Оқиға Астана қаласындағы «Шабыт» өнер академиясында оқитын 4 студенттің бір күніне құрылған. Үлкен топтағы студенттердің айтқанына көніп, «айдағанына жүгіре беретін» 1-курстың студенті Тұрсынбек ағаларынан бір сәтке «кек қайтармақ» болады.

4-курстың студенттері Ермек пен Рүстем киноға түсу үшін 6 айға басқа қалаға жол жүрмек. Бірақ, сапарларының алдында өздері ұнататын қыздарына көңілдерін білдіріп, ғашықтық сезімдерін жеткізуді ойлайды. Ол үшін жігіттер аздап қулыққа барып, балгер Ақмақта апаның көмегіне жүгінуді жөн көрген. Сөйтіп, аз-кем ақшаларына пәтер жалдайды. Өкінішке қарай, пәтер жалдап, күні бойы әбігерге түскен жастардың көріпкелі келіскен уақытта келе алмайтынын хабарлайды. Қойылымның ширыға түсетін жері де осы. Себебі, бәрін ұйымдастырып, махаббат дертіне шалдыққан достарын ғашықтарына табыстырсам деп зыр жүгірген Дәурен өзі тығырыққа тіреледі. Ақмақта апаның келмейтінін естіген жігіттер Дәуренді үгіттеп, оны көріпкелдің рөлін ойнауға мәжбүрлейді. Достарының көңілін қимаған ол бұл ұсыныспен ақыр соңында келіседі.

Осы сәтте үлкендерден әбден ығыры шыққан Тұрсынбек деканына «студенттеріңіз жасырын ұйым құрып жатыр» деп жалған ақпарат берсе, Дәуреннің сүйіктісі Қымбатқа көріпкелдің келетінін айтып, оны қабылдауға шақырады.

Достықты бәрінен биік қойған Дәурен Ақмақта апаның образына еніп, алдына келген қыздарға бал ашады. Ғашықтарды қосып, енді ғана бойын кеңге салған сәтте пәтерге деканы, артынан өзі сүйген қызы келеді. Тапқыр жігіт бұл тығырықтан да жол тауып, тіпті, көптен ренжісіп жүрген қызымен де табысады.

Ал пәтерге кештетіп жеткен Ақмақта апа өзінің атын жамылып, балгерлік жасап отырған өзінен аумайтын бақсыны көргенде ашуға мінеді. Бір қызығы, декан Ғани Жеңісұлы үшін Ақмақта апа қолы жетпей, талай жылдан бері жүрегінде сақтап жүрген махаббаты болып шығады. Сөйтіп, көптен бері жолдары түйіспей жүрген олар да табысады. Кейіннен, Ақмақта апа қызықты хикаяны Дәурен достары үшін жасағанын біліп, оны кешіреді.

Қойылымның қысқаша мазмұны осылай. Ал көрермен оны қалай қабылдады?

- Көшедегі жарнамасын көргеннен кейін, асыға күткенім рас. Келгеніме қуанып тұрмын. Себебі, қойылымнан үлкен ләззат алдым. Тұрсынбектің рөлін сомдаған Рахат Халықты бұған дейін драмаларда көріп үйреніп қалғанбыз. Комедияда да образы оң жамбасынан келді деп айта аламын. Сонымен қатар, спектакль барысында таңдап алған әндері де тақырыпқа сай болды, - дейді ПМПИ-дің студенті Есілгүл Болатхан.

Иә, комедия барысында әртістер өздерінің жай-күйін ән арқылы жеткізуге тырысты. Мұнда режиссер қазақ эстрадасының жас әншілері Айқын Төлепберген, Айдарбек Рысбек, «Ninety One» (91) тобының репертуарындағы әндерді таңдап алған.

Бұл ретте, спектакльдің режиссері Әділет Ақанов көрермендерге үнемі драмалық қойлымдарды ұсына беру ауыр тиетінін атай отырып, бұл қойылым театрға келгендерді бір сәт күлдіріп, жанына рахат сыйлауға негізделгенін айтты.

Ал комедияны сахналауда театрдың тәжірибелі әртістері Нұржан Сарқамбаев, Бек Тоқатов, Ақық Таспаевалармен бірге жас актерлер де барын салды. Бұған дейін «Әбілмансұр. Сабалақ. Абылай» тарихи драмасы мен «Қызыл алма» комедиясында ерекше образымен көзге түскен Нұрсерік Кеңесбаев пен «Тіл табысқандар» комедиясында көрермен көзайымына айналған Ақсұлтан Әнуарбектің шеберлігін атап өткен жөн. Образдан образға еніп, сонымен қатар, әйел адамның бейнесін бастан-аяқ сомдап шығу үлкен шеберлікті талап етері анық.

- Қойылым барысында бір образдан екіншісіне ауысудың, әрине, өзіндік қиын-дықтары бар. Әрі ол - әйелдің рөлі. Қиын-дықтар болады. Бірақ, бізге жүктелген міндет осы, оны орындауымыз, келген көрерменді сендіруіміз шарт, - дейді жас актер Нұрсерік Кеңесбаев.

Жыл басынан бері екінші жаңа қойылымды ұсынып үлгерген театр ұжымынан алда тағы осындай дүниелер күтеміз!

Назерке СЕМЕЙ, көрермен:

- Қойылым ерекше тәтті сезім сыйлады. Көңіліме көктем келді десем, артық айтпаспын. Басты рөлді сомдаған Ақсұлтан Әнуарбектің ойнау шеберлігі мен сахнадағы қимыл-қозғалысына тәнті болдым. Рөлді ойнау бар да, ол бейнеге ену бар. Бір қойылымда екі түрлі образға ену оңай шаруа емес. Бұл ретте, Ақсұлтанның ойыны бізді сендірді. Қойылым көруге жеңіл, рахаттанып демалуға құрылғаны көрініп тұр. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz