Жолаушыларды тасымалдаушылар шілде айында билет бағасын 90 теңгеге дейін арттыруды көздеген еді. Сол тұста бұл өтініш қанағаттандырылған жоқ. Сондықтан бұл мәселені тағы да халық қалаулыларының қарауына ұсынды.

№1 автопарк директоры Вадим Ковальчуктың айтуынша, соңғы уақытта дизельді отын бағасы 1 литр үшін 102 теңгеден 160 теңгеге дейін қымбаттады. Көлік бөлшектерінің құны бір жарым есеге, коммуналдық қызмет көрсету ақысы
15,8 пайызға өсті.

- Бұрын жолақы құнындағы жанармайдың үлесі 45 пайыз болса, қазір 72 пайызға жетті. Бұл ретте тарифтің 10 пайызға өсуі жанармай қымбаттауының 14 пайызына ғана тең. Сәйкесінше, бір жыл аралығындағы шығын-дарды өтемейді. Яғни, жолақының 80 теңге болуы мәселені шешпейді. Қазақстан бойынша орташа тариф – 85 теңге, ал жолда жүрудің нақты өзіндік құны – 134 теңге,
- дейді В.Ковальчук.

Оның сөзін «Павлодар автокомбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Панченко да қостады.

- Облыс орталығында қатынайтын автобустар шеттен әкелінеді. Олардың бөлшектерін де дилерлер арқылы шекараның арғы жағынан жеткізуге тура келеді. Мұның барлығы шығынның еселенуіне себеп. Сондықтан тарифті тым құрығанда 90 теңге етіп бекіту керек, - деді А.Панченко.

Бұған қатысты депутаттар да өз ойларын ортаға салды.

- Кәсіпорындар тығырықтан шығуы үшін тарифтің 90 теңге болуы ойға қонымды. Есесіне өзге әлеуметтік мәселелер де шешілуі тиіс. Айталық, қарттардың зейнетақысын шамамен 30 пайызға көтеру қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар 13 әлеуметтік топтың тегін, зейнеткерлер мен оқушылардың жарты бағаға жүріп-тұруы үшін бюджет есебінен тасымалдаушыларға дотация берілетінін естен шығармау керек. Егер тариф көтерілсе, мемлекеттік қазына да айтарлықтай ортаяды, - деді Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Виктор Деймунд.

«Нұр Отан» партиясы Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найля Ахметова жолақының қымбаттауы үшін нақты себеп болуы керектігін тілге тиек етті.

- Жолақыны 85, 90 теңге көлемінде белгілеуге болады. Бірақ оған негіз болар себеп қажет. Сондықтан тарифті құрайтын әр теңгенің салмағын саралаудамыз. Қалай болғанда да жауапкершілік жүгі депутаттарға артылады. Осыны жақсы түсіну керек, - деді Н.Ахметова.

Сонымен қатар қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында Павлодар қалалық тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық, жолауышлар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Асылбеков оқушылар мен студенттердің қоғамдық көлікте тегін қатынауын ұсынды.

- Мұндай жеңілдік барлық сынып оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттерін қамтитын болады. Бұл мақсатқа жылына
998 млн. теңге қажет. Жолаушыларды тасымалдайтын компания-лармен жасалған меморандумға сәйкес барлық шығынды тасымалдаушылардың өздері көтереді. Қазіргі кезде бұл мәселе жан-жақты саралануда, - деді М.Асылбеков.

Егер бұл бастама жүзеге асса, Павлодар оқушылар мен студенттер тегін жүретін еліміздегі алғашқы қала болмақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz