Құжатқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек және комитет төрағасы Мереке Пішембаев қол қойды. Келісімде көрсетілгендей, Ленин кентінен Русская полянаға дейінгі 272 шақырым облыстың коммуналдық меншігінен республикалыққа тапсырылды.

- Бұл автомобиль жолы екі мемлекет арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Мұнда «Амангелді» өткізу пункті жұмыс істейді. Ленин кенті мен Русская поляна арасындағы жолды республикалық меншікке тапсыру жолды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге мүмкіндік береді. Ал Качир – Михайловка – РФ шекарасы жолы керісінше облыстық маңызға ие болды. Сол арқылы аймақтағы жолдар желісінің сапасы жақсара түспек. Бұрын осы тас жол арқылы Новосібір облысына шығуға болатын. Қазір мұнда жеңілдетілген өткізу пункті жұмыс істейді және қарқынды қозғалыс жоқ, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Автомобиль жолдары комитетінің басшысы Мереке Пішембаевтың айтуынша, жолдарды «айырбастау» оның сапасына оң әсер етуі тиіс.

- Соңғы 10 жылда облыстық меншіктен республикалық балансқа алынған алғашқы жол – Ленин – Үлкен Ақжар – Курчатов бағыты. Облысқа қарасты болған тұста бұл жолдың сапасы көңіл көншітпейтін. Соңғы 5-7 жыл аралығында мұнда күрделі жөндеу жүргізіліп, жыл сайын оны абаттандыруға 2-3 млрд. теңге бөлінеді. Ал Ленин кенті мен Русская поляна арасындағы жолды жақсартуға келесі жылы кірісеміз, - деді М.Пішембаев.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz