- Нұрболат Жеңісұлы, биыл өңіріміздің өнеркәсіп саласында ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер бар ма?

- Иә, аймағымызда өнеркәсіптің барлық дерлік салалары бойынша тұрақты өсім бар. Бұл ретте, Павлодар облысында Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп секторындағы өндіріс көлемі 5,9 пайызға өскен. Аталған кезеңде облыс кәсіпорындары жалпы сомасы 1280,3 млрд. теңгенің өнімін шығарды.

- Елімізді шикізатқа тәуелділіктен арылту үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі жиі айтылады. Осы жағына тоқталып өтсеңіз...

- Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі бойынша облысымыз көшбасшы өңірлердің үштігіне кірді. Бұл ретте, бірінші орын Қарағанды облысына тиесілі (1266,7 млрд. теңге). Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы (907,8 млрд. теңге). Ал Павлодар облысында өңдеу өнеркәсібі саласындағы табысымыз 818,4 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл - 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық көрсеткіш. Мұндай жетістікке мұнай өнімдері (19,9%), химия өнеркәсібі өнімдері (17%), тамақ өнімдері (9,6%), металлургия өнеркәсібі (3,1%), машина жасау
(1,2 есе) саласындағы оң нәтижелердің арқасында жетіп отырмыз.

Өңдеуші өнеркәсіптің ірі және орта кәсіпорындарында еңбек өнімділігі 2016 жылы жан басына шаққанда 39,8 мың АҚШ долларын құрады, 2015 жылға қарағанда нақты өсім – 34,8 пайыз.

2017 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша облыс өнімділік деңгейі бойынша Қарағанды облысы мен Астана қаласынан кейін үшінші сатыға тоқтады. Бұл ретте, аймағымыздың көрсеткіші 4,9 пайызға өсіп, небары үш айдың ішінде 14,2 мың АҚШ долларына жетті.

- Оң нәтижелерге қол жеткізу мақсатында облыстық әкімдік бірқатар ірі жүйе құраушы кәсіпорындарымен технологиялық жаңғыртудың ұзақ мерзімді жол картасын жүзеге асыру туралы келісімге келген болатын. Нәтижесі қандай?

- Нәтижесі көңіл көншітерліктей. Бүгінде өндіріске отынды есепке алу және көлік мониторингі, қоршаған ортаға эмиссияларды бақылау және есептеу, электр энергиясын есепке алу, өнімнің сапасын бақылау және т.б. бағдарламалық жүйелер енгізілуде.

Облыстың жетекші кәсіпорындары ағымдағы жылы өндірісті жаңғырту жұмыстарына шамамен 100 млрд. теңге қаржы жұмсады. Мысалы, Ақсу ферроқорытпа зауытында 2023 жылға дейін төрт пешті реновациялау бағытында жұмыстар жүргізілмек. Бұл жоғары көміртекті феррохром өндіру көлемін
33,5 пайызға, яғни жылына 100 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Format Mach Company» ЖШС, «Нефтехим LTD» ЖШС, Машина жасау зауыты, «KSP Stell» ЖШС жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыруда. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-мен жаңа электролиз зауытын салу жоспарлануда, бұл бастапқы алюминий өндірісінің көлемін жылына
250 мың тоннаға арттырады.

- Аймақтың экспорттық әлеуеті қандай деңгейде?

- Былтыр облыста өңделген өнім экспортының көлемі 788,5 млн. АҚШ долларын құрады. 2017 жылғы қаңтар-тамызда бұл көрсеткіш 668,8 млн. АҚШ долларына жетті. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,7 пайызға өскен. Бұл - қара (1,5%) және түсті металлургия (38,7%), мұнай-газ химия (6,7%), химия өнеркәсібі (39,4%), мұнай өңдеу (58,7%), тамақ өнімдері (66,3%), теміржол машина жасау (4,9 есе) салаларының жемісі.

Өңдеуші өнеркәсіп экспорты 2017 жылдың 8 айында 2015 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 99,1%-ды құрады. Бұл ретте, алюминий экспортының нақты көлемінде өсім бар. Атап айтсақ, 2015 жылы 198,0 мың тонна алюминий экспортталса,
2016 жылы 202,0 мың тоннасы шетелге шығарылды. Ал үстіміздегі жылдың
8 айында алюминий экспорты 148,6,0 мың тоннаға жетті. Бұл - өткен жылға қарағанда 10,7% жоғары көрсеткіш.

Өңдеуші өнеркәсіпте құбырлар, болат, полипропилен, катод мысы бойынша да экспорттық әлеуетіміз артуда. Жалпы, үстіміздегі жылы өңдеуші өнеркәсіптің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 128,7 пайыздық өсім көрсетуде.

Атап өтерлігі, 2015 - 2017 жылдары экспортқа шығарылатын өнімдер қатарына катод мысы, қыздырылған кокс, теміржол саласының өнімдері, полипропилен қаптары қосылды. Ал Бозшакөл кен байыту комбинатының іске қосылуымен мыс концентратының экспорты соңғы үш жылда 4 есеге артты.

Ағымдағы жылы облыста тамақ өнімдерінің экспорты 70 пайызға өсті. Бұл ретте, аймағымыз ет және еттен жасалған жартылай дайын өнімдерді, бидай, ұн, макарон өнімдерін, көкөністер және тағы басқа азық-түлік түрлерін экспорттайды.

- Облысымызда инвестициялық ахуалымызды жақсарту және инвесторларды тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өтсеңіз...

- Облыста инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл бағытқа қолдағы бар мүмкіндіктердің барлығы пайдаланылуда. Атап айтсақ, еліміздің Инвестиция- лар тарту агенттігі, даму институттары, «ҚазақИнвест» Ұлттық компаниясының өңірлік кеңсесі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмылдырылып отыр. Жұмыла жұмыс істегеннің арқасында оң нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгінге дейін жалпы саны 119 инвестициялық жоба қолға алынды. Соның ішінде, Индустрияландыру картасы мен Өңір кәсіпкерлігін қолдау картасы шеңберінде жалпы құны 1,1 трлн. теңге болатын 35 жоба жүзеге асырылмақ. Соның арқасында шамамен 8,4 мың жаңа жұмыс орны құрылады.

Ағымдағы жылы 4 жоба іске қосылды. Соның бірі - «Екібастұз ет өңдеу комбинаты» ЖШС. Онда 2 мың бас ірі қара мал бар. Сондай-ақ, серіктестік
540 гектар жерде суармалы егін шаруашылығын дамытуда. Бұдан бөлек, «Галицкое» ЖШС тазартылған күнбағыс майы мен ұн өндірісін қолға алды.
«Evooil Kazakhstan» ЖШС-де сұйық отын өндірісі іске қосылды.

Жыл соңына дейін тағы 4 жоба іске қосылады. Оның екеуін ерекше атап өтуге болады. Алдағы желтоқсан айында Мемлекет Басшысының қатысуымен Индустрияландыру күні шеңберінде екі ірі жоба ресми түрде іске қосылады. Олар - «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС жаңғырту, Павлодар арнайы экономикалық аймағында қоспалы алюминий өндірісі.

Индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жүргізілетін болады.

- Әңгімеңізге рақмет!

СұхбаттасқанД.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz