойынша ұсынылатын бағалар арасында айырмашылық көп. Мысал үшін, шағын литражды (қозғалтқышының көлемі 2 литрге дейін) көліктерге көлемі 54 литрлік баллонды қоюмен орнатылатын жүйе үшін сервис-орталықтар 140 мыңнан 220 мың теңгеге дейін төлемақы сұрайды. Көлемі үлкен машиналарға (мәселен 2.4 литрлік) 190 мыңнан 260 мыңға дейін сұралса, көп цилиндрлі моторларға (V6, V8) 280-380 мың теңге көлемінде ақша талап етіледі. Көліктің отын жүйесін қайта жарақтандыруды сертификаттауға 15-30 мың теңгеден, әр 10 000 шақырым сайын тексерістен өтіп, жүйені реттеп отыруға 5 мың теңгеден шығынданасыз.

ГБЖ қай уақыттан бастап сіздің қалта-ңыздағы қаржыға үнем бола бастайды? Әр автокөлік иесі үшін бұл шектің айыр-машылығы әртүрлі, әрі ол көлік қозғалт-қышының көлемі мен ГБЖ-ның құнына ғана тәуелді емес, бұл фактор көліктің қанша жүретіндігіне де тікелей байланысты. Есепке жүгініп көрелік.

Есепті жүргізу үшін көліктің бірнеше шамасын анықтап алу керек. Біздің жағдайымызда бұл - газ бен бензиннің бағасы және жылдық орташа жүрілген километраж.

• АИ-92 бензинінің бағасы - 163 теңге (шағын және орташа көлемдегі көліктерді алайық).
• АИ-95 бензинінің бағасы - 172 теңге (қозғалтқышының көлемі үлкен көліктер).
• Бір литр газдың бағасы - 70 теңге.
• Бір жылда жүріп өткен жол - 20 000 км.

Атап өтерлігі, ГБЖ орнатылған көлік әр 10 000 км жүріп өткен сайын шамамен
1 литр бензин шығындайды. Бұл - газға ауысу үшін алғашқы бетте қозғалтқышты жылытуға жұмсалатын бензиннің жиынтық шамасы.

Көліктерді көлеміне қарай жіктеп, қанша қаржы үнемдейтінін есептеп көрейік:

1. 1.6-литрлі моторы бар Hyundai Accent маркалы жеңіл көлігі әр 10 мың шақырымға жалпы құны 163 000 теңге болатын АИ-92 бензинің (шығын 100 км
/10 литр) жағады. Құны 220 000 теңгелік ГБЖ-ны орнатқан сәттен бастап
10 000 км жүргенде көлік иесінің алғашқы «ондыққа» жұмсалатын жалпы шығыны 364 000 теңгенің үстіне шығып кетеді. Қарапайым есеп амалдарына сүйенсек, газбен жүретін көліктің иесі тек 50 000 км жүріп өткен соң ғана қаржысын үнемдей бастайды. Бұл дегеніңіз арада 2,5 жыл (бір жылда шамамен 20 мың шақырым жол жүрсеңіз) өткен соң ғана үнемдеу деген сөз.

2. Көлемі 3.5 литрлі, V6 моторлы Toyota Camry көлігіне кететін шығынды есепке алсақ. Багыңызға АИ-92 бензинін құйып жүрген болсаңыз, 10 мың км
282 600 теңгеге түседі. ГБЖ-ны орнатқанда бұл шығын шамамен алғашқы «ондыққа» 489 040 теңгені құрайды. Нағыз үнемдеу 30 000 шақырымнан соң басталады. Шамамен 1,5 жыл күтуге тура келеді.

3. Енді жол талғамайтын, отынға деген тәбеті жоғары көліктердікін есептеп көрелік. Моторының көлемі 4.6 литр болатын Toyota Land Cruiser 200 тұлпары қала ішінде әр жүз шақырымға 25 литр жұмсайды. Егер оған АИ-95 бензинін құйсаңыз, әр 10 000 шақырым сайын 430 000 теңгеге шығынданасыз. 375 мың теңгеге ГБЖ орнатып, барлық құжатын рәсімдесеңіз, алғашқы 10 000 шақырымда шамамен 647 000 теңге жұмсайсыз. Десе де, 23-25 мың шақырымнан соң, яғни екінші жылдан бастап сіздің отынға жұмсап келген шығыныңыз екі есеге жуық, яғни 242 мың теңгеге дейін арзандайды.

Түйін:

Қозғалтқышының көлемі үлкен, соған орай отын шығыны да орасан көліктерге ГБЖ орнату айрықша тиімдірек. Жылына орташа есеппен кемі 20 000 шақырым жүріп өтетін мұндай машиналардың иелері бір жылдан соң-ақ үнемдей алады. Ал шағын литражды көліктердің газға көшу мәселесі күрделі. Егер сіз бір жылда 40-50 мың шақырым жолды жай еңсеріп тастайтын болсаңыз, немесе көлігіңіз коммерциялық бағытта пайдаланылса, газға ауысу - ең ұтымды жол. Басқадай жағдайда газ жабдығын орнату бос шығынға ұрындырады.

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz