- Ернұр Нұрмұханұлы, тауық жылы да аяқталуға жақын қалды. Аудандардың барлығы өз жұмыстарын қорытынды-лауда. Ал Аққулы өңірде ауыз толтыра айтарлықтай қандай іс атқарылды?

- Жыл бойғы атқарылған жұмыстар аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына оң ықпалын тигізді. Алға қойылған жаңа міндеттерді анықтай отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру және экономикалық өсім қарқынын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Біздің ауданның экономикалық дамуының негізгі бағыты ауыл шаруашылығымен байланысты. Ағымдағы жылы ауданда ірі қара мал саны 2,6 пайызға өсіп, 35 мыңнан, ұсақ мал 6 пайызға көбейіп, 45 мыңнан асты. Сол секілді жылқы түлігінде де айтарлықтай өсім бар.

- Аудан халқының негізгі тіршілік көзі төрт түлік екенін ескерсек, мал тұқымын асылдандыру шаралары өте маңызды. Бұл салада қандай өзгеріс бар?

- Иә, бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым біздің назарымызда. Себебі бұл - ет және сүт өнімдерін ұлғайтудың ең негізгі көзі. Биыл мұндағы асыл тұқымды қара мал саны 1810 басқа, жылқы саны 847 басқа жетті. Бұл - өткен жылғыдан 5-6 пайызға көбейгені. Өңірімізде асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 14 шаруашылық бар. Олардың біразы субсидия алуға өтініш беріп, бюджеттен 49,5 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. «2017-2021 жылдарға арналған жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында
9 шаруашылыққа 62,9 млн. теңге көлемінде несие беріліп, оған 79 бас жылқы және 31 бас ірі қара алынды.

- Өңірде несібесін қара жерден тапқан кәсіпкерлер баршылық. 2017 жылдың егіс науқанының қорытындысына тоқталсаңыз...

- Биылғы егіс науқанын аудан диқандары сәтті өткізді деуге болады. Шаруалар жыл басында межелеген жоспарды артығымен орындады. Жалпы, биыл бізде 10,7 мың гектар алқапқа егін егілді. Қазіргі жағдайда егін жинау жұмыстары толығымен аяқталып, шаруалар алған өнімдерін сақтау және сату қамына кірісті. Жиын-терім жұмыстарының қорытындысына келер болсақ, 38,2 мың тонна картоп өнімі алынды. Сондай-ақ, бақша дақылдарының жалпы көлемі 76,2 мың тоннаға, көкөніс өнімдерінің көлемі 9,5 мың тоннаға жетті. Бұдан басқа, мал азығы үшін 19,6 мың тонна бір жылдық және көп жылдық шөп дайындалды.

Лебяжі ауданы дәмі тіл үйіретін қарбызымен танымал. Ауданымыздың ең басты брендіне айналған бұл өнім түрімен 18 кәсіпкер айналысады. Солардың ең ірісі – Шарбақты ауылындағы «Қайрат» шаруа қожалығы. Жыл сайын 1 мың гектар алқапқа бақша дақылын егетін кәсіпкер қарбыздың 80 түрін өсіреді. Биыл ол гектарына 280 центнерден өнім алды. «Қайраттың» қарбызы Астана, Семей қалаларына және Ресейдің көршілес облыс-тарына жеткізіліп, ол жақта да жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.

Жалпы ауданда қарбыз өсіруші шаруа-лар өз өнімдерінің 98 пайызын алғашқы суық түспей, яғни 23-ші қыркүйекке дейін жинап үлгерді. Өкінішке қарай, өнімдерін суыққа үсітіп алған кәсіпкерлер де бар. Олардың көбі - шағын шаруашылықтар. Өйткені биыл алғашқы суық қыркүйек айының 23-де келіп, -2 градусқа дейін суытқаны белгілі. Ал, бақша шаруашылығымен көп жылдан бері айналысып жүрген «Қайрат» секілді шаруашылықтар бұған жол берген жоқ.

- Ел экономикасының өзегі – өндірісте. Бұл жергілікті халықты арзан өніммен қамтыса, екіншіден жұмыссыздықты азайтады. Биыл өңірде қандай нысандар ашылды?

- Биылғы жылы ауданда үш шағын өндірістің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Біріншісі Малыбай ауылдық округінің Қазы ауылында орналасқан. Мұндағы «Арман» шаруа қожалығы қымыз цехын ашты. Екіншісі – Шарбақтыдағы «Қайрат» шаруа қожалығы. «Асқабақ тұқымын өндіретін цех» жобасын жүзеге асырып, бүгінгі күні тұқым өнімін дайындауда. 2018 жылы асқабақ тұқымынан май алуды жоспарлап отыр. Үшіншісі - «ММММ» сервистік-дайындау пункті. Бұл - сүт дайындау және салқындату, қаймақ, май өндіру бағытында жұмыс істейді. Ауданда жалпы 14 өндіру нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 7-уі - наубайхана,
2-уі - қымыз өңдеу цехы. Бұдан бөлек сүт өңдеу, кондитерлік және шұжық өнімдерін шығару, асқабақ тұқымын өндіру цехтары мен бір сервистік-дайындау бекеті бар. Аудан көлемінде үш кәсіпкер сүт қабылдаумен айналысады. Олар – Ямышев және Баймолдин ауылдарында орналасқан. Жалпы, аудан экономикасын көтерудің бір жолы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Бүгінде өңірімізде құрылған шағын және орта кәсіпкерліктер саны
465-ке жетті.

- Аудан халқын таза ауызсумен қамту көрсеткіші қандай деңгейде?

- Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету екені баршамызға белгілі. Сонымен қатар, жылу желілерін жабдықтау мен автокөлік жолдарын дамыту мәселесі де кезек күттірмейді. Аудандағы 23 ауылдық елді мекеннің төртеуіне орталықтандырылған су құбыры тартылған. Ол – Аққу, Бесқарағай, Черное және Малыбай ауылдары. Осының нәтижесінде 13 мыңнан астам халықтың 38,5 пайызын таза ауызсумен қамтып отырмыз. Биыл жыл соңына дейін тағы екі ауылда (Жамбыл, Ямышев) су құбырының құрылысы аяқталуы керек. Осы жобалар сәтімен аяқталып, уақытында іске қосылатын болса, тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткішін 52,7 пайызға жеткіземіз. Бұдан басқа, Шарбақты, Шабар, Ямышев және Тілектес ауылдарында KБM қондырғылары жұмыс істеп тұр.

Орталық су жүйесіне қосылмаған 13 ауылдық елді мекенде ауызсу қоры нақтыланды. Сонымен қатар, Шарбақты, Шабар, Шақа ауылдарына орталықтандырылған су құбырын тарту үшін облыстық бюджет қаражаты есебінен жобалық-сметалық құжаты әзірленді, қазір сараптамалық комиссияның қарауында. Жалпы, аудан халқын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын назардан шығармаймыз, бұл бағыттағы мәселелер біртіндеп шешілетін болады.

- Болашақта тағы қандай жобаларды қолға алмақсыздар?

- Алдағы уақытта тағы бір ірі жобаның тұсауын кеспекпіз. Ол - «Тұзқала» демалыс орны. Мұнда «Дидар» жеке кәсіпкерлігі сауықтыру орталығын салуды жоспарға енгізген. Қазіргі таңда ұзындығы 4 шақырым электр жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаты жасалды. Сонымен қатар, «Биоресурсы-Маңғыстау» серіктестігі демалыс орнының аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізбек. Бұдан бөлек «Аққусервис» серіктестігінің қаржыландыруымен «Лебяжі ауданының Жаңатаң ауылында 1000 гектар жерді суландыру жүйесінің құрылысы» жобасы іске асырылуда. Биыл аталған серіктестік осы мақсатқа 466 млн. теңгеден астам инвестициялық қаражат құйды. Сыйымдылығы 3000 тоннаға дейін көкөніс сақтау қоймасын салып, жер суаратын машиналар және егін оратын комбайндар сатып алды. Жергілікті инвесторлардың ендігі мақсаты – Жаңатаң ауылында 600 бас малға жобаланған тауарлы сүт фермасын ашу.

- Әңгімеңізге рақмет, келер жылда толағай табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан - Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz