Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастық форумы жыл сайын екі елдің аумағында кезекпен өткізіліп келеді. 2012 жылы дәл осындай ауқымды жиын Павлодар қаласында ұйымдастырылған болатын. Биылғы форум Ресейдің Челябі қаласында «Адам капиталын дамыту» тақырыбымен өтті. Екі күнге ұласқан айтулы шараға Қазақстан тарапынан ауқымды делегация қатысып, аймақаралық мәселелерді кеңінен талқылады.

Екі ел басшылары форумның қорытынды жиынына қатысып сөз сөйледі.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде бұл шара екіжақты қарым-қатынастардың маңызды бөлігіне айналғанын және Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың көпірі болып табылатынын атады. Қос мемлекеттің басшылары сондай-ақ адами капиталды дамыту тақырыбына арналған көрмені аралады. Онда президенттерге екі елдегі білім беру жүйелерінің экспозициялары көрсетілді.

Айтып өтелік, бұл шараға Павлодар облысынан да арнайы делегация барды. Жиын аясында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Башқұртстан президенті Рустэм Хамитов ынтымақ-тастық туралы меморандумға қол қойды.
Екі өңір арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық жасасу туралы келісім жасалды.

– Біздің өңірлердің ұқсас тұстары көп, – деді Болат Бақауов. – Мәселен, ауқымды көлемде мұнай өндірілетін Башқұртстанда мұнай-химия кластері бар. Сондықтан республика өкілдерін тәжірибелерімен бөлісу үшін өзімізге шақырып отырмыз. Көптеген павлодарлық студенттер Башқұртстанда мұнай-химия мамандығы бойынша білім алуда. Ал олардың оқытушылары Павлодарда дәріс оқиды.

Башқұртстан президенті өңірлер арасында ынтымақтастық тудыратын ортақ дүние көп екені туралы атап өтті. Сондай-ақ өзара делегация жіберу жөнінде уағдаласты.

Ал форумның панельді сессияларының бірінде павлодарлық білім беру жүйесінің өкілдері сөз сөйледі. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Гаухар Ахметова жоғары оқу орнында кәсіпкерлікке үйретуді енгізу мәселесін көтерді.

– Біз екі мыңға жуық тәлімгерімізді кәсіпкерлік курсынан оқытып шығардық. Олардың 5-7 пайызы бизнеспен айналысуға ниетті, – деп атап өтті ол. – Қазіргі кезде 7 инвестициялық раунд өткізіліп, олардың барысында студенттер жалпы сомасы 21 миллион рубль болатын 48 жоба сатты. 58 жұмыс орны құрылды және 2 миллион рубльге жуық салық төленді. Біз ресейлік жоғары оқу орындары мен бизнес-қауымдастықтарына қызметтер, ауыл шаруашылығы, техникалық кәсіпкерлік сынды түрлі бағыттар бойынша халықаралық старт-ап жобаларды құру ісіне қатысуды ұсынамыз.

Павлодарлықтар сондай-ақ Қазақстанның туристік саласының таныстырылымына қатысты. Онда «Ұлы Жібек жолымен», «Каспий қақпасы», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдениет аумағы», «Алтай маржандары», «Астана – Еуразия жүрегі», «Көшпелі мәдениет пен табиғат үйлесімі» атты жобалар таныс-тырылды. Шарада өңіріміздің туристік әлеуеттері жайлы ақпараттар берілді. Көрмеге келушілердің көбі Баянауылда салынып жатқан тау шаңғысы базасы құрылыс жобасынан хабардар екен. Алдағы уақытта ресейлік туристер көрікті өлкеге қыста да келіп, шаңғы теуіп, серуендеуге әзір.

Жалпы, форумға барлық облыстардың әкімдері, сондай-ақ министрлер қатысып, аймақаралық бірқатар келісімдерге келді. Ал екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Жалпы, өңіраралық ынтымақтастық форумы нәтижесінде үкіметаралық 8 келісім, өңірлер арасында 30 шақты құжат жасалған.

Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz