«Асық party» жобасын іске асырайық деген бастаманы әу баста Facebook (Фейсбук) парақшасында «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов көтерген болатын. Содан кейін әлеуметтік желі қолданушылары да іліп әкетіп, балаларының үйде асық ойнап отырған суреттерін жариялай бастады. Бұған журналистер ғана емес, өңірдегі мемлекеттік, өнер, білім және мәдениет саласының өкілдері де қызығушылық танытып, өз үлестерін қосты.

- Ең бірінші үйде асық ойнап отырған анам мен баламның суретін әлеуметтік желіге салып, «отбасылық турнирді» одан әрі жалғастырып әкетуді Фейсбуктегі достарыма ұсындым. Олар да өздері түсірген суреттерімен бөлісіп, эстафетаны бір-біріне жалғап, белсенділік танытты. Мақсатымыз – жұрт ең көп қолданатын Фейсбук әлеуметтік желісінің әлеуетін пайдалана отырып, асық ойынын насихаттау, ұлттық ойынға жұрт назарын аудару. Әсіресе, қалалық ортада асфальтта өскен балаға ұлттық құндылығымызды көрсету. Ендігі мақсатымыз – асық ойнау акциясын облысымызға қарасты қалалар мен аудандарға және шалғай ауылдарға жеткізу, оқушылар арасында асық турнирлерін ұйымдастыру. Осыдан кейін республикалық БАҚ-та жүрген әріптестерімізге ұсыну ойымызда бар, - дейді Жұмабек Оркенұлы.

«Асық party» интернет жобасына қатысушылардың бірі – облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы – Ардақ Райымбеков.

- Мұны Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іс-әрекетпен жүзеге асырудың нақты көрінісі деп білдім. Өйткені мұндай ұлттық ойын түрлері әсіресе жасөспірімдердің рухани дамуына жақсы әсер ететіні анық. Сондықтан асық ойынын дәріптеу мақсатында ұсыныстар түсіп жатса, басқарма тарапынан қолдан келгенше көмектесуге дайынбыз. Менің ойымша, алдағы уақытта мектептер мен балабақшаларда асық ойынын үйрететін үйірмелердің санын көбейтіп, тоғызқұмалақтың деңгейіне жеткізу керек. Сонымен қатар, ұлттық ойынымыз әрбір отбасында көрініс тапса, құп болар еді. Яғни, балаларға асық жинап беретін болсақ, онымен ойнамай қайда барады? Бұл енді ата-аналарға байланысты, - дейді Ардақ Тәтімбекұлы.

Асық ойнаған бүлдіршіндердің бейнежазбалары мен суреттерін Фейсбук парақшасынан көрген №35 балабақша ұжымы бірінші болып іске көшті. Аталған балабақша тәрбиешілері өткен жұма күні балалар арасында асық атудан жарыс ұйымдастырып, оған өңірдегі ұлттық спорт жанашырлары да қатысып қайтты. «Асық party» акциясы аясында өткен алғашқы шараға аталған мекемеден 30-дай бала қатысты. Бір қуантарлығы олардың арасында қазақ балаларымен қатар, өзге ұлттың өкілдері де бар. Балабақша директоры Гүлжауар Әубәкірованың сөзінше, мұнда асық тек ойын үшін ғана емес, екі жылдан бері көмекші құрал ретінде пайдаланылып келеді.

- Павлодарда «Асық party» акциясы басталғанын интернеттен, яғни Фейсбук парақшасынан көріп, ұлттық спорт түрін дамытуға іс жүзінде үлес қосайық деп шештік. Себебі ұлттық ойынның қай түрі болса да - салт-дәстүріміз бен болмы-сымыздың ажырамас бөлігі. Бұрынғы кезде қазақ балаларының ең қызықты ойыншығы осы асық болғаны анық. Бабаларымыз да мұның денсаулыққа пайдасы барын дәлелдеген. Біздің мекемеде асық ойнау үшін ғана емес, күнделікті сабақ үстінде көмекші құрал ретінде де қолданылады. Атап айтқанда, балалар ақ және қара түспен боялған асықпен дойбы ойнайды және сандарды алып-қосуды үйренеді, - дейді балабақша директоры Гүлжауар Әубәкірова.

№35 балабақша ұжымы бір ойынмен ғана шектеліп қалмау үшін, эстафетаны жалғастыруды №28 балабақша ұжымына берді. Бүгінде «Асық party» акциясын қолдауға ниет білдіріп, асық ойнаудан сайыс өткізейік деп құлшынып тұрған тағы бірнеше мекеме бар. Соған қарағанда осы жылдың соңына дейін «Асық party» акциясы Павлодардың бірқатар балабақшасын «аралауы» мүмкін.

Павлодар облысында асық ойынын кәсіби түрде үйретіп жүрген мұғалімдер де баршылық. Солардың бірі – Ақсу қаласына қарасты М.Омаров ауылындағы Жамбыл орта мектебі технология пәнінің мұғалімі Жиенхан Қаманайұлы. «Асық party» акциясына қолдау ретінде Ақсу қаласы мектептерінің арасында қалалық турнир ұйымдастыруды жоспарлап қойыпты.

- Орта мектептерде асық үйірмесін 2012 жылы ашқанмын. Содан бері алдыма келген оқушының ұлттық ойынға деген қызығушылығын оятып, асықтың ерекшелігін, пайдасын санасына сіңіріп келемін. Асықтың бір түрін ғана емес, бірнеше түрін үйретуге тырысудамын, - дейді.

Жиенхан мұғалімнің сөзінше, асық ойынының біз білмейтін түрі көп. Өкінішке қарай қазір көп жерде осы ойынның бір ғана, яғни шеңберге асықты тізіп ойнау ғана ойнатылады. Бірақ бұл аздық етеді. Сондықтан, болашақта ұйымдастырылатын жарыстарға асық спортының бұған дейін көп қолға алынбаған басқа түрлерін енгізбекші.

- Негізі асық ойынының 80-ге тарта түрі бар екен. Бұл еліміздің әр аймағында әртүрлі тәсілмен ойнатылады. Ал біздің үйірмеге келушілерді асық ойынының ату, қағу, құмар, ат жарысы, ханталапай, бес асық және балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытатын ұту деген түрлерін үйретеміз. Бұл балаларды ептілікке, қырағылыққа, жылдамдыққа баулиды. Бұған қоса аяқ-қолдың қимылын ширатып, шымыр болып өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, ойлау жүйесінің жетілуіне де оң әсерін береді. Өйткені, асықты ойнаған кезде адамның екі қолы ғана емес, екі иығынан бастап, екі аяғына дейінгі барлық бұлшық еттері қимылға енеді. Асық ойыны түрлерінің бірыңғай стандартын бекітіп, ережесін жасау керек. Содан кейін, облысымызда қандай жарыс, қандай турнир болса да, осы ережемен өткізілсе,
- дейді Жиенхан мұғалім.

Түйін:

Асық – балалардың ой-санасын табиғи жолмен дамытудың ең тиімді жолы. Мұны дамытуды мектептер мен балабақшаларға ғана жүктеп қоймай, әр ата-ана өз отбасында қолға алса, «асығымыз алшысынан түсері» анық. «Асық party» интернет жобасының көздегені де – осы.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz