Аталмыш серіктестік қазіргі таңда пластик құбырлар шығарып, бұл өнімдер Ақсу қаласы мен ауылдық аймағындағы бірқатар нысанның құрылыс барысында қолданылуда. Ендігі кезекте кәсіпорын басшылығы тік тігісті құбырлар дайындауды қолға алмақ. 2014 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 195 млн. теңге субсидия алып, сол жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу үшін республикалық бюджеттен 57 млн. 760 мың теңге бөлінген еді. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесінде 200 млн. теңге болатын пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша өтініші де қолдау тапты. Жалпы, жоба құны – 1,1 млрд. теңге. «ДАНиЕР» серіктестігі басшысының орынбасары Әлішер Тутулкуловтың айтуынша, қазіргі таңда Қытайдан қажет құралдар жеткізілді. Соның нәтижесінде диаметрі 133-325 мм болатын тік тігісті болат құбырлар шығаруға мүмкіндік туады. Жылына 37 мың тонна құбыр дайындау жоспарда бар. Оған қоса, қосымша
80 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі Болат Бақауов Ақсу қаласына сапары барысында серіктестіктің жұмыс барысымен танысты. Осы орайда жергілікті кәсіпорын қарағандылық бәсекелестеріне жол беріп қойғанын айтты.

- Биыл облыс бойынша 311 шақырым су құбырын жаңартуға қажет құбырдың көбін шеттен сатып алдық. Оның басым бөлігі қарағандылық зауыттарға тиесілі. Келер жылы аймақтағы 23 елді мекенде құбырларды ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілмек. Сол кезде де өзге облыс кәсіпорындарының бәсі биік бола ма? Өзімізде құбыр зауыты бола тұра, неге басқалардың өнімін алуымыз керек? Жаңадан іске қосылатын цех бәсекеге қабілетті бола ма?
– деген сұрақтар қойды Б.Бақауов.

«ДАНиЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Нұрмағамбетов мұны шикізаттың қымбаттығымен байланыстырды.

- Бірінші кезекте шикізаттың сапасына мән береміз, ал сапалы өнімнің құны қашан да жоғары. Сондықтан біздің өнімнің бағасы өзгелерден 10 пайызға қымбат. Екіншіден, жылуға көп шығындаламыз. Осыны ескеріп, жеке қазандық салу ойда бар. Сол кезде бәсекелестерімізді нарықтан ығыстырып, жергілікті кәсіпорындар мен тұрғындар тарапынан сұраныс артады деген сенім мол,
- деді Н.Нұрмағамбетов.

«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамының президенті Валерий Гриненконың айтуынша, қазандық салу оңай іс емес. Оның қажетті шикізатпен, құралдармен қамтылуы бір бөлек, қатаң талаптарды сақтауы тағы бар. Мұнда екібастұздық көмір пайдаланылады. Электр станцияның негізгі қуаттылығы – 2450 МВт. Валерий Гриненко өндірілген энергияның 60 пайызы кәсіпорынның өзін, қалғаны Ақсу кенті мен өзге өндіріс орындарын қамтамасыз ететінін айтты. Осы орайда қызметкерлердің жалақысы 18500 теңгеге көбейгенін атап өту керек. Сөйтіп, 2491 адам жұмыс істейтін компаниядағы орташа жалақы 154 485 теңгені құрады.

Аймақ басшысы Болат Бақауов Ақсу ферроқорытпа зауытындағы қожды екінші рет өңдейтін жаңа кешенде де болды. Заманауи өндірістік нысан жылына 130 мың тонна металл концентратын өңдейді. Кәсіпорын басшылығы 5 жылда 4 млн. тоннадан астам өндірістік қалдықты, оның ішінде зауыттың жарты ғасыр бойы жиналған қалдықтарын өңдеуді жоспарлап отыр. Бұдан соң концентрат қайтадан өндіріске жіберіледі.

- Кешенде қожды ішкі сүзгіден өткізетін тұйықталған су контуры жұмыс істейді. Бұл қоршаған ортаны ластаудан қорғайды, - деді «КАЗРУДПРОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Станислав Головин.

Сонымен қатар, облыс әкімі Болат Бақауов «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан, желтоқсанда іске қосылатын «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дайындығын пысықтады. Бұл өндіріс орны Қазақстан электролиз зауытынан сұйық алюминий алып, оны өңдеп, қоспалы дискілер шығармақ. Компания басшысы Эдуард Швецтің айтуынша, «Лада» және «Рено» маркалы көліктерге арналған дисктердің көлемі - 14-17 дюйм. Желтоқсан айында алғашқы өнімді шығаратын компания 2019 жылы толық қуаттылыққа көшкен соң жылына 1-1,2 млн. диск дайындауға ниетті. Аймақ басшысы өндірістің іске қосылып, кедергісіз жұмыс істеуі үшін жергілікті әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау болатынын айтты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz