Бір қызығы, білім ордасындағы қалған 1 мың орын орыс сыныптарына беріліпті. Алайда оның жүктемесі небары 700 оқушыны құрап отыр. Демек, 300 оқушының орны бос. Сөйте тұра, қазақ сыныбында білім алатын балалар екі ауысымда оқуға мәжбүр.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, жетпіс жыл бойы жоғалтқанымызды түгендей бастаған тұста Екібастұздағы дарынды педагогтардың бірі Ләйла Сырымбетова ерлікке пара-пар іске тәуекел етіп, қазақ қыздарын жаңаша тәрбиелеудің тұжырымдамасын жасады. Нәтижесінде Қазақстанда мемлекеттік тілде білім беретін қазақ қыздар гимназиясының тұсауы кесілді. Аталмыш білім ордасы
24 жылдың ішінде білім саласында талай белесті бағындырды.

Бұл гимназия 2010 жылдан бері ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіші бойынша қала деңгейіндегі үздік мектептер қатарында. Бірегей білім ошағының басшысы Саламат Избастинаның айтуынша, өткен жылы 26 оқушы алтын ұядан түлеп ұшқан. Оның 19-ы мемлекеттік грантқа ие болса, 3-уі ақылы түрде білім алуда.

Атап өтерлігі, жыл сайын «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері ҰБТ-да білімдерін дәлелдеп жүр. Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы Айдана Өтегенова,
2015 жылы Айдана Бахтиярова, 2017 жылы Әсел Жүсіпбаеа «Алтын белгіні»
2016 жылы Жәния Ақтамбердинова, Дилара Тұяқбаева, 2017 жылы Жәмила Жекенбаева, Алина Серікова «Үздік аттес-татты» қорғап шықты. Мәселен,
2014-2015 жылдары ҰБТ қорытындысы бойынша 93,8 ұпай, 2015-2016 жылдары 106,5 ұпайға, 2016-2017 жылдары 103,2 ұпайға ие болдық. Биыл 4 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

Гимназияның жұмысы «Қыздар әліппесі» авторлық бағдарламасы мен «Қыздар әліппесі» хрестоматиясына негізделген. «Білім беруден бөлек, осы бағдарлама қыздардың келешекте отбасы ұйытқысы болуына әсер етті ме? Сіздер статистикалық зерттеулер жүргізіп көрдіңіздер ме?» деген сауалымызға Саламат Дәуітқызы: «Қазақ қыздар гимназиясының басты идеясы - «Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле». Мектепте оқу-тәрбие жұмысының тұжырымдамасы, мектеп түлегі мен қазақ қыздар гимназиясы мұғалімінің моделі жасалды. Олар жыл сайын ата-аналар қоғамы мен әлеуметтік сұранысқа сай толықтырылып, түзетіліп отырады. Бұл бағдарламаның мақсаты – ұлттық рухани байлықты жалпы адамзаттық мәдениетпен ұштастыра байланыстыру арқылы қазақ қыздарын тәрбиелеу және оқыту. Бағдарлама аясында барлық оқу пәндері қамтылып, сыныптан тыс жұмыстар енгізілген. Гимназияның 20 жылдығы қарсаңында осы аралықта білім алған 2000-нан астам түлектің олардың қазіргі жағдайымен сынып жетекшілері арқылы таныстық. Зерттеудің нәтижесінде гимназияда тәрбиеленген қыздардың 90 пайызы өз отбасыларының ұйытқысы болып отырғанына көз жеткіздік. Яғни, бірен-сараны болмаса, жалғызбасты, ажырасқан аналар жоқ», - деп жауап берді.

Өкінішке орай, бүгінде Екібастұз қазақ қыздар гимназиясына ғимарат таршылық етіп, өрісін тұмшалауда.

- 2008 жылы бізге ғимараттың 200 балаға лайықталған екінші қанаты бөлінді. Біз 183 баламен көшіп келдік. 20 жылда бала саны екі есе өсті. Бүгінде 403 бала білім алуда. Соның салдарынан екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүрміз. Ата-аналар тарапынан наразылық білдірушілер көп. Осы мәселе шешімін тапса екен дейміз,
- дейді Саламат Избастина.

Ойды ой қозғайды демекші, демографиялық өсімге байланысты бүгінде қазақ мектептеріне деген сұраныстың өсіп келе жатқандығын уақыт көрсетіп отыр. Кейбір қазақ мектептері екі ауысымда жұмыс істеп келеді. Екінші ауысымда оқу немесе түстен кейін қызмет ету мұғалімге де, оқушыға да қолайсыздық тудырады. Осындайда балалары екінші ауысымда оқитын ата-аналардың өкпе-ренішіне түсіністікпен қарағың келеді. Қазақ мектептерінде бала санының көптігі аздай кейбір мемлекеттік мекемелерді білім ордасының ошағына көшіру қандай қажеттіліктен туды екен деп ойлайсың. Мәселен, Екібастұз қалалық
№18 мектептің бір қанатында қалалық архив, №2 мектепте педагогикалық-психологиялық медициналық орталық, №36 лицей-мектебінде қазақ-түрік лицейі орналасқан. Ал №25 қыздар гимназиясының күйі жоғарыдағыдай. Бұл гимназия ұжымы мен оқушылар өгей баланың күйін кешіп, асхананы, спортзалды, медициналық пунктті №24 мектеппен бірге пайдаланып отыр. Оның өзінде басымдық ғимарат иесі - №24 мектепке беріледі. Білім ордасы тек қана балаларға ғана қызмет істеуі тиіс десек, мұндай олқылыққа тосқауыл қоятын кез жетті емес пе?

Дария ЕРҒАЗИНА,
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz