Жаңа қызмет - жаңа ғимаратта

Құқық қорғаушыларға жаңа ғимарат былтыр, жергілікті полиция қызметі құрылған кезде берілген болатын. Биыл ол күрделі жөндеуден өткізілді. Аталған мақсатқа жалпы сомасы 24 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Мұнда құқық қорғаушылардың толыққанды жұмысы үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылыпты. Ақтоғай аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы Санат Сейпадамовтың айтуынша, жергілікті полиция қызметінде 16 адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында жеке жұмыс орындары бар. Жеке компьютер құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, екі қабатты жаңа ғимаратта мәжіліс өткізетін үлкен зал жабдықталыпты. Полиция майоры С.Сейпадамовтың сөзіне сүйенсек, ауданда көбіне мал ұрлығы мен ұсақ ұрлықтар орын алады. Енді мұндай заң бұзушылықтарға мейлінше жол бермеуге тырысамыз дейді ол.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, бұдан былай жергілікті полиция қызметіне артылған жауапкершілік еселене түседі.

- Облыс бойынша бірінші болып Ақтоғай ауданының жергілікті полиция қызметі жеке ғимаратқа ие болып отыр. Бұл - баршамыз үшін қуанышты жағдай. Полиция қызметкерлерінің жұмысы қашанда қауіпті, жауапты болып саналады. Сондықтан сіздерге алдымен облыс басшылығының атынан ел қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Екіншіден, бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Мына ғимаратта алаңсыз жұмыс істеулеріңіз үшін барлық жағдай жасалған. Демек, бұдан былай сіздерге артылар жауапкершілік те жоғарылай түседі, - деді Д.Тұрғанов.

Атап өтерлігі, бұл күні демеушілердің көмегімен жергілікті полиция қызметіне «Лада Гранта» маркалы қос жаңа автокөліктің кілті сыйға тапсырылды. Жалпы, құқық қорғаушыларды, оның ішінде ауылдардағы учаскелік полиция инспекторларын қызметтік көлікпен қамту бойынша аудан облыста үздіктер қатарында. Сондай-ақ, биыл Ақтоғай ауылының көшелерінде қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 8 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Уәде орындалуда

Биыл Ақтоғай ауданының медицина саласы үшін табысты жыл болды. Өңірге «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы аясында 5 дәрігер жұмысқа келген. Олардың барлығы баспанамен қамтылыпты. Соның ішінде Аяулым Мұсақанова отбасымен бірге аудан орталығында тұсауы кесілген жаңа тұрғын үйге ие болды. Екі пәтерлі тұрғын үйдің бір пәтері Мұсақановтар отбасына бұйырса, екіншісі ұстаз Жанар Сейілханованың еншісіне тиді.

Аяулым Шығыс Қазақстан облысында туып-өскен. Семей мемлекеттік медициналық университетінде білім алыпты.

- «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасына құжаттарымды тапсырған болатынмын. Маған Ақтоғай ауданында жұмыс ұсынылды. Баспанамен қамтамасыз етеміз деп уәде етті. Жолдасыммен және екі жасар кішкентай баламызбен осында қоныс аудардық. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма үш ай болды. Бүгінде жолдасымның да екі қолына бір күрек табылды. Осынау қысқа уақыттың ішінде төрт бөлмелі, жаңа пәтерге ие болдық. Қуанышымызда шек жоқ. Осы күнге жеткізген Аллаға шүкіршілік етемін. Облыс, аудан басшылығына айтар алғысым шексіз,
- дейді А.Мұсақанова.

Жас мамандарға жаңа үйдің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Тұрғанов табыс етті. Тұрғын үйдің жалпы көлемі 168 шаршы метрді құрайды. Баспана құрылысына жалпы сомасы 16 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлбақыт Иманғалиеваның айтуынша, ауданда былтыр 3 дәрігер және 5 орта буын медицина қызметкері жұмысқа келсе, биыл 5 дәрігер мен 2 орта буын медицина қызметкерімен қатары толыққан.

Ақтоғай ауданының әкімі Ағыбай Әміриннің сөзіне сүйенсек, жас мамандарға деген қолдау шаралары мұнымен шек-телмейді. Жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен өңірге жұмысқа келген мамандарға бір реттік көтерме үстемеақы берілмек.

Данияр ЖҰМАДІЛ,
Ақтоғай ауданы.

saryarka-samaly.kz