Өнерпаздар ұсынған классикалық хор музыкалық концертінде 17-18 ғасырда жарық көрген туындылар орындалды. Мәселен, 40 минут үзіліссіз орындалатын италиялық Аве Марияның «Angelica salutatio» кештің әрін кіргізді. Ал Боккеринидің «Менуэтін» көпшілік жылы қабылдады.

- Өнер маусымы басталатын кезде үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Әрі тыңдармандарымызға жаңа туындылар ұсынуға тырысамыз. Бұл жолы шет елдік танымал композиторлардың туындыларына көңіл бөлуді жөн көрдік. Себебі біздің қыз-жігіттер қандай шығарманы болмасын шегіне жеткізіп орындап бере алады. Алдағы уақытта өнерсүйер қауымды жаңа бағдарламалармен қуантатын боламыз, - дейді ҚР Мәдениет қайраткері, хордың көркемдік жетекшісі Мәдина Жармұхамбетова.

Камералық хор ұжымы бұған дейін Астана қаласында өткен 2 үлкен концертке арнайы шақыртуымен барып, өнер көрсетіп келген. Оның бірі еліміздегі таңдаулы өнер ұжымдарының қатысуымен бір мезетте 1200-ден астам адам беларустық композитор Лев Моллердің шығармасын орындаса, осы шарада да жерлестеріміздің қосқан үлесі зор.

Айта кетелік, құрамында 35 адам өнер көрсететін камералық хордың құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай өнер ұжымы 2018 жылдың ақпан айында Естай атындағы мәдениет сарайында мерекелік кеш беруді жоспарлап отыр.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz