Қомақты көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған Ораз Дүзденбаев екі ай бойы қамауда отырады.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Ораз Алпысұлы белгілі бір шаруа қожалығының басшысының субси-дияға берген өтінішін қабылдауы үшін 200 мың теңге пара сұратқан. Кәсіпкер аталмыш қаржының жарты бөлігін төлеген. Қызметтік мекемені тінту барысында антикоррупциялық қызмет өкілдері ғимараттан 4,5 млн. теңге көлемінде қомақты қаражат тапқан. Аталмыш сома жоғарыдағы тәсіл бойынша өзге фермерлерден алынуы мүмкін деп болжануда. Егер Ораз Дүзденбаевтың кінәсі дәлелденсе, ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы бойынша кінәлі деп танылып, алынған парасынан 70 есе артық айыппұл төлеуі мүмкін немесе мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылмақ.
7 жылдан 12 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, 48 жастағы шенеунік Ораз Дүзденбаевтың екі жоғары білімі бар. Ол ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істеген. Жеті жылдан астам уақыт «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясының облыстық филиалын басқарды. Бұған дейін Железин ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына ағымдағы жылы қаңтар айында тағайындалған.

А.АСҚАРҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz