Ернұр Нұрмұханұлының хабарлауынша, биыл ауданда 10712 гектар аумаққа егін егілген. Атап айтқанда, 775 гектарға астық, 1361 гектарға картоп, 2722 гектарға бақша және 385 гектарға көкөніс дақылдары отырғызылды. Нәтижесінде 38,2 мың тонна картоп, 76, 2 мың тонна бақша және 9,5 тонна көкөніс өнімдері жиналды. Мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсу байқалады. Былтырғы жылмен салыстырғанда ауданда ірі қара мал басы 2,6 пайызға артқан.

- Аудан көлемінде өнімді қайта өңдеумен айналысатын 14 нысан бар. Соның бірі – Қазы ауылындағы «Алтай» шаруа қожалығы. Биыл «Freshmilk» ЖШС-мен бірлесе отырып, құрғақ қымыз шығаруды қолға алды. Қазіргі таңда тәулігіне 20 келі ұнтақ өнім өндіреді. Биыл күзде бұл шаруашылық өндірген құрғақ қымыз Қытайдың Гонконг қаласында болған байқауда экологиялық таза өнім санатында бірінші орынға ие болды, - дейді Ернұр Нұрмұханұлы.

Ағымдағы жылы Лебяжі ауданына еліміздің оңтүстігінен төрт отбасы көшіп келіп, Қазы, Баймолдин, Жамбыл және Шарбақты ауылдарына қоныстанды. Олар жұмыспен қамтылып, балалары мектепке орналастырылды. Араларында дәрігер, ветеринар, мұғалім және жүргізушілер бар. Үй мәселесі де шешімін тапты. Мемлекет белгілеген мөлшерде жәрдемақы алып отыр.

- Қазіргі таңда біздің ауданға қарайтын төрт ауылдың әкімі Алматы облысын аралап жүр. Олар сол өңірлердің тұрғындарымен кездесіп, біздің жаққа қоныс аудару мәселесін түсіндіріп, үгіт-насихат жиындарын өткізуде. Келесі жылы біз
50 отбасын көшіріп алуымыз керек. Майқарағай ауылында бос тұрған тұрғын үйлерді осы мақсатқа пайдалануға тиіспіз. Ескі ғимараттар да бар. Соны қайта жөндеуден өткізіп, жеке кәсіп ашуға береміз. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жерлерін беріп, мал шаруашылығымен айналысуына да бар жағдайды жасаймыз. Ең бастысы – еңбек етуге деген ниет болса болғаны, - дейді Е.Әйткенов.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz