- Ассалаумағалейкум, Мұртаза аға! Өзіңізді баспасөздегі жария-ланымдар арқылы білетін едік. Сәті түсіп кездескенімізге қуаныштымыз!

- Рақмет, бауырым! Бұл да бір Алланың қалауы болар.

- Сіздің бір кезде жиі шыққан діни тақырыптағы мақалаларыңыз бен талдауларыңыз есімізде. Бірақ соңғы кезде көрінбей кеткен сияқтысыз ба?

- Рас, соңғы 7 жыл бойы БАҚ-та көрінгенді қойдым, публицистикалық шығармаларды тоқтаттым, осы күнде тек «Фейсбук» желісіндегі жеке парағымда ғана ой білдіріп жатырмын. Елге келгелі өткен 25 жылдан астам уақытта біраз дүние жаздым, бес кітап шығардым, 500-ден астам ғылыми-публицистикалық мақаланың авторымын. Діни радикализм және экстремизм қаупін ескертіп, көп айттым, қазақты дінге бөлмейік, шетелдерден келген ағымдардың бізге пайдасынан зияны көп деп көп айттым, ескерттім, жаздым. Өкінішке қарай, осы ойларым өтпеді, қоғам дінге бөлінді, оның ішінде өзіміздің қазақ неше түрлі дінге, бір мұсылманның ішінде неше түрлі ағымға, тариқат пен жамағатқа бөлінді. Осыған өкпелімін! Жазған пікірлеріміз бір жерлерге жетіп, қолдау тапса, жіберіліп жатқан қателіктердің алды алынса, басқаша болар еді ғой. Ондайда қуанасың, одан ары жазғың келеді. Ал былайша сол ағымдардың соңынан кеткен өзіңнің қандастарыңның сыртыңнан тас атып, небір алыпқашпа әңгіме таратып, қаралап жүргенін көргенде өмірден түңіледі екенсің жазбақ тұрмақ. Содан біраз баспасөзден алшақтаған жайым бар. Осы діни ағымдардың көптеген жақтаушылары сол баспасөздің өзінде де жүр ғой, несін айтамыз...

- Бүгінде діни тақырыпта сөз қозғау ауыр болып кетті ғой. Ата жолынан алыстап, шетелдің діни насихатына еліктеп жатқан жастарға не ақыл айтар едіңіз?

- Жуырда бір бауырларым қоярда-қоймай Түркиядан келген бір «ұстазға» жолықтырды. Мен ондайға жоламайтын едім, қиылып сұрағаннан кейін келісім бердім. Содан үстел басында әңгімелесіп отырсам, анау ұстаз бізге дін жолын үйретіп әлек. Анау дұрыс, мынау шариғатқа сәйкес емес дегендей. Байқасам, насихаты - өздерінің, Түркиялық жөн-жоралғы, салт-дәстүріне бейімделген насихат. Содан біраз қарсылық білдіріп, дәлелдер айттым. Сіздер де біз секілді діні бір, мұсылман халықсыздар, дегенмен сіздердің тарихи-мәдени даму жолдарыңыз бен әлеуметтік құрылымдарыңыз біздікінен бөлек, тәжірибелеріміз әр түрлі. Біздің ата-балаларымыз да Исламның амалдарын өзіміздің салт-дәстүрге икемдеп, халқымыздың болмысына сәйкестендірген. Сіздердің ұсынып отырғандарыңыз қазақтың жан дүниесімен келіспейді, біздің табиғатымызға жат әрекеттер бар, сондықтан ондай уағыздарыңызды айтпаңыздар дедім. Қоштасып, шығып кеттім. Кейін әлгі ұстаз өзіміздің жастарға мені көрсетіп: «Байқап жүріңдер, бұл қауіпті адам екен» деп бағалапты. Өкінішке қарай, бүгінде Араб елдерінен, басқа да мұсылман елдерінен оқып келіп, солардың насихат-уағызын таратып жүрген азаматтар бар. Бұл - қате.

Әр нәрсені былықтырып алатынымыз белгілі ғой, осы дінді де дымын қалдырмай былықтырып алдық қой. Дін көбейді, қазақ дінге бөлінді, мұсылманның ең бір керітартпа, ең бір радикалды ағымдары елге келді, әрқайсысының соңынан мыңдаған адам көр соқыр болып еріп кетті. Дін мәселесі қозғалса, талас, ұрыс басталады, адамдар өшігіп араздасады, бірін бірі тозаққа лақтыруға асығады. Осыны көріп отырған саналы адамдар діннен шаршай бастады, жери бастады, тіпті қаша бастады. Әуел бастан тәртіпке келтіріп, бірізділікке түсіріп, зайырлы да прогрессивті мұсылмандықты насихаттағанда бұлай болмас еді, жұрттар діннен қашпас еді...

- Өзіңіз де Түркиядан оралған қандастардың бірісіз ғой...

- Иә, қиын-қыстау уақытта аталарымыз шекара асқан екен. Түркиядағы қазақтар қоныстанған «Алтай» ауылында дүниеге келгем. Қолымда осы ауылдың
1960 жылдары түсірілген суреттері бар. 200 түтін қазақ Түркия үкіметі арнайы салып берген осы ауылда тұрып, салт-дәстүрімізді берік сақтағамыз... Қытай және Ауғанстан елдеріндегі қазақтар жаугершілік көріп, босқыншылықта жүргенде, бізге Түркия пана болып, құшағын жайып қабылдап алып еді, азаматтық беріп, бауырына басып еді, бұл жақсылықтары алғысқа лайық.

- Бір жазбаңызда әкеңіздің білімді, көпті көрген, қажырлы адам болғанын айтып едіңіз...

- Марқұм әкетайым Жүніс қажы Рақисопыұлы жарықтық 1993, 1998, 2000, 2002 және 2006 жылдары анашыммен бірге келіп, Алматыда менің қолымда, әр келген сайын жарты жылдан астам уақыт тұрды. Қазақстанның бірнеше аймақтарына бытырай қоныстанған туыстарымызға барып, дидарласты. Әсіресе, ауылды жерлерге барғанда далаға шығып, шөптерге көп үңілуші еді. Бірталай жүріп, қолымен шөптерді сипалап, иіскеп отыратын. Бала кезіндегі көрген шөптерін, солардың иісін сағынып іздейтін сияқты көрінуші еді. Сонсоң маған «Балам, мына шөптің аты мынадай, анау шөптің аты анандай» деп түсіндіріп отыратын...
1922 жылы Баркөлде көл жағасында дүниеге келген әкем 2014 жылы 93 жасында Анкарада бақилық болды. 1991 жылы Қытайға барып, өзінің туған жерін көріп, туыстарын аралап қайтты. 1992 жылы анашыммен бірге қажылыққа барып келді.
7 баласы, 23 немересі, 11 шөбересі болды. Нағыз көненің көзі, тарихтың өзі болатын.

- Қазірде осы шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстанға оралу үрдісін қалай бағалар едіңіз?

- Осы уақытқа дейін шетелдерден көшіп келіп, ел қатарын толықтырған азаматтар баршылық, тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам қазақ елге оралды деген дерек бар, бұл зор қуаныш қой! Дегенмен, сең әлі қозғалған жоқ, әлі де
4-5 миллион қандасымыз басқа елдерде тұрып жатыр. Оның бәрінің хал-жағдайы керемет деуден аулақпын, мысалға Қытайдағы бауырларымызды айтсақ болады. Соңғы 15-20 жылда олардың Қазақстанға көшіп келуіне жол ашылып еді, бір жылдары квотамен, бір жылдары квотасыз дегендей. Бірақ осы Қытайдағы ағайындар Қазақстанға көшіп келуге көп белсенділік таныта қоймады, «Қазақстанға келсек, қандай жағдай жасап бересіздер?» деп көп сұрайды екен, әйтеуір бір уайымшылдық басым. Мұңғұлиядағы қандастарымыз 1991 жылы еңбек келісімшарты деген атпен бір күнде елін-жерін тастап, 60 мың адам көшіп келді ғой! Не боламыз, қайда тұрамыз деген жоқ, жаман болған түгі де жоқ, тәуба, өсіп-өніп жатыр. Ал осы күнде Қытай елінің саясаты өзгеріп жатыр, әсіресе соңғы 6 айда қысым көбейіп кетті деп естіп жатырмыз. Әр түрлі себептермен сондағы қазақтарды ұстап жатыр, қамап жатыр деген ақпаратты күнде оқитын болдық қой. Бостандық қолда тұрғанда белсенділік танытып, көшіп келмеген ағайындар осыдан кейін қаласа да, көше алар ма екен, Қытай билігі оған рұқсат ете ме?! Сондықтан тағы да айтарым, қазіргі бейбіт заманды пайдаланып, елге көшіп келгендері жөн. Ешкім аштан өлмейді, әркімнің несібесін Тәңір береді. Менің әкем де Қытайда туып-өскен қазақ болғандықтан, 1780 жылдан бері ата-бабаларым Алтай жерін мекен еткендіктен, Қытай еліндегі қазақтарды қатты ойлаймын, олардың тағдыры мені қатты алаңдатады...

- Бүгінде осы бізді өткен тарихқа деген мақтанушылық қасиеті билеп алған жоқ па? «Кешегі ата-бабаларымыз мынадай болған, біз сондай батырдың ұрпағымыз» деп кеуде қағу бар ғой...

- Ол жағдай да мені ойлантады. Адам баласы өмірде бір нәрсемен мақтанғысы келетін болса, алдымен өзінің шын еңбегімен, сол шын еңбектің шын нәтижелерімен мақтанса болады ғой. Өмірде еш нәрсе тындырмай, әншейін мен пәленшенің ұрпағымын деп аруақтанып, дандайсып кететіндерге не дерсің?! Сол өзі мақтан тұтатын атасы әйтеуір бір тірлік істеп, ерлік жасап, сол атаққа жеткен ғой, құрдан құр ондай атаққа халық баламайды ғой. Ал қазіргінің адамының көбінде ондай ой-сана жоқ, пәленшенің ұрпағымын, ақсүйекпін, анаумын, мынаумын деп шыға келеді өзінің кім екеніне қарамай... Мен тарихыңды білме, өткеніңмен мақтанба деп тұрған жоқпын. Тек өткенге арқаны тіреп қойып, ертеңгі күнге, болашаққа қарауымыз керек қой. Кешегі күнмен босқа мақтанып, даурығып жүре берсек, көш соңында қаламыз.

- Қазақтың намысы дегенді қалай түсінуге болады?

- Бұл - бізде күрделі тақырып. Мысалға кеше ғана Головкиннің жекпе-жегін алайық (сұхбат бокс кешінің ертеңінде болды – Н.Ж.). Қазір не көп, боксшы көп қой. Қаншама жұрт бөркін аспанға лақтырып, қазақтың намысын жыртты, қазақты әлемге танытты дейді. Түсінбеймін, егер ол айқасқа түссе, гонорар ретінде миллиондап доллар алды. Қазір футбол, баскетбол сияқты осы бокс та - әлеуметтік феноменнің бірі болып қана қоймай, бизнестің бір түріне айналып кетті ғой, кәдімгі маркетинг әдістері бар, өзінше бір сала. Біз болсақ, «ұлттық намыс» деп, соған рухтанып, басымызға көтереміз. Басқа елдерден де боксшылар шығып жатыр ғой, дегенмен біздегідей оның бәрін батырға айналдырып, аспандатып жатпайды. Қазіргі біздің қоғамда ұлттың намысын көтеретіндер осы боксшылар мен әншілер ғана сияқты! Шынтуайтына келгенде, намыс десеңіз, ерлік іздесеңіз, сол қарапайым дәрігер мен мұғалімнің, өрт сөндірушінің, зауыттағы жұмысшының күнделікті еңбегі қазақтың намысы емес пе екен? Дәрігер қаншама науқасты емдеп, ота жасап, аман алып қалып жатыр; мұғалімдер тіршілік етудің қиындығына қарамастан, қаншама баланы оқытып, ел қатарына қосып жатыр; зауыттарда істейтін механик, электрик, химик, технологтар өнім өндіріп, ел экономикасының қуатын арттырып жатыр. Намыс па? Намыс! Осының бәрі де елдің, ұлттың келешегіне қызмет етуде, малын бағып жатқан қойшы да, малшы да, диқан да! Тек жарнамасы жетпей жатыр, олардың еңбегін тікелей эфир арқылы миллион жанкүйерге көрсетпейміз, еңбектері бағаланбайды. Меніңше, еңбек - солардікі.

Тіпті, бокс спорт емес, төбелес қой. Намысты ғылыми-технологиялық табыстардан неге іздемейміз? Қазір әнші мен боксшының ғана соңынан кетіп, түн ұйқысын төрт бөліп, солардың сайыстарын көріп, жеңсе қуанып, жеңілсе түңіліп, небір ашулы сөздер айтып жүр көпшілік. Кейбіреуінің өзінің жұмыссыз жүргенінде шаруасы да жоқ! Ондай көпшілік ғалымды қайтсін, дәрігерді қайтсін, олардың немене шұғылданып жүргенін қайдан білсін!

- Үнемі тың пікір айтасыз. Жұрт қалай қабылдайды?

- Бізде қарсы пікір айтқанды, өзгеше ойлайтын адамды халық жауына айналдыру, мансұқтап қаралау, мейлінше қудалау ауруы бар. Оны «Фейсбук» секілді бетайнадан айқынырақ көреді екенсіз. Дегенмен, тың ойлар, соны пікірлер айтылуы тиіс, сыни көзқарас болуы шарт, қоғам ілгерілеуі үшін, сана жаңаруы үшін пікір алуандығы болуы керек қой, бауырым...

- Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз! Аман болыңыз!

ӘңгімелескенНұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

saryarka-samaly.kz