Еуропаның валютасы - еуро, Америкада - доллар, Қытайда - юань, Қазақстанда - теңге болса, интернеттің өз валютасы бар. Ол - криптовалюта деп аталады. Шынайы өмірде біз қай жерде жүрсек, сол жердің валютасын қолдануға мәжбүрміз. Ал интернет қолданушыларына төлемдерін криптовалютамен, мәселен Биткоинмен жүргізуді ешкім тыйым сала алмайды. Себебі төлем жасаудың жаңа түрі - адамдардың еркін таңдауы.

Криптовалюта - сандық валютаның түрі. Яғни, электронды ақша. Оның эмиссиясы мен есеп-қисабы түрлі криптографиялық әдістерге негізделген. Ал онымен жұмыс істеу компьютерлік желіде орталықтандырылмаған. Криптовалюта - жаңа технологиялар мен үкіметтің бақылауынсыз жүргізуге негізделген төлемдер мен ақша аударымдарының жылдам әрі сенімді жүйесі.

Биткоин деген не?

Мамандардың сөзіне сүйенсек, әлемде криптовалютаның 700-ге тарта түрі бар. Оның ішінде ең танымалы - Биткоин ақшалары. Оны Сатости Накамото деген лақап атпен танымал бағдарламашы 2009 жылы дүниеге әкелген. Биткоинның термині мен оның ерекшелігін (Биткоин алгоритмін) енгізген де сол адам. Ол бағдарламаны ғана жасап қоймай, арнайы компьютерге әмиян орнатуға болатын қосымшаны да іске қосты.

Биткоин криптовалютасы басқа елдердің ақшалары сияқты қасиеттерге ие:

- айырбастау құралы;

- сақтау құралы;

- есептік бірлік.

Криптовалюталардың ішінде танымалдылығы жағынан екінші орында — Лайткойн. Бұл крипто-валютаның транзакция алгоритмі тезірек жұмыс жасайды. Биткойн мен Лайткойнды алтын мен күміс деп салыстырса болады.

Қалай жұмыс істейді?

Желінің әрбір мүшесі криптовалютамен делдалсыз тез операциялар жүргізе алады. Яғни, сатып алушы сатушыға ақшаны тікелей жібереді. Банкке барып, не болмаса, Киви-әмиянға ақша салып жүрудің қажеті жоқ, тек Биткоиндарды жіберсеңіз болғаны. Жүйедегі монеталар - криптографикалық (математикалық) хэш-кодтар. Олардың әрқайсысы толықтай бірегей болғандықтан екі рет пайдалану мүмкін емес.

Барлық валюталар секілді, Биткоинның да өзінің курсы болады. Криптовалютаның курсын blockchain.info сайтынан біліп отыруға болады. Алайда Қазақстанда валютаның бұл түріне байланысты бағам әлі күнге белгіленбеген.

Жаңа Биткоин немесе кез келген криптовалюта «майнинг» деп аталатын процестен құрылады. Оны иелену үшін майнерлер қиын математикалық басқатырғыштарды компьютермен шеше отырып жарысады. 10 минут сайын жеңімпаз анықталып, 25 Биткоинмен марапатталады. Осылайша электронды ақшаны ұтып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Оны кейін ақшаға айналдырып, табыс табудың мүмкіндігі зор.

Тек бұл ғана емес, интернет валютасына қол жеткізудің көптеген жолдары бар. Мәселен, қызмет көрсету және тауар төлемі ретінде алу, сатып алу, жеке тұлғалар арасында Биткоинмен алмасу қарастырылған. Онымен интернеттегі тауарлар мен қызметтерді анонимді түрде сатып алуға болады. Сонымен қатар халықаралық төлемдер жылдам әрі оңай іске асырылады.

Биткоинды сақтаудың бірнеше түрі бар.

1) Оффлайн әмиян

Ол сіздің компьютеріңізге орнатылады. Әдетте оны бұзудың алдын алу мақсатында кілттеп қояды. Алайда бұл жерде үлкен бір кемшілік бар. Егер әмиянның құпия сөзін ұмытсаңыз, онда сіз қаражатыңызбен мәңгілікке қоштасасыз.

2) Онлайн әмиян

Онлайн әмиянның оффлайн әмияннан бірнеше артықшылығы бар. Сіз оған компьютермен ғана емес, планшет немесе телефон арқылы да кіре аласыз. Қолданылуы Киви-әмиян, интернет-банкингке ұқсайды.

Биткоинның қолданыстағы ақшалардан ерекшелігі көп.

Біріншіден, Криптовалютадағы ашық код. Биткоингте интернет-банкингте қолданылатын алгоритмдер жұмыс істейді. Айырмашылығы соңғы пайдаланушы туралы ақпаратты ашық көрсетеді. Биткоин желісінен транзакциялар туралы барлық деректерді табуға болады (ақша қашан және қанша мөлшерде жұмсалды). Бірақ ақшаларды алушы мен жіберуші туралы ақпараттар жоқ (әмиян иесінің кім екені туралы ақпаратқа қол жеткізу мүмкін емес).

Екіншіден, инфляцияның болмауы. Монеталардың мөлшері әлемдегі алтын өндірісінің жылдамдығымен өсуде. Максималды көлемі шектелген. Ол 21 млн.-ды құрайды. Қаржы ұйымдары мен корпорациялардың белгіленген тәртіпті өзгерте алмауы себепті жүйеде инфляция болмайды.

Үшіншіден, шексіз жүргізілетін транзакциялар. Әрбір әмиянды қолданушы кімге болсын, қайда болсын ақша төлей алады. Транзакцияларды бақылау не оларға тыйым салу мүмкін емес. Аударымдарды Биткоин әмияны бар жер шарының кез-келген жеріндегі қолданушыға жіберуге болады.

Биткоин криптовалютасы қолма-қол ақша тәрізді жұмыс істейді. Банктерге не басқа да ұйымдарға комиссия төлеудің қажеті жоқ. Жүйедегі төлем комиссиялары кез-келген жердікінен төмен. Ол транзакцияланатын ақша көлемінің небары 0,1%-ын құрайды. Мұндай аз мөлшердегі комиссияның отандық банктердің бірде-біреуінде жоқ екеніне келісетін боларсыз.

Сарапшылардың айтуынша, Биткоинның жалғыз ғана кемшілігі бар. Ол - әлемдік жағдайдың криптовалютаға ерекше әсер етуі. Электронды ақша курсының көтерілуі мен түсуі әр елдің үкіметі қандай мәлімдеме жасағанына байланысты. Бұл жоғарғы құбылмалылық пен қысқа мерзімді проблемаларды тудырады. Мысалы, сіз Биткоин сатып алсаңыз, ол бір ай ішінде 10%-ға арзандап немесе қымбаттап кетуі мүмкін. Десе де, Қазақстанда оның бағамы белгіленбеуіне байланысты бұл ретте әзірше қауіптің көзі жоқ.

Әлемдегі көзқарас

Мемлекеттердің криптовалютаға деген көзқарасы әртүрлі. Австралия, Германия, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Сингапур және АҚШ-тың кейбір штаттары Биткоинды ашық насихаттаса, Индонезия, Қытай, Ресей, Украина мемлекеттері шектеулер қойған. Ал жақында Еуропалық одақ электронды валютаға кеңшілік берді. Еуропалық сот биткойн мен виртуалды басқада валюта операцияларына қосымша құн салығы салынбауы керек деген шешім шығарды. Соттың мұндай шешімі арқылы дәстүрлі валюта мен виртуалды валютаға салық салу жоспары теңестіріледі.

Ұлыбритания биткоин валютаны ешбір қиындыққа қарамастан қолдап отыр.

Ал көптеген елдердің банкирлері «биткоин - халықаралық деңгейде ұйымдастырылған аса ірі алаяқтық болуы мүмкін» деген болжам жасайды. Кейбір елдерде оларды арнайы сауда алаңдары мен айырбас орындары арқылы кәдімгі ақшаға айырбастауға болады. Қазір әлемде 30 млн. доллар көлемінде биткоин айналымда жүр. Бұл, әрине, аз. Сондықтан төлем жасаудың бұл түрі болашақта дами түседі деген сенім зор.

Биткоин валютаға немесе алтын, құнды қағаз сияқты басқа активтерге тәуелді емес. 2010 жылдың ақпанында биткоинның бастапқы курсы 0,01 доллар болды. Ал 2013 жылдың қарашасында оның курсы рекордтық деңгейге - 1 мың 124 доллар 76 центке жетті. Қазір бір биткоин 749-800 доллар шамасында бағаланады. Бірақ бұл курс қадағалауға көнбейтін, қайшылыққа толы тұрақсыз виртуалдық нарықтың бағамы екенін ескерген жөн. Биткоин - нағыз ақша емес, ақшаның орнына пайдаланылатын эрзац, яғни жасанды ақша.

Бізге пайдасы бар ма?

Биткоин арқылы әлемде күн сайын ондаған мың мәміле жасалып жатады. Жуырда пайда болған «биткоин» (bitcoin) сөзі Қазақстан тұрғындарына да таныс. Бүгінде оны Қазақстанның кейбір интернет-дүкендері де доллармен есептеп қабылдайды. Алматыда биткоинмен жұмыс істейтін банкомат та іске қосылды. Қазақстан билігі ақшаның бұл түрін қолдайтыны немесе тыйым салатыны туралы нақты байламға әлі келген жоқ. Десе де, ҚР Ұлттық банкі ел азаматтарына криптовалютаны пайдалануға кеңес беруде. Ол арқылы халықтың табыс табуы да мүмкін делінуде. Елімізде бұл бойынша арнайы ұйымдар да жұмыс істей бастады. «ҚР Ұлттық Банкі қазіргі уақытта Қазақстанда криптовалюталарды пайдалана отырып, халыққа инвестициялық қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс істейтіндігін хабарлайды. Бұл ұйымдар қазақстандықтарға криптовалюталарды сатып алу мақсатында қолма-қол ақша енгізу жолымен, сол сияқты қолма-қол ақшасыз тәртіппен интернет желісі арқылы олардың бағдарламаларына қатысуды ұсынады», – делінген бас банктің ресми хабарламасында.

Әлгі ұйымдардың өкілдері сатып алған криптовалюталар бойынша жеке тұлға клиенттерге қаржы нарығында қолданыстағы мөлшерлемелермен салыстыруға келмейтін жоғары кірістерді уәде етеді. Жоғары сыйақылар айналымдағы ақшаның болуын қамтамасыз ете отырып, қатысу-шылардың айтарлықтай санын және жаңа клиенттердің ақшалай түсімдерін тарту есебінен төленеді. Ақша айналымы (ағыны) тоқтатылған немесе жетіспеген кезде ағымдағы міндеттемелерді өтеу үшін бұл ұйымдар жабылып, барлық төлемдер тоқтатылады.

Десе де, қаржы ұйымдарының пайдасына ақша енгізген қатысу-шылардың салынған қаражатын кейін қайтару бойынша құқықтық кепілдіктері жоқ. Себебі еліміздің заңнамасына сәйкес, бұл ұйымға кіру және жеке тұлғалардың ақша енгізуі ерікті негізде жүзеге асырылады. Әрі ол қандай да болмасын құжатпен рәсімделмейді. Сондықтан пайда табу үшін тәуекелге бел байлау – өз еркіңізде.

Түптеп келгенде, жаһанда цифрлану үрдісі жүріп жатқанда отандастарымыздың одан қалып қоймағаны абзал. Банктің қымбат комиссиясынан құтыламын десеңіз криптовалютаны пайдалануға ешкім кедергі бола қоймас. Тек бұл ретте қаржылық сауаттылығыңыздың мығым болғаны жөн.

 

Бетті әзірлеген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz