«Ақжар Өндіріс» - ауыл ажары!

Ауданда қарқынды жұмыс атқарып келе жатқан «Ақжар Өндіріс» агрофирмасы ЖШС өзінің сапалы өнімімен мақтана алады. Жылқы, сиыр, қой етінен таза табиғи өнім шығаратын өндіріс тұтынушылар ортасында жоғары бағаға ие.

Гүлзира Қазылова басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік бүгінде толағай табыстарға жеткен. Алғашқыда өнімді тұрақты тұтынушыларды таппай, әбігерге түскен. Уақыт өте келе кәсіп пен нарықтың қыр-сырын меңгерген кәсіпкердің шаруасы ширай түскен.

- Біздің өнімдер 100 пайыз таза еттен жасалады. Оның құрамына тұз, бұрыш, лавр жапырағынан басқа ешқандай қоспа қосылмайды. Нарықтағы бағасын да қолжетімді деп айтар едім. Әрбір қалбырдағы бұқтырылған еттің таза салмағы - 340 гр. Жылқы етінен жасалған өнім - 500 теңге, сиыр етінен жасалғаны –
450 теңге, қой етінің өнімі – 420, ботқалар 220-280 теңге мөлшерінде саудаланады. Бос қалбырды 42 теңгеден сатып аламыз. Сапалы өнімге қашан да сұраныс бар, - дейді кәсіпкер.

Биылғы жылы өндірістегі қажетті технологиялар жаңартылған. Құны 78 мың АҚШ долларын құрайтын жаңа техника Украинадан жуырда әкелінген. Кәсіпкер бағалы аппаратқа «Даму» бағдарламасы арқылы төмен пайызды несие алып қол жеткізген. Жаңа құрылғының арқасында алдағы уақытта қолмен істейтін жұмыстың басым бөлігі техника арқылы атқарылатын болады.

- Осы жерде жұмыс орны ашылғаннан бері қызмет етемін. Он жылға жуық уақытта жұмыс орнын ауыстырмағаныма қарап-ақ қызметімнің өзіме ұнайтындығын білген боларсыздар. Жаңа техника сатып алынғалы бері жұмысымыз да жеңілдеп қалды. Айлық ақымыз да тұрақты түрде төленеді, тапқан табысымыз бала-шағамызды асырауға жетеді, - дейді цехтың технологы Надежда Руденко.

«Ақжар Өндіріс» агрофирмасы өніміне аймақты былай қойғанда республиканың әр түкпірінен арнайы тапсырыс беретіндер аз емес. Тәулігіне 920 дана консерві өнімін шығаруға қауқарлы кәсіпорын алдағы уақытта тапсырысты тез әрі сапалы орындауға мүмкіндік бар екенін айтады.

Өнімді дайындау үшін шикізатты алыстан іздемейді. Өндіріспен бірге шаруашылықпен де айналысатын кәсіпкер қой, сиыр, жылқы ұстап, семіртеді.

Өнім тіпті шекарадан ары асып, Ресей жеріне де тасымалданатын көрінеді. Жыл сайын Ресейдің Омбы облысында ұйымдастырылатын «Агро Омск» халықаралық жәрмеңкесіне жерлестеріміз екі жыл қатысқан. Сапалы өнімге ресейліктер де қызығушылық танытып, жиі тапсырыс беретін болған. Атап айтсақ, Ресей Федерациясының Красный Яр, Москва өңірлерінен қазақстандық өнімнің тұтынушылары бар.

Аталған кәсіпкер 2010 жылдан бері қарай қымыз өндірумен де айналысады. Қазақтың дәстүрлі сусыны да толықтай сұранысқа ие. Атап өтерлігі, биені сауудан құтыға құйылып, сатылымға дайын болғанға дейінгі үрдістің барлығы толықтай автоматтандырылған. Жаз айларында жүзден аса бие байлайтын кәсіпкер қымыз өндіруді де тапсырыстың түсіміне қарай игеретінін айтты.

«Ақжар Өндіріс» агрофирмасы ЖШС жиырмадан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

saryarka-samaly.kz