Зура Мейрамқызы студенттерге сурет өнерінен сабақ бере жүріп, шығармашылықпен де айналысады, түрлі көрмелерге қатысып, пленэрлерде өнерін ұштайды.

- Жылдың қай кездегі болмасын табиғат келбеті көркем ғой. Өйткені ол - табиғат, жаратылыс. Сондықтан мен өнерімді табиғатқа арнағым келеді, - дейді ол. - Шығармашылықтағы негізгі жанрым да - пейзаж.

Зура - өнегелі отбасынан шыққан суретші. Әкесі Мейрам Асылғазин «Сарыарқа самалы» газетінде еңбек етіп, кейін жазушылыққа бет бұрды. Әрине, Мейрам аға мен анасы Қалима отбасында талантты қызының талабын ұштағаны анық.

- Менің сурет салуға бейім екенімді байқаған әкем еді, - дейді Зура. «Мен кітап жазамын, сен менің кітаптарыма сурет саласың» деуші еді. Түнде өзі жазуға отырғанда, мен қасына келіп сурет салатынмын. Дәптерлерге салған суреттерімді жинап жүретін. Бірақ ол менің суретші болып қалыптасқанымды көре алмай кетті.

Зура Асылғазинаның туындыларында тек табиғат келбеті - пейзаж ғана емес, сонымен қатар, тақырыптық суреттер де баршылық. Солардың бірі - көрермендерден жоғары бағасын алған триптих «Түркі әлемінің мифологиясы».

Суретші, жоғарыда айтып өткеніміздей, көптеген байқау, көрмелерге қатысып, көпшілікке танымал болды. Солардың арасында 2010, 2012 жылдарда халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысты. «Тәуелсіздік өнері» атты Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған республикалық байқауда аймақтық грантты жеңіп алды.

2015 жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және
ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған байқауға қатысуы - атап өтуге тұрарлық шаралар. Сондай-ақ, суретші әйелдер, жас суретшілер арасында дәстүрге айналған «Шабыт», «Нәзік саусақ құдіреті», «Туған өлке табиғаты» атты халықаралық, республикалық пленэрлер мен түрлі байқауларға да қатысып, өнерімен танылып келеді.

- Мен үшін сурет - ән - музыка, әдебиет, тарих, болмыс, жаратылыс! Олар жиылып келіп кенепке майлы бояумен өрнектелгенде қиялым, рас, қиянды кезеді. Бұл - өнер бақыты, қуанышы, - дейді суретші. Шығармашылықтан қуаныш таба білу де - бақыт! Өнер әлеміндегі алар асу көп болсын!

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz