Бұған кім кінәлі? Үміткерлерді іріктейтін конкурстық комиссия мүшелері ме, құжаттарды қабылдау мен сақтауда салғырттық танытқан кадр бөлімі қызметкерлері ме немесе өтініш берушінің өзі ме? Әдеп бойынша кеңес мүшелері осы сұрақтарға нақты жауап таба алмай, біраз сандалды.

Мәселенің түп-төркінін түсіндіріп өтелік. Осы жылдың мамыр айында облыстық әкімдіктің әкімшілік-қаржылық бөлімінің бас маманы лауазымына қызметкер алу бойынша жалпы конкурс өтіп, оған Сәния Татыбаева қабылданады. Қыркүйек айында ҚР Президенті Әкімшілігі жүргізген тексеріс нәтижесінде бұл маманды жұмысқа қабылдауда шикіліктің болғаны анықталған. Дәлірек айтқанда, Сәния Татыбаева қызметке қабылданар тұста тапсырған құжаттар тізімінде дипломның қосымшасын көрсетпеген. Мұны конкурстық комиссия мүшелері байқап, кері қайтаруы тиіс еді. Бірақ керісінше ол әңгімелесуден өтіп, жоғарыда аталған лауазымға лайық деп ұсынылды. Сөйтіп, тексеруші тарап комиссия мүшелерінің әрекеті бұрыс болғанын алға тартып, оларға тәртіптік шара қолдану қажет деген ұйғарымға келді. Ал ол қандай шара болмақ? Ескерту жасау ма, әлде жұмыстан босату ма? Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері осы мәселені саралады.

Конкурстық комиссия мүшелері бірауыздан «еш кінәміз жоқ» дейді. Айтуларынша, үміткердің құжаттарын қарау кезінде дипломның қосымшасы болған. Бірақ мұны дәлелдейтін бейнежазба жоқ. Сондықтан әдеп кеңесінің кей мүшелері бұған күмәнмен қарады.

- Талапқа сәйкес, үміткерлер барлық қажет құжатты тапсыруы тиіс. Сол кезде ғана оның кандидатурасы конкурстық комиссия отырысында қаралады. Егер диплом қосымшасы болса, ол неге әлі күнге дейін біздің назарымызға ұсынылмады? Неге ҚР Президенті Әкімшілігіне жауапхат жазылмады? Меніңше, бұл ретте конкурстық комиссия өз ісіне салғырт қараған, - деді әдеп бойынша кеңес төрайымы,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Қабиева.

Кеңес мүшесі, облыстық мәслихат хатшысы Владимир Берковскийдің пайымынша, қосымшаның болу-болмауы ештеңені өзгертпейді.

- Бұл ретте қосымшаның еш мәні жоқ. Бастысы, жоғары білімді маманның қолындағы диплом жалған емес. Сондықтан комиссия мүшелерінің кінәсі жоқ деп ойлаймын, - деді.

Сөйтіп, әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің пікірі екіге жарылды. Ал Сәния Татыбаеваның өзі өтінішке қосымшаның барын көрсету маңызды емес деп ойлаған екен.

- Диплом мен қосымша – егіз. Бірі болмаса, екіншісі жарамсыз. Сондықтан өтініш беру кезінде «қосымшасы бар» деп жазуды жөн көрмедім. Диплом мен қосымшаны қатар тапсырған соң «мұның не қажеттілігі бар?» деп ойладым.
Ал тексеріс кезінде құжаттың түпнұсқасының болмау себебі маған да беймәлім,
- деп түсіндірді ол.

Кейін белгілі болғандай, талқыға салынған қосымша қызметкердің жеке ісінен табылған. Тіпті, кеңес барысында бұл құжатты арнайы алдыртып, мүшелердің қарауына ұсынды.

Ұзақ талқылау мен жан-жақты саралаудан соң көпшілік дауыспен комиссия мүшелеріне ескерту беру жөнінде шешім қабылданды. Әйтпегенде, бір дипломның қосымшасы үшін бірнеше адамның жұмыстан босатылуы әбден мүмкін еді. Бұл жайт оларға да, өзгелерге де сабақ болар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz