Басылымның байрақты бәсеке-сінің ашылу салтанатына Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев, жергілікті «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Илья Теренченко, Павлодар облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов және басқа да зиялы қауым өкілдері мен өңірдің спортсүйер қауымы қатысты. Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, алыс-жақыннан келген қонақтарға шабыт сыйлады.

Бәсекеге Павлодар өңіріндегі аудандар мен қалаларға қоса, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарынан, Астана мен Семей қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарынан, Қырғызстан республикасынан спортшылар жиналып, «Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесін сарапқа салды.

Басылым турнирінің басқа жарыстардан ерекшелігі – бұқаралық сипатта өтуінде. Бұл сайыста кәсіпқой спортшылармен қатар әуесқойлар да бақ сынауға мүмкіндік алады. Тайға мінген баладан, таяқ ұстаған қартқа дейін қанжығасын майлауға ниетті жандар жас ерекшелігіне байланысты бес топқа бөлініп, өнер көрсетті.

Осыдан он жыл бұрын «Сарыарқа самалы» газетінің турнирін ұйымдастыру идеясын қолдаған азаматтардың бірі, төл спорттың жанашыры, «Шахмат үйінің» бұрынғы директоры марқұм Мүтән Күшіков еді. Ол кісінің ұлттық ойынға деген адалдығы, еліне деген махаббаты атқарған өнегелі істерінен көрініп тұратын. Шараға спорт жанашырының жары Роза Малғаждарқызы да арнайы қатысты. Тоғызқұмалақ турнирін ұйымдастыру туралы ұсыныс айтып, Мүтән ағамыздың қасынан табылған сол кездегі басылымның бас редакторы Мұхит Омаров ағамыздың да еңбегі ерекше.

- Бұл турнир алғаш ұйымдастырылған сәтте аса ауқымды емес еді. Жыл өткен сайын «Сарыарқа самалы» газеті атындағы сайыстың маңызы арта түсті. Қатысушылар саны да көбейді. Оныншы жылы жоғары деңгейге көтеріліп, республикалық мәртебесіне ие болғанына ерекше қуанып тұрмын. Турнирді ұйымдастырудағы идеяның авторы ретінде елеп-ескеріп жатқан інілеріме алғыс айтамын. Идеяны бастау бар да, оны жалғастыру қиын. Жаһандану дәуірінде адамның ойлау өрісінің шектеліп келе жатқандығын білеміз. Интернет пен калькулятор секілді заманауи құралдар тұрған кезде есеп шығарудан да шет қалдық. Адамзаттың есте сақтау қабілеті де нашарлап кетті. Төл ойынымыз - тоғызқұмалақты ойнаған адам әр сөзін ойланып сөйлейді, әр қадамын байыппен басады. Турнирдің болашағына толағай табыс тілеймін! – деді ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері М.Омаров.

Сайыста Алатаудың арғы бетінен келген қырғыз бауырларымыз ел назарын өздеріне аударды. Айыр қалпақтылардың намысын қорғауға келген қырғызстандық үш азаматтың ішінде осалы жоқ.

- Бішкек қаласынан осы сайысқа арнайы келдік. Ізімдегі інілерімнің бірі – Мейрамбек Ишембай тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер, Марлес Дулатбеков - тоғызқұмалақтан спорт шебері. Павлодар - менің өмірімде елеулі орын алған қалалардың бірі. 2013 жылы тоғызқұмалақтан осы жерде өткен Азия чемпионатына қатысып жүлделі 3-ші орын алғанмын. Павлодарлық тоғызқұмалақшылардың біразымен таны-сып, араласып кеттік. Спорттың осы түрінен Қырғызстанда жылына 20-ға жуық сайыс өтеді. Қазақ елінің спортшылары Қырғызстанға да келіп, жарыстарға қатысады. Біздің ел тоғызқұмалақ бойынша әлемде Қазақстаннан кейінгі екінші орында тұрғанын мақтанышпен айтамын. Әлемдегі үздік үштікті Моңғолия қорытындылайды. Қатысушылар саны көп, ұйымдастырылуы жағынан жоғары деңгейдегі жарысты алғаш рет көріп отырмын. Екі елдің достығы мен татулығы осындай сайыс арқылы дами түседі, - дейді тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионатының жүлдегері, қырғызстандық Мұратәли Исмайлов.

Айтпақшы, қырғызстандық чемпион жігіттің жарыс жолынан ертерек шығып қалғандығын ескерсек, бәсеке деңгейінің биік болғандығын да бағамдау қиын емес.

Төл спортты дамытуға тер төккен азаматтардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Абай ауданынан келген жаттықтырушы Назым Күзембай.

- Абай атамыз да өз заманында тоғызқұмалақ ойнаған. Мұхтар Әуезовтің де төл спортқа жақын жанашыр болғандығын жақсы білеміз. Мұхтар атамызды көзі көргендер «Ол кісі «Балаларыңызға тоғызқұмалақ үйретіңіздер» деп үнемі айтып отыратын» дейді. Менің балаларымның барлығы тоғызқұмалақ ойнайды. Екі қызым Жайнар мен Нұрайым төл спорттан жақсы нәтижеге қол жеткізді. Республикалық сайыс-тарда топ жарды. Екі қызым да мектепті «Алтын белгіге» аяқтап, қалаған жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсті. Айтпағым бұл емес. Тоғызқұмалақ ойнайтын балалар тым зерек болып қалыптасады. Менің бұл пікірімді статистикалық мәліметтер де дәлелдеп отыр. Тоғызқұмалақпен жастайынан тұрақты түрде айналысатын балалардың барлығы дерлік қалаған мамандықтарын игеруге толық қабілетті болады екен. Тіпті, ғалымдар адам ағзасында ерекше рөл атқаратын нүктелердің саусақ ұшында орналасқандығын айтады. Демек, тоғызқұмалақ ойнау денсаулыққа да пайдалы болмақ. Осы сайысқа үкілеп әкелген 4 шәкіртімнің екеуі жүлделі орыннан көрінді. Республикалық ірі бәсекеде бұл да - үлкен жетістік, - деді ҚР-ның Құрметті спорт қызметкері Н.Күзембай.

Айта кетейік, 2008 жылы бастау алған бастаманы аяқсыз қалдырмай, он жыл бойы дәстүрлі турнирдің туын биікке желбіретіп келе жатқан облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің еңбегін елеп-ескерген ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясының Президенті Әлихан Байменовтің атынан басылымның бас редакторы Нұрбол Жайықбаевқа Алғыс хат тапсырылды.

Сондай-ақ турнирдің жабылу салтанатына Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, облыстық Тоғызқұмалақ федерациясының басшысы Ардақ Райымбеков қатысты.

Жарыстың ұйымдастырылуына демеушілік танытқан «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына, Май ауданының әкімдігіне, серіктесіміз «Шахмат үйінің» ұжымына алғыс айтамыз.

Сан ғасырдан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық спорт бүгінде әлемдегі шахмат, дойбы секілді логикалық ойындармен иық тірестіретін күнге жетті. Қой баққан қазақтың ой да баға білгендігінің айқын дәлелі – тоғызқұмалақ.

Өзінің қатысушыларымен де басқадан бағасы жоғары турнирдің өміршең боларына сенімдіміз!

Алпысбай ХОНЖ

 

Арқаны дүбірлеткен айтулы бәсеке!

Алты алаштың назарын өзіне тіктеген ата басылым - облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің дәстүрлі X турнирі 2 күн бойы спорт сүйер ағайынға ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, жас жеткіншектер үшін аталған турнир жыл сайын асыға күтетін мерекеге айналып үлгерді. Алыс-жақыннан арнайы келіп, шын мықтыны анықтаған тартысты доданың қызықты сәттерін оқырман қауымға ұсынамыз! Қанатын кеңге жайып келе жатқан турнир ұлттық ойынға құрметпен қарайтын қатысушылары мен жанкүйерлері барда биік белестерді бағын-дырары анық. Құрметті оқырман! Болашақта сіз де үздіктердің қатарынан көрінгіңіз келсе, қазірден бастап төл ойынды ойнауға ден қойыңыз!

saryarka-samaly.kz