«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай және газды өңдеу жөніндегі атқарушы вице-президентінің міндетін атқарушы Данияр Тиесовтің сөзінше, қазіргі күні келеңсіздіктің салдарын жоюға барлық күш жұмылдырылған.

- Өткен айда «Павлодар мұнай-химия зауытындағы» сутегін өңдейтін қондырғыны жөндеу кезінде қателік кетіп, апат орын алғаны белгілі. Міне, соның салдарынан дизель отынында жетіспеушілік пайда болды. Өнімнің жетпейтін бөлігін біз қазіргі уақытта Ресейден тасымалдаудамыз. Бірақ бұл тиімсіз. Яғни, «ПМХЗ»-да шығарылатын өнімнен әлдеқайда қымбат. Соған қарамастан біз импорт солярканы мұндағы бағамен сәйкестендіріп, арзанға сатудамыз. Осы уақытқа дейін көршілес елден 90 мың тонна отын жеткіздік. Бізге бұл жағдай айтарлықтай шығын әкелуде. «ҚазМұнайГаз» бекеттерінде сатылатын дизель отынының литрін 155-157 теңгеден асырмай отырмыз. Менің ойымша бұл - уақытша ғана қиындық. Яғни, «ПМХЗ»-ның тоқтап тұрған қондырғысы іске қосылғаннан кейін, дизель отыны бойынша тапшылық жойылып, бағаны тұрақтандырамыз,
- дейді Данияр Тиесов.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас инженерінің міндетін атқарушы Дүйсенбек Көжекбаевтың сөзінше, қазір зауытта 13 қондырғы жұмыс істеп тұр. Бір тәулікте 15 мың тонна мұнай өңдейді. Күн сайын 3 мың тонна көлемінде бензин шығарылып, мұнай базасына жіберіледі. Сонымен қатар, бұған дейін күніне
600 тонна дизель отыны шығарылып келсе, енді бұл көрсеткішті 1 мың тоннаға жеткізбек.

- Апатқа кінәлі мамандар, яғни зауыттың бас инженері және бас механигі жұмыстан шығарылды. Қазіргі таңда құрылғыны қайта қалпына келтіру шараларын жүргізудеміз. Ұлыбританияның бір зауытына тапсырыс беріліп, ұзындығы 11 метр болатын қосалқы бөлшегі қайта жасалды. Жаңа бөлшек ағымдағы жылдың 6-шы желтоқсанында бізге жетеді. Жаңа шығарылған бөлшекті қайта орнату үшін сол зауыттың өздерінің мамандары келмек. Келесі айдың
20-сынан кейін тоқтап тұрған қондырғыны іске қосамыз. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі анықталуда. Жылдың аяғына дейін қондырғыны енгізіп, жанар-жағармайға деген тапшылықты жоямыз. Баға да тұрақталады,
- дейді Дүйсенбек Әнуарбекұлы.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz