Заман ағымына сай мақсат-міндеттер де өзгеретіні белгілі. Бүгінде әрбір аудан дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі инвестиция тарту болып табылады. Бұл ретте ауданымызда кешенді жұмыстар атқарылуда. Жаңадан инвесторларды тартып, олардың кедергісіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетуге тырысудамыз. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасына сәйкес өңірдің инвестициялық тартымдылығының картасы құрылды. Ол инвестиция тарту агенттігінің сайтына орналастырылды. Бұдан бөлек, кемінде айына бір рет аудан экономикасына қаржы құюға ниетті кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, олардың жобаларымен танысамыз. Тиісті деңгейде талқылап, жүзеге асыру жолдарын қарастырамыз. Осылайша, үстіміздегі жылдың 9 айында ауданымызға сырттан 5 жаңа инвестор тартылды. Олар - «Молочное село» ЖШС, «Риа Трейд» ЖШС, «Басқамыс» ШҚ, «АгроФудс» ФҚ, «Жанғобек» ЖШС. Соның нәтижесінде экономикамызға 150 млн. теңге көлемінде инвес-тиция құйылды. Жалпы, Ақтоғай ауданының негізгі капиталына барлық бағыттар бойынша тартылған инвестиция көлемі 3,1 млрд. теңгені құрады.

Үстіміздегі жылы ақтоғайлық шаруалар күш біріктіріп, 8 ауыл- шаруашылық кооперативін құрған. Оның 5-еуі мемлекет тарапынан жалпы сомасы
61,8 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

Биыл аудандағы егістік алқап-тарының көлемі 46,3 мың гектарды құрады. Оның ішінде 31,4 мың гектар алқапқа бидай, 13,1 мың гектарға майлы дақылдар,
1,4 мың гектарға картоп, ал 360 гектар жерге бау-бақша өнімдері отырғызылды. Жаз мезгілінде жауын-шашынның аз болуы салдарынан астық шығым-дылығы гектарынан 9,3 центнерді құрады. Бұл - өткен жылмен салыс-тырғанда біршама аз көрсеткіш. Дей тұрғанмен, биылғы науқанда өңір шаруалары 30 мың тоннаға жуық бидай жинады. Атап өтерлігі, ауданда 96,7 мың тонна көлемінде мал азығы әзірленді.

Ауданда жыл сайын суармалы алқаптардың көлемі артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 692,3 гектарды құрады. Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Ақтоғай-Агро» ЖШС-нің егістік алқаптарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде келесі жылы суармалы алқаптардың көлемі тағы 1172 гектарға ұлғаймақ.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнім-дерін қайта өңдеумен айналысатын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл олардың қатарын Қожамжар ауылында «Марьина Л.И.» жеке кәсіпкерлі ашқан наубайхана толықтырды. Онда тәулігіне 500 бөлке нан пісіріледі. Келесі жылы аталған наубайхананың қуаты екі есеге арттырылмақ. Сондай-ақ, қазіргі кезде Әуелбек ауылында жылдар бойы жұмыс істемей тұрған «Жиырма бес» қожалығының наубайханасы қалпына келтірілуде. Ал Харьков ауылында диірмен іске қосылады.

Жалпы, ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлудеміз. Бүгінгі таңда өңірімізде 514 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында
9 тұрғынға жалпы сомасы 46,9 млн. теңге көлемінде несие берілді. Ал жоғарыда аталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарла-масы аясында 794,7 млн. теңгенің 3 жобасы жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, аудандағы 3 кәсіпкер өңірлік «Сарыарқа» бағдарламасына қатысып, жалпы құны 13,6 млн. теңге несиеге қол жеткізді.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Ауданда 2012 жылы бастау алған су құбырының құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Соның нәтижесінде аудан орталығындағы әрбір үйге су құбыры тартылмақ. Бұдан бөлек, Жолболды, Приреченск, Андрияновка ауылдарын-дағы ауызсу мәселесі өз шешімін тапқан. Аталмыш елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұдан бөлек, келесі жылы аудандағы жалғыз тірек ауыл саналатын Қараобаға су құбыры тартылады деп жоспарланған. Әуелбек пен Қожамжар ауылдарына да су құбырын тарту жоспарланған. Бүгінде тиісті жобалық құжаттар әзірленуде. Осылайша, аудандағы тұрғындарының саны 500-ден асатын барлық елді мекендер сапалы ауызсумен қамтылады.

Үстіміздегі жылы аудандық маңыздағы және ауыл көшелеріндегі жолдарды жөндеуге 22,6 млн. теңге қаржы жұмсалды. Нәтижесінде 2,2 шақырымдық жол орташа жөндеуден өткізіліп, 450 шаршы метр жолда ағымдық жөндеу жүргізілді. Алдағы жылы да осы тектес жұмыстар жоспарлануда.

Алдағы жылға да үлкен үміт артып отырмыз. Қазіргі кезде 2018 жылға арналған
26 жобаның сараптамалық құжаттары әзірленді. Олардың жалпы құны
1 млрд. 979,0 млн. теңгені құрайды. Бұдан бөлек тағы 10 жобаның құжаттары сараптамадан өткізілуде. Нәтижесі жуық арада белгілі болады. Атап өтер болсақ, аталған жобалардың қатарында Ақтоғай ауылының Абай, Қайырбаев, Мәрденов және Мүткенов көшелерін жөндеу, Шолақсор ауылының кіреберісіндегі
2 шақырымдық жолды қалпына келтіру, аудан орталығында стадион және 3 шағын футбол алаңын салу сияқты басқа да жұмыстар бар. Бұдан бөлек, облыстың салалық басқармаларына Жаңабет, Әуелбек ауылындағы мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге, Шолақсор ауылының мектебіне қазандық салуға, екі ауылдық мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге (Шолақсор, Әуелбек ауылы), Ақтоғай мен Жолболды ауылындағы типтік үлгідегі ветеринарлық бөлімше құрылысына өтініш жолданды.

Жалпы, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар аз емес. Белгіленген межеге жетіп, ауда-нымыздың қай саласы болмасын дамыту – маңызды міндетіміз.

Жазып алғанДанияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz