Иса Байзақов атындағы облыстық филармониядағы камералық хордың, Павлодар қалалық Естай атындағы мәдениет сарайының «Әл-Әки» фольклорлық ансамблінің әншісі Әсем Дауытованың біздің аймағымызда ұлттық өнердің, көне әндердің қайта жаңғыруына қосып келе жатқан үлесі зор екендігін атап айту қажет. Оның репертуарында халық әндері, қазақ және орыс композиторларының әндеріне қоса, туған ел мен жер тақырыбына арналған туындылар баршылық.

Әсем Өндірісқызы Железин ауданы Озерный орта мектебін 1979 жылы бітіргеннен кейін Павлодардағы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесіне түседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, әкесі Өндірістен қисса тыңдап, домбыра күмбірін, анасы Дәмелінің тамылжыта салған әндерін естіп өскен талантты қыз оқу орнын табысты тәмамдап, 1986 жылы сол кездегі И.Байзақов атындағы филармонияға әнші болып орналасады. Міне, сол жылдардан бастап Әсем Дауытова үздіксіз өнер көрсетіп келеді. Ол 2000 жылы «Шаңырақ сазы» ансамблімен бірге Ресей, Қазақстанды аралап, ән шырқады, Астанада өткен шығармашыл жастардың VІ «Шабыт» фестиваліне қатысып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жасқайрат Орынбаев жетекшілік ететін «Әл-Әки» ансамблінің сүйемелдеуімен ән кешін С.Бәйтерековтің «Сарыарқа» әнімен әуелетіп бастаған әнші бұдан кейін ел аузындағы «Алтыным», «Айналдым елім», «Ақ бұлақ» т.б. әндерді тамылжыта шырқады. Өнер кешінде белгілі әншілер Нұржан Сарқамбаев, Маусым Шәкім, сондай-ақ «Томирис» би ансамблі өнер көрсетті.

Өнер кешінде әншіге мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты тапсырылды.

Концертке жиналған көпшілік Әсем Өндірісқызының орындауында «Сол бір кездер», «Ауылым-әнім», «Катюша», «В моей душе покоя нет», «Верни мне музыку», «Сағындым сені» секілді қазақ және орыс әндерін тыңдады, әншіге гүл шоқтарын тарту етті.

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz