2003 жылы «Пахарь» шаруа қожалығын құрған Руслан Аушевтің мақсат-мұраты айқын. Оның айтуынша, репродуктор ретінде 4200 бас абердин-ангус тұқымдас ірі қара өсірілмек. Сондай-ақ, 9200 гектар суармалы алқап және сыйымдылығы
12 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы іске қосылған. Қожалық иесі 140 адамды жұмыспен қамтып отыр.

- Басты бағытымыз – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Осы ретте, Австралиядан 1200 бас абердин-ангус тұқымдас ірі қара сатып алынды. Бұл сиырлар аз уақыт ішінде салмақ жинайды. Біздің өңірге тез бейімделгенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсат етілуде. Тиісті жұмыстар қызу жүргізілуде, - дейді серіктестіктің бас директоры Руслан Аушев.

Мұнда жұмыскерлер үшін тұрғын үйлер бой көтерген. Нобайы қаладағы үйлерден кем емес. Су құбыры, электр жүйесі, спутниктік телевизия, интернет желісі тартылыпты. Балаларға арнайы шағын балабақша ашылған. Сондай-ақ, бос уақытты тиімді өткізу мақсатында спорт залы, бассейн жұмыс істейді. Ең бастысы, жұмыскерлер үйлерде тегін тұрады.

Атап өтерлігі, серіктестік сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 1200 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын аяқтады. Келесі жылы Австралия және Германиядан ірі қара сатып алу жоспарлануда.

saryarka-samaly.kz