Бұл жөнінде Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов өңірлік коммуникациялар қызметінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифинг барысында мәлім етті.

- Өңірімізде туризмді дамыту мақсатында облыс басшылығы тарапынан біраз тапсырмалар жүктелген болатын. Соның бірі туристердің келіп-кетуіне жағдай жасау үшін әуе жолын жандандыру еді. Бұл міндет биыл жүзеге асырылды. Шағын аэрод-ром жасақталды. Алғашқы ұшақ та сәтті қонды. Бұл жаңалықты естіген көпшіліктен қызығушылық артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, сұрастырып жатқандар жетерлік, - дейді О.Қайыргелдинов.

Аудан басшысының айтуынша, жобаны еш кемшіліксіз жүзеге асыру үшін жергілікті билік құзырлы министрлікпен, облыстың жауапты қызметтерімен қоян-қолтық жұмыс атқарылыпты. Тіпті, баянауылдықтар ұсыныс тастап, еліміздің заңнамасына өзгерістер енгізуге тура келген.

- Қазір ұшақтың ұшу жолағы - 1200 метр. Бұл ұзындық шағын авиация ұшақтарының ұшып-қонуына жарап тұр. Ұшақтардың әуеге көтерілуі мен жерге қону уақыты да ұзақ емес. Бес минут ішінде ұшақтар әуе кеңістігіне еніп кетеді. Қазіргі таңда шағын аэропорттың терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, қабылдау залы, касса және ұшақтарға жабық тұрақ қарастырылмақ,
- деді аудан әкімі.

Аталмыш жобаны жүзеге асыруға қазынадан 90 млн. теңге жұмсалған екен. Сонымен қатар, аудан басшысы болашақта алып ұшақтарды қабылдауға жағдай жасау ойда барын жасырмады. Чартерлік рейстер қабылдау жағы да қарастырылады. Әлбетте, бұл жерде ел арасына қатынайтын алыптар емес, ары кетсе 40 орындық ұшақтарды қондыру жағдайы қарастырылады. Бірақ мұның бәрі алдағы уақыттағы сұраныс пен жолаушылар ағынына байланысты, деді Оразгелді Әліғазыұлы. Ол үшін жобалық-сметалық құжат та әзірленіп қойыпты. Яғни әуе кемелерінің ірілеулерін іркіліссіз қабылдау қажет болса, жоба дайын. Ол мақсатқа шамамен 250-300 млн. теңге керек болады деп болжануда. Себебі тиісті талап бойынша алып ұшақтарды қондыру үшін асфальтті-бетонды жолақ төселуі тиіс. Ол жабынды жерге қарай 60 сантиметрге кіріп тұруы талап етіледі.

Спикер билет құны қолжетімді болады деген ойда. Рейстердің кестесін министрлік белгілейді. Борттарды да құзырлы ведомство сатып алып береді.

Брифинг барысында аудан әкімі өңірде атқарылған өзге де жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, биыл елді мекендерді абаттандыру қарқынды жүргізілген. Жол жөндеу жұмыстары қарқын алған. Жылдар бойы шешімін күткен аудан орталығын су жүйесімен қамту биыл аяқталыпты. Көлдердің «көзі» ашылған. Жасыбай көлінің жағасында туристердің тынығуына жағдай жасалған. Айтуынша, сервистік қызметтері жақсарған. Оған демалушылар оң бағасын берген көрінеді. Сабындыкөлдің жағасын да демалыс орнына айналдырудың алғашқы қадамдары жасалуда. Аудан әкімінің сөзіне сенсек, бұл бағытта ниет білдірген инвесторлар бар. Жалпы, биыл Баянауылда 135 мың адам демалыпты. Олардың 600-ден астамы - шетелдіктер.

Брифингте көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары да сөз болды. Аудан басшылығы соңғы жылдардағы ахуал толық зерделеніп, су басу себептері анықталып жатқанын мәлім етті. Бұл ретте, Майқайың маңында келешекте су қоймасы пайда болу мүмкін екендігін атап өтті. Яғни, тасқын судың арнасын бұрып, алып қоймаға құю жағы қарастырылуда. Бұл жоба, әзірге, ұсыныс түрінде айтылуда.

Ауданда ағымдағы жылы жалпы өнім көлемі 17 млрд. теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығы өнімдері 8 млрд. теңгеге таяу. Аудан басшылығы бұл көрсеткіштер былтырғыдан және биылғы жоспардан асып түскен.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz