Екібастұзға барған бір сапарда Бекен атамен кездесіп, ұлылардың атамекені Шыңғыстау, Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов жайлы біраз сауалдарды қойған едік.

- Жасым 88-ден 89-ға аяқ басты. Көпті көрдім, оқыдым, зерттедім. Абаймен дастарқандас, аралас-құралас болған адамдарды былай қойғанда, онымен айтысып, араздасқан адамдардың көзін көріп, әңгімелескен адаммын, - деп бастады әңгімесін Бекен ата. – Өздеріңе белгілі, 1929 жылдан бастап ел арасына әлек кірді, конфискация жүрді. Оған дейін Шыңғыстауда 33 мыңнан астам адам болған екен. Төрт түліктен 441 мың қой, 33 мың жылқы, 7 мың қара мал, түйе болған. Осы конфискациядан кейін қазақтар мен украиндар қатты қырылды. Өйткені осы екі елде революцияның рухымен рухтанған кемел интеллигенция көп болды. Ленин осы екі елдің аштыққа ұрынғанын біліп отырды. Негізі, Ленинмен Әлихан Бөкейханов Қазанда бірге оқыған ғой. Әлиханның әкесі Нұрмұхамбет – Абылайдың төртінші ұрпағы. Шешесі Тобықты, Байсара - Дулат батырдың қызы. Әйгерімнің апалары болып келеді. Сонда Әлихан - Тобықтыға жиен. Шешесінің есімі, жаңылмасам Бегімше болар... Жә, бұл тарих қой, шындығы әлі айтыла жатар...

- Қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне аса қомақты үлес қосқан, өзіңіз айтқандай «Ұлылар мекені» - Шыңғыстау өңірінде этнотуризмнің дамуы жайлы не айтар едіңіз?

- Ол жақта қазіргі заманға, лайық этнотуризм дамып кетті деп айта алмаймын. Шыңғыстау өңірінде білуімше 408 жер атауы бар. Кеңес дәуірі кезінде, одан беріде де көптеген жер атаулары еш ой-дәлелсіз өзгерді, қой баққандардың есімі беріліп кетті. Тобықтының Шыңғыс тауының іші-сыртына тарап қоныстануы
1835-1870 жылдар ішінде болған. Арғын тайпасы ежелден Шыңғыс тауын мекен еткен. Осы араны қалмақтан 1740 жылдар ішінде босатқанда Тобықты батырлары да қатысқан дейді. «Найман күре» - Шыңғыс тауының моңғолша аты. Найман деген сөз – сегіз деген мағынада, сонда «сегіз өзенді тау» деген сөз.
1780 жылдарға таяған кезде Тобықтыларды Кеңгірбай мен Мамай батыр бастап Шыңғысқа кірген. Бұл кезде Шыңғыстың ішін Найман, сыртын–Керей, бауырын-Уақ, батысын–Арғындар алған. Шәкәрімнің:

Келгені Тобықтының осы маңға,
Мың жеті жүз сексенге
тақалғанда.
Елді бастап әкелген - Мамай
батыр,
Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға, - деп тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Негізі, Абай елі - Тобықтылар үлкен дау-дамаймен атақоныстарын иеленген ғой.

- Абай ақынның 100 жылдық мерекесінде қазақтың маңдайалды өнерпаздарының арасында Естай Беркімбайұлы болған деседі...

- Иә, ол рас. Абай атамыздың ғасырлық мерекесі 1945 жылы мизам айының
25-27-сі күндері өтті. Бұл той ең алдымен келген қонақтарымен ерекшеленді. Бұл кез – 1931-1937 жылдардағы голощекиндік-сталиндік нәубеттен аман қалған өнер мен әдебиет алыптарының біразының бар кезі. Ұлы Жеңістен соң іле-шала ұстаздарының той қызығына мәртебелері көтеріліп, мерейлері тасыған күйде келген еді, жарықтықтар. Олар – әнші-күйші қауымның басы, Сал Біржан мен Сері Ақанның көзі де, өзі де – Естай Беркімбайұлы, қазақ әншілерінің ақиығы Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков. Халық ақындарынан – Сыр сүлейі Нартай, төгілме сөзді Төлеу, нар үнді, сапырма сөзді Нұрлыбек, сыпайы, сырбаз Сапарғали тобы, палуандар – күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов, жазушы-ғалымдарды қазағымның тірі Абайы, «ой тереңі, сөз шебері» Мұқаң-Мұхтар Әуезов бастап кеп, қатысты. Мизамның 24-і күні Одақтың көп жерінен келген қонақтарды бастап, Семейден той ауылына келіп түскен Мұқаң қанаты жайылған жүк машинасының үстінде Абайға арнап ұзақ сөз сөйледі. Бұл менің Мұқаңды алғаш көруім еді. Шамасы, келбетіне, дауыс мәнеріне тәнті болған шығармын, әйтеуір бір сөзі де жадымда қалмапты. Қажымұқан палуан бастап, әнші-күйші, жыршылар қостап, ұлы дүбірлі мерекенің салтанатын асырды.

...Абайға қастандық жасап, сабаған Оразбай кім? Осы туралы білгенімді ортаға салайын. Оразбай Аққұлұлы – 1837 жылы туып, 1921 жылы қайтқан. Тобықты еліндегі Бұғылы болысының байы, қажы. Шежіреде Мұсабайдан Толымқожа, Шегір, Шегірден – Бораншы, одан Есболат делінеді. Қайыпберді – Есболаттың асырап алған баласы. Қайыпбердіден - Қошқар, одан Аққұл туады. Оразбай - жұлқынып туып, мол байлыққа қол жеткізген, әмір-құдіретке жету үшін, ата-даңқын шығару үшін малын көп жұмсаған адам. Омыраулап, орып сөйлейтін, Тобықтыға кірме, нашар атадан туса да, азуын айға білеген. Ақыл, данышпандығын айтпағанда, «еңкейсе Ертісі, шалқайса, Шыңғысы бар», ойда – орысты, қырда – қазақты уысында ұстаған ақыл иесі, баспен, байлықпен Оразбайды он орап алар Абайдың сағын сындыруға жараған кісі. Өзі Құнанбайдан бата алған.

- Бата алған деймісіз?

- Иә-иә... Ұрлыққа килігіп, Құнанбай қажының нағашы жағынан шоғыр жылқы ұрлап, онысын қажы қолмен қойғандай етіп, тыпыр еткізбей мойнына салған ғой. Содан Оразбай «бәрібір Құнанбай құтқармайды, жығылсам да жығылысымды жеңіске пара-пар етсем» дейді. Сөйтіп, жылқысын даулай келген мырзаның қайтуын тосыпты. «Алда - мырзаның өзі. Келте сайдан өте бергенде 7-8 атты кісі қойып кеп жібердік. Астымда боз атым бар, алда - өзіммін. Үңіле шауып, найзамен түйреп тастардай болып, Құнекеңе шүйіліп кеп қалдым. Құнекең: «Тәйт, тентек»,-деп қолын серпіп қалды. Сасып қалғаны көрініп тұр. Атымды шапшытып кеп: «Мырза, бетіңіз қайтпасын! Малды алмасам да, артығымен қайтарайын, батаңызды беріңіз», - деп қолымды жайып тұра қалдым. Құнекең: «Ерден иман құтылмайды деп еді. Сенің де бетің қайтпасын! Алысқаныңды ал да соқ!» - деп бата қайырды. Сөйтіп жылқыны асуымен қайтардым. Кейін естісем, Құнекең бұған риза болыпты. Мен осылайша, дуалы ауыз, қасиетті Құнекеңнен бата алғанмын және «алысқаныңды ал да соқ», - деп алғанмын. Ыбырай (Абай) менімен босқа алысады. Ол Құнекеңнен мендей бата алған жоқ»,- деп борап сөйлеген екен. Тірісінде жауласқан Абай дүниеден өтті дегенде Оразбай көз жасын тоқтата алмай, қатты қайғырып жылапты. Оның себебін сұрағанда: «Мен Абайға қарсы партия-жікке еніп, атымды шығарғым келді. Абай атымен қатар аталған адамның арманы не? Мейлі, кейінгілер жамандап-ақ сөйлесін мені депті, - дейді. Оның үлкен ұлы Медеу де атын шығару үшін аз әрекет жасамаған. 1925 жылы Медеу өз пұлына мектеп салғызған. Қыдыр бөктеріндегі Ақтан бұлақ, қазір Медеу әкімшілігіндегі Медеу мектебінің алғашқы мұғалімі боп Сұлтанмахмұттың ағасы Шаймардан Торайғыров істеген. Сұлтанмахмұт Медеудің Санияқас деген ұлының үйінде айлап тұрған. Медеу 1931 жылы 3 қыркүйектегі Шыңғыстау көтерілісінен кейін іле Семей түрмесіне қамалып, атылды. Ақыры Оразбайды сөз қылдық қой, осы кісіге байланысты тағы бір оқиғаны айта кетейін... Оразбай қажылыққа
65 жасында аттанған. Қасына інісі Бегімбетұлы Ыспанды ертеді. Оразбай Меккеден қайтар кезде іш ауруына ұшырайды. Ол елдегі тәртіп бойынша Мекке қаласынан қажылар 10-15 шақырымға дейін жаяу шығуға міндетті екен. Бұл біріншіден, қасиетті орынға қажылардың құрметі делінсе, екіншіден, ол іш ауруды таратпаудың шарасы болса керек. Іш ауруға шалдыққан адам сырқатын жасырмақ. Соны білудің оңай әдісі қажыларды әлгіндей жаяу жүргізсе, сырқаттың іш ауруы білінбей қоймайды. Арнаулы сақшы топ іш ауру кісіні сөйтіп жібермеген. Мұны білген Оразбай қатты сасады. Әдісті өзі тапқан ба, інісі Ыспан тапқан ба, әйтеуір Ыспанның қайратының арқасында Оразбай Меккеде қалмай, елге қайтыпты. Ыспан ағасының бойындай сандық жасатып, Оразбай бойы шағын кісі екен, ағасын 15 шақырым бойы сандыққа салып, арқалап алып шыққан.

- Тобықты руына қатысты үш оқиға бетке түскен шіркеудей түйткіл болып келген. Бұл – Қалқаман, Кебек және Қодар әңгімесі деседі...

- Иә, бұл оқиғаларда қазақтың үлкен тәрбиесі, салт-дәстүр ұстанымы жатыр. Осыған байланысты сауал Абайға тартылған. Ол былай болған. Абай әкесі Құнанбайдың тірі кезінде Найман Ұлан-Бұлаңның асына туыстарын ертіп, басшы болып барса керек. Сонда бір қарт Абайға: «Садақтың оғы», «аттың жалы», «түйенің қомы» деген бар ғой. Сен шешу айтпасаң, ешкім айтпай жүр, қарақ, - депті. Абай тыңдапты да, жауап қатпай, төргі үйге еніп кетіпті. Серіктері Абайға: «Абай-ау, бәріміз бір саған бастатып, сен бар деп сеніп келдік. Әлгі шалдың сөзі не сөз? Жауабы жоқ сөз бе?» - дейді. Сонда Абай: «Ол - дауасы жоқ сөз. Дауасын тапсам да, оны ұғатын сендер жоқ. Садақтың оғы дегені – «Тобықты Қалқаманды неге оққа байлап бердің?», Аттың жалы дегені – «Кебекті неге ат құйрығына сүйретіп өлтірттің?». Түйенің қомы дегені – «Қодарды келінімен түйенің қомына дарға асқаның қалай?» деген сөз емес пе? Дауасыз сөз дейтінім осы» депті. Тобықты жұртына кездес-кен осы бір үш оқиғада сол замандарда руды билеушілер – қазақтың маңдайына сирек бітетін аса кесек тұлғалы қайраткерлер. Әнет – бар қазақ баба деп атаған, қазақ жолына да, шариғатқа да жетік ғұлама адам. Кеңгірбай - «тістеген жерде – тісім, ұстаған жерде қолым кетсін» дейтін тізесінен қан келсе де, қаймықпайтын би. Қодарға шешім шығарған Құнанбайды жақсы білесіңдер. Мұны айтып отырғаным – осы кемеңгер жандар сол кездегі ұлтымыздың тірлігінде кездесе бермейтін кермелі, шешілмес күрмеулі, асырмас асулы іске кездескендігінен барған қатал үкімге және дұрыс барған. Мысалы, Қалқаман өзінің немере қарындасын әйел етсе, бұл ұлтымызда үрдіске айналып, елдігімізден не қасиет қалады? Ал Кебек болса, ақ қой сойып, аруақты атап, ақ бата жасалған, күйеуі ұрын келген, біреудің оң жақтағы қалыңдығын алып қашты. Әнет баба – Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жасағанда бас кеңесші болған. Сол жарғыда ақ бата жасалып, күйеуі ұрын барған қалыңдықты алып қашса, еркек те, әйел де ат құйрығына байланып, өлтірілетін бап жасалып, үрдіске айналған. «Ақтабан шұбырындыдан» соң есін әлі жия қоймай, ата қонысы Шыңғыстауға іргесі тиіп, әл жиямыз дегенде Кебек Матаймен арандатады. «Тобықтыға не құру, не Матайдың дегеніне көніп, Шыңғыста ірге теуіп, ұрпақ өсіріп, ел болуды» ұсынғандай тағдыр. Кеңгірбай би Кебекті құрбан етіп, Тобықты руын сақтап қалуды таңдайды. Еңліктің нағашысы Қабанбай батыр, ұзатылатын жері Сыбан Байқара, азуы алты қарыс Ақтайлақ бидің туысы. Кебекті қорғаймын деп (Кебек батыр үйленген адам) Тобықты соғысқа шықса, кімдермен шайқасатынын бағамдайсыз ба? Онда аз ауыл Тобықты қалың Найманның қарсысына шығып, тұқымы құрымақ, телімге түспек. Кеңгірбай бидің кемел ақыл иесі, қайыспас берік қатты мінездің адамы болатындығы сонда – ол Кебек қандай ел ардағы, ер шолпаны болсын, туған жұрты үшін құрбан етеді.

- Кебек пен Еңліктен қалған бала тірі, түнделетіп біреулер келіп (Еңлік жақтан) ұрлап алып кетіп, асырап, өсіріпті. Одан ұрпақтар бар. Олар өздерін «Кебек руы-нанбыз» дейді екен деген әңгімені Семейге барғанда естіп едік. Сол қаншалықты шындық деп ойлайсыз?

- Жоқ, ол бала тірі қалған жоқ. Шәкәрім қажының «Еңлік-Кебек» жырында «сол бала кеш түскенше жылап жатты...» деп аяқталады. Бала тағдыры туралы бұдан басқа ештеңе жазылмаған. Әйтпесе қажы жазар еді ғой. Бұл – өтірік әңгіме деп ойлаймын.

Жаңағы сөз болған үш оқиға туралы осы өлкеде туған үш алыптың үшеуі де қалам тартқан. 1880 жылы «Дала уәлаяты» газетінде «Қазақтардың есінен кетпей жүрген бірер сөзді» ғалым-жазушы М.Мағауин Абай жазды деп жүр. Ал Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмаларын жазуда Абай ақыл берген делінеді. Тіпті, Мағауия жазған «Еңлік-Кебек» поэмасын Мұқаң өз архивінде сақтап келіп, поэма нұсқасын 1951 жылы жариялатты. Қазір ғылыми-әдеби айналымда Мағауия мен Шәкәрім жазған поэмалардың екі нұсқасы бар. Мағауия «Еңлік пен Кебек» қиссасын Шәкәрімнен бұрын жазған. Шәкәрім «Еңлік пен Кебекті» 1912 жылы баспадан шығарған. Ол кезде Мағауия жоқ. Абай баласы Мағауияға «Көсем көселікке салған екенсің. Ел арасы бүлінеді, жария етпе!» деп тыйым салып, қиссаны қайта жазуды Шәкәрімге тапсырған деген де сөз бар, ел ішінде. Еңлік-Кебек оқиғасынан соң Матай мен Тобықты арасында шайқас-шабуыл көпке дейін басылмаған. Соның ең ірі соңғы шайқасы Матайдың Маян батырының 1885 жылы қазан айында болған жорығы. Уақытын айтып отырғанымыз бұл оқиға Семей түрмесінің мұрағатында сақталған. Оны тапқан - Тұрсын Жұртбаев. Сол шайқаста қан төгіледі. Маян ауыр жараланып, ақыры қарт батыр, би Мамайдың айтуымен екі жақ мәмілеге келіскен дейді. Ал енді Мұқаң «Абай жолында» бұл оқиғаны, Қодар мен Қамқаны айтып отырмын, басқаша сипатта өрбітті. Оған сол дәуірдің – кеңестік кезеңнің идеологиясы солай жаздыртты. Әйтпесе Абай жарыққа шығар ма еді?!

- Жидебайға бара жатқан жолда Күшікбай кезеңі бар. Бұрын Арқалық асуы дейді екен. Осы арада таудан мөлдір бұлақ ағып жатыр. Осы Күшікбай жайлы айтсаңыз...

- Досболайдың Тоқтаболаты деген кісі өткен. Тоқтаболаттан - жалғыз ұл Тоқбай, Тоқбайдан - Қалдан, Тұрлан, Қиял, Ержан атты төрт батыр ұл туған. Қалданнан бізге жеткені - Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде сөз болған Күшікбай батыр. Қалдан батыр қартайып 90-ға келгенде «Өзіңізден күші асқан батыр кісі кезікті ме?» деп сұрағанда осы Күшікбай батырға қатысты бір оқиғаны әңгімелепті. Қалданның өзі өте өжет, асқан батыр, жүректі адам болған ғой. Ол кезде Қалданның 50 жасқа келіп қалған кезі екен. Күз ұзаққа созылып, күздік сояр кезде Қалдан батыр қасына қырық жігіт ертіп, Уаққа аттанған ғой. Олардың жылқысына тиіп, айдай жөнеледі. «Ай көтерілгенде, - дейді, - Ай көтерілгенде арттан «Қайда? Қайда?» деген қаһарлы дауыс шықты. Қарасам, астында көк қасқа аты, қолында қос шашақты найзасы бар біреу құйғытып келеді. Маған лайық осы деп «Мұнда! Мұндалап!» топтан шыға қарсы салдым. Көк бедеуді тақымдап-тақымдап жіберіп, әлгіні шоқпармен желкеден ұрып кеп жібердім. «Еһ» деп еңкейіп басын тежеп қалғанда, қасынан өте бердім. Әлгі жауырынымнан қолды салып жіберіп, аттан ырғап-ырғап жұлып алды. Жерге түсіп қалдым. Жау атының ағынымен біраз жерге озып кетіп, қайта айналып келіп: «Сен кімсің?»,-деді. «Мен Қалданмын»,-дедім. «- А-а, Қалданбысыз?» деп, атынан түсіп, мені қолтықтап атқа мінгізді де, жылқы соңынан бара жатқан ағайындарын қайтарып алды. Мен қолға түстім, ауылдарына келдік. Жұпыны үйіне кіргізді. Жалғыз кемпір шешесі бар, 17 жастардағы жас жігіт, жабағы сойғызды. Жігіттің есімі Күшікбай екен. Ата-анадан жалғыз, әкесі ертеректе қайтыпты. Әкесі бір адамның қызын айттырыпты, бірақ қалың малын төлей алмай, жүр екен. Арада бір апта өткенде Күшікбай: «Әке, аттанып, келініңізге төлейтін мал алып келсек қайтеді» деп, өтінді. Мен: «Балам-ау, сенің қолыңдағы көжегің емеспін бе?! Еркім өзіңде» дедім. Күшікбай: «Жоқ, батыр. Кісі қапысыз бола ма? Мен Сізді түсіргенім жоқ. Сіз әке, мен балаңыз болайын!» - деп қиылды. Содан әкелі-балалы екеуіміз Алтай қалмақтарына аттанып, керегімізден үш есе артық жылқы әкелдік. Қалмақтан жылқы алғандағы Күшікбайдың қайратын сұрамаңыз. Ақыры малды құдалар ауылына апарып, келесі жылы келін түсірдік. Олардың ауылына жиі барып тұрдым. Күшікбай бүкіл Уақ руының тынысын кеңейткен батыр жігіт болды. Алыс-жақындағы ел оны мойындап, ту иесі батыр деген аты шықты. Жасы 21-ге толды. Содан төрт жыл өткенде қаралы хабар келді. Күшікбайға қара шешек шығып, есі кіресілі-шығасылы боп жатқанда ауылына Уақтың онымен бәсекелес Төбет дейтін батыры кеп, жемде тұрған Қызыл ат дейтін атын ұстап әкетіпті. Жас батыр бұл қорлыққа шыдамай, жалаңаш етіне желең шекпенді іле салып, Төбетті қуып беріпті. Астамсыған Төбеттің төбесінен жай түскендей болып, жекпе-жекке шақыра келген, ауылына ат ойнатқан Күшікбайға қарсы шыға алмапты. Ағайындары араша түсіп, ат-шапан айыбын беріп, атын қайтарған екен. Ауру меңдеген батыр көп тұра алмай, дереу ауылына қайтыпты. Артынан туысқандары шығып, Күшікбай кезеңі аталған Арқалық асуында төбе үстінде байлаулы атқа келсе, Күшікбай батыр дүниеден өтіп кетіпті. Шекпен қажаған қара шешектің суы шекпеннің сыртына шығып кетсе керек. Есіл ерден ұрпақ қалмады. Мұхтар Әуезовтің Қалданның осы әңгімесін естігені анық. Әрі кейінге дейін Күшікбай ағайындары осы араны мекендеп келді. Жазушының «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі кейуана Қаптағайды Әуезбен бірге туысқан деп жазды «Жас Мұхтар» кітабында Ахмет Әуезов. Бұл асудың мәні осы!

- Бөрілінің батыс жағында Мұхтар Әуезовтің мұражай үйі тұр. Өзіңіз осы мұражайда басшы болып, қаламгер жайлы зерттеулер жүргізіп, өмірі, шығар-машылығымен жете таныс болды-ңыз ғой...

- Өмірі дегенде... Мұқаңың арғы ата-тек баяны Мұхаммед пайғамбар мен Әзірет Әліден басталғанын айту керек. Негізі, Мұқаңның бойында Құнанбай тегінің қаны бар. Әкесі Омархан мен анасы Нұржамалға жазушының 100 жылдық мерекесіне байланысты кесене тұрғызылды. Нұржамал Әбсеметқызы Алматы, Қапшағай, Іле бойындағы Байсерке ауылында туып-өскен. Әбсемет - Абайға жиен. «Абай жолы» романында Абай баласы Әбдірахман күтімінде боп, дүние салардағы үй иесі осы Әбсемет қой. Әбсеметтің әкесі Әлімбек Құнанбайдың інісі Жақыптың қызынан туады. Омархан 1909 жылы, Нұржамал 1912 жылы қайтқан. Алайда болашақ жазушы жетімдіктің зарын тартпай, бұла боп өскен. Өйткені, Қожа ұрпақтарының береке-бірлігі берік болған. Әрі Әуезханның малды, ауқатты болуы, Абай ауылының жас балаларын оқытып, тәрбиелеуі Ырғызбай, Құнанбай, Абай айналасының сыйлы адамына айналдырған. Мұқаң 1943 жылы шілденің соңына қарай Шыңғыстауда Абай елінде болып қайтқан. Сол сапарынан «Ақын ауылында» деген ғажап шежіре-очерк жазған. Осы жазбадағы «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген сөзін серектас әкеліп, сол тасқа қашап жазу керек деп шештік. Тас кіші Ордадан, Еңлік-Кебек үй тасынан таңдалып әкелінді. Сол 1943 жылы Мұқаң елге келгенде қасына Қайым Мұхаметханов еріп жүрген ғой. Балалық шағы өткен жерді аралап, Бөріліге келеді. Ол жерден бір адам не мал кездеспепті. Бөрілідегі иесіз аңырап тұрған қыстау үйді, қора-жайды аралап шыққанда Мұқаңның еңсесі түсіп, тұнжырап кетіпті. «Бөлмелерді аралай жүріп, әр бөлменің кімдікі екенін, атасы мен әжесінің, өзі оқу оқыған жерін, Мәкежан мен Әлила бөлмелерін, ағасы Қасымбек пен жеңгесі Ғалияның бөлмесін айтты. Осылай ескі қорада жүріп, бүргеге де жем болдық. Үй алдындағы төбеге шығып, киімімізді қағып, бүргеден, шаң-тозаңнан арылғандай болдық. Мұқаң осы төбеден өзі дүниеге келген «Аяққарағанды», «Бас қарағанды», «Бүйрек қараған», «Сарбұлақ», «Қарабұлақтарды» Тума бойын көрсетті. Екінші төбедегі Арынбек, Ағзам қораларын сыртынан айналып шықты. Бұл қоралар маңы толған қабір екен. «Бұл жаманшылық жылы аштан өлгендер қабірі болса керек», - деді Мұқаң деп жазыпты Қайым Мұхамедханов.

- Көкейдегі бір сұрақ, кейбіреулер Біржан мен Сара айтыспаған деседі. Осы шындыққа жанаса ма? Сіз не дер едіңіз?

- Мен Біржан сал болған Аралтөбеде 1987-2003 жылдары қызмет еттім. Сонда үлкен кісілерден Біржан мен Абайдың кездесуі жайлы көп әңгіме естідім. Абайдың екінші әйелі Әйгерім ауылдарына Біржан салдың көктемде келгенін айтыпты. Біржан Абайдан үлкен ғой, Біржан келе жатыр дегенді естіп, киіз үй тіктіреді. Сал ел жайлауға бір ай көшкенде көшке ілесіп отырыпты дейді. Ал айтысқа келетін болсақ, негізі Біржан мен Сара айтыспаған. Бұл туралы Сараны көрген кісіден естідім. Сара қызылшырайлы, талдырмаштау келген сұлу келіншек болған. Талдықорған жақтағы Жаркенттен келе жатқанда жолда той болып жатқан бір ауылға соғыпты. Жұрт: «Сара келді, ән айтсын» деп қаумалайды. Сонда Сара: «Менің сырқат екенімді білесіңдер ғой. Ән салуға халім келер ме екен. Одан да күй тартып берейін» деп 4-5 күй төгілдіріпті. Сара 32 жасында қайтыс болған. «Біржан мен Сара айтысын» шын мәнінде Әріп жазған. Ондағы мақсат қазақтың арғы-бергі әдебиетінде айтысты түлету еді. Сарамен сөз қағыстыруға Біржан таңдалып алынған. Әріп-нар дауысты Нарынбайдың, қу дауысты Құттыбайдың тұқымы әрі Көкбайдың жиені. Қытай мен орыс тілдерін жақсы білген, қытаймен шекаралас Бақтыда орыс консулдығының жұмысына атсалысқан адам. Одан кейін «Рысжан мен Әсеттің айтысы» өмірге келді. Рысжан тіпті өмірде болмаған адам екен. Ұмытпасам, елуінші жылдардың басында әдеби мұраға талас болыпты. Бұл туралы Сәбит Мұқановтың естелігінде: «Айтысты Әріп шығарған, тек байды мақтауға құрылған. Мұны оқытуға болмайды» дегенде, Мұхтар Әуезов: «Біржан-Сараны» Әріп шығарды, айтыс болған жоқ дегілерің келеді. Болғанда қандай! Әріпті жамандай беріңдер. Бірақ айтысқа қиянат жасамаңдар»,-депті. Сөйтіп, айтысты Мұхтардың дуалы аузымен аман алып қалдық. Айтыс Әріптің қазақ әдебиетіне енгізген бүтіндей бір заңды жалғасы делінеді. Тек әдебиет қана емес, Мұқаң жауапты қызметтер атқарғанда елдің әлеуметтік жағдайына қарасқан, көмек берген. Ол Семейдегі мұғалімдер семинариясын 1919 жылы бітіріп, БК(б)П-ға мүшелікке өтеді. Бұл оқу орнына баянауылдық Әбікей Сәтбаев басшылық етті. Әлкей Марғұлан, Шайбай Айманов, Кәрім Дүйсебаев деген азаматтар оқыды ғой. Сөйтіп, Мұқаң жауапты қызметтер атқарады, Семейде Мұхтар бөлім меңгерушісі болып жүргенде Жүсіпбек Аймауытов нұсқаушы болып істеп, Семей Губисполкомы төрағалығынан 1922 жылдың жазының соңында КАЗЦИК-тің жауапты хатшысы, президиум мүшесі сайланып, жоғарылайды. Міне, осы қызметтен бастап Мұқаңның туған ұлты үшін отқа түсуі басталады. Орал облысынан іссапардан оралып, съезд мінбесінен «орыстың жаңа отаршылдарына қалай қарсы күресу керек» деген мазмұнда сөз сөйлейді. Бұл жалындаған жас Мұхтардың орыс большевизмінің ұсақ ұлттарды жаншуына ашық қарсылығы болатын. Бұл туралы филология ғылымының докторы Тұрсын Жұртбайдың «Талқы» атты кітабында жазылған. Торғай мен Оралдың аштан өліп жатқан қазақтарына азық-түлік көмегіндегі орыс азаматтарын таратып, комитет мүшелігіне қазақ зиялыларын енгіздіреді. Комитеттің төрағалығына ұлт жанашыры Смағұл Садуақасовты тағайындатады. 1937 жылдың алапатын ұйымдастыратын Н.И.Ежовтан бастап орыс басшыларды Қазақстан автономиялы өкіметі атынан орындарынан босатады. Бірақ бұл тегін кеткен жоқ. Мұхтар ашық та, астыртын да қуғындауға түседі. Партбилетін тапсырып, Ленин партиясы мүшелігінен шығарылады. Бұдан соң Ташкентте Орта Азия университетіне еркін тыңдаушы болып тіркеліп, «Шолпан» журналының алқасында Мағжан Жұмабаевпен бірге жұмыс істейді. Осында жүріп тұңғыш рет «Қазақ әдебиеті» тарихын жазады. Мұқаң 1923 жылдан бастап Абай туралы роман жазуға материал жинақтай бастаған. Ол 1937 жылға дейін Абай өмірбаянын, ақын өлеңдерінің жинақтарын баспадан шығарған.

1930 жылдың қыркүйегінде қазақ зиялыларын тұтқындау басталып, университетте 17 қыркүйекте Қошке Кемеңгеров пен Мұхтар жабылады. Небір айыптаулар жасалады. Түрмеде екі жыл отырады. Айыптау қорытындысы шығып, үкімді тосып жүргенде ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Ахаң сендер жассыңдар, саясатта біз секілді аттарың шыққан жоқ. Бізге сенбейді, түрмеден де шығармайды. Сендер қателеріңді мойындап, ашық хат жазыңдар. Бәріміз бірдей өліп кетсек, арманымызды алдағы күнге кім апарады? дегендей ақыл айтып, ашық хат жазғызып, ақыры Мұхаң бостандыққа шыққан. Бірақ біржола құтылған жоқ-ты. 3 жылға шартты жазаға кесілген.

...Абай, Шәкәрім, Мұхтар туралы таңды таңға ұрып айтарымыз көп. Бұлар - қазақтың әдеби-мәдени-тарихи өміріне зор жаңалық әкелген, қазақ үшін биік шыңда тұрған ұлылар! Оларды уақыт та, заман да ұмыттырмайды!

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.


Академик Әлкей Марғұлан:

– ...Мұхтарды бірінші рет 1916 жылы Павлодар қаласында көрдім. Әдемі бұйра шашты, сұңқардың көзіндей сүзіле терең қарайтын тұңғиық қара көзі бар. Маңдайынан ақыл мен ойдың лебі аңқыған, жүрек сезімі романтикамен бөленген, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтін, сөзі шөлдеген адамның мерейін қандыратын тау бұлағындай сыпайы, көркем бір кісі халықтың көңілін бірден өзіне аударады. Ол атағы әлемге жайылған, қазақ халқының мақтанышы болған Мұхаң еді. Мұхтар Керекуге Әліби Жангелдин бастаған комиссияның мүшесі болып, жергілікті аппаратты жаңадан құру мәселесімен келіпті...


Жазушы Зейін Шашкин:

– ...Әуезов – прозадағы суретші. Оның бояулары мен сырлары Рубенстің бояуларындай қанық, дәл, таза, нәрлі. Мейлі портреттерді өрнектесін, мейлі табиғаттың көріністерін берсін, оларды бір-бірімен контраста алады.

Әуезов қазақ тілінде сиреп бара жатқан заттанған етістіктерге қайта жан бітірді. Әуезов қазақ тіліне етістіксіз сөйлемдер әкелді. Рас, мұндай жаңалық нышандары тізімде бұрын да болған. Бірақ ғалым, жазушы оны түбегейлеп, ғылыми, әдеби системаға айналдырды.

saryarka-samaly.kz