Аймақ басшысы Д.Тұрғановқа атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметінде табыс тіледі. Құрмет грамотасын табыстады.

- Облысымызда тұрғын үй және әлеуметтік саладағы құрылыс деңгейі бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Соңғы екі жылдың өзінде жаңа нысандардың құрылысына және қайта қалпына келтіру жұмыстарына рес-публикалық бюджеттен 20 млрд. теңгеден астам қаржы тартылды. Мұның барлығы - Дүйсенбай Нұрбайұлының қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білеміз,
- деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Өз кезегінде Д.Тұрғанов бұрынғы әріптестеріне бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдірді.

- Қызмет, лауазым атадан қалған мұра емес. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде азды-көпті бес жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Сіздермен иық тіресе еңбек етіп, біраз жетістіктерге жеттік. Облыстың алар асуы әлі - алда. Осы қызметтің арқасында мол тәжірибе жинадым. Бірақ ең бастысы, әріптестерімнің арасынан қимас, адал дос таптым. Меніңше, басты жетістігім де - осы,
- деді Д.Тұрғанов.

Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту департаментінің директоры қызметін атқарған Ұлан Жазылбек тағайындалды. 1962 жылы дүниеге келген Ұлан Еркінұлының екі жоғары білімі бар. Атап айтсақ, 1984 жылы Алматы сәулет және құрылыс институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы, ал 2009 жылы Қонаев атындағы университетті «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын
1984 жылы бастаған ол әр жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. Мемлекеттік қызметте де мол тәжірибеге ие. Алматыдағы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінде бөлім басшысы, «Қорғас» халықаралық шекаралық әріптестік орталығында департамент директоры, Алматы қаласындағы сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті басшысының орынбасары, ҚР Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комитет төрағасының орын-басары, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің инфра-құрылым және экономиканы дамыту департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

Облыс әкімі Б.Бақауов жаңадан тағайындалған орынбасарына қандай міндеттер жүктелетінін атап өтті.

- Павлодар облысы өндірістік аймақ болып есептеледі. Өзінің даму ерекшеліктері бар. Сіздің құрылыс саласындағы біліміңіз бен тәжірибеңіз Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарының құрылысы барысында қажет. Сондай-ақ, облыстың комму-налдық және инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына күш салу қажет. Осы бағыттарда сізден нақты әрі тың ұсыныстар күтемін, - деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек Болат Жұмабекұлы өзінің орынбасары Николай Дычко Ақсу қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанын атап өтті. Ал энергетиктер шаһарын басқарған Нұрлан Дүйсембинов облыстық қаржы басқармасының тізгінін ұстады. Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне де жаңа басшы келді. Бұл қызметке аталмыш ведомства басшының орынбасары қызметін атқарған Ернұр Байғұрманов лайықты деп танылды.

Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz