- Оразгелді Әліғазыұлы, өзіңіз басқарып отырған ауданға артылған жүк аз емес. Соның ең салмақтысы - ауданды аймағымызда туризмнің тамыры тереңге тартқан өңірге айналдыру. Бұл бағытта биыл қандай жұмыс атқарылды?

- Иә, ауданымызда туризмді дамыту үшін бізге жүктелген тапсырма аз емес. Солардың бір бөлігі биыл ойдағыдай жүзеге асты. Нақтырақ айтсақ, туризмді дамыту тұжырымдамасы аясында Баянауыл және Торайғыр елді мекендерін көріктендіру, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің айналасын, Жасыбай демалыс аймағын дамыту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, шағын авиацияға арналған аэродром, Мырзашоқыда тау шаңғы базасының құрылысы сияқты жұмыстар қолға алынған. Аталған жұмыстарға биыл 3,7 млрд. теңге бөлінді.

Шаңғы базасы құрылысы алдағы желтоқсан айының 20-сына дейін аяқталады. Қажетті жабдықтар жеткізілді. Құрастырылып жатыр. Бұл таудың тау шаңғысы спортын дамыту үшін бекер таңдалып алған жоқ. Халықаралық кәсіби сарапшылар үлкен спортты да, бұқаралық шаңғы тебуді де дамытуға жарап тұр деген қорытындыларын берген. Мұндағы шаңғы жолының жалпы ұзындығы
11 шақырымнан артық болмақ. Өңірдің климаттық ерекшеліктері аталмыш спортты дамытуға қолайлы. Қажетті қар көлемі де болады. Қарды тегістейтін жабдықтар да бар. Инфрақұрылымы жасалуда. Бүгінде базаға электр желісі тартылды. Шағын контейнерлер орнатылуда. Ал алыстан барып, бірнеше күн табиғат аясында шаңғы тепкісі келетіндер үшін іргесіндегі ауылдарда тынығатын үйлер болады. Аудан орталығы да алыс емес. Қатынайтын көлік болады. Шаңғы базасын құруға барлығы 350 млн. теңге жұмсалды. Жоба өңірімізге жылына
70 мыңға жуық турист тартуға жол ашады деп болжануда. Айта кетейін, биыл ауданымызға келген демалушылар саны 140 мың адамнан асты. Бұрындары
70-90 мың адам ғана келуші еді.

- Бұдан бөлек, Баянауылдағы әйгілі көлдердің жағасында да жағымды жаңалықтар болғаны белгілі. Соларға кеңірек тоқталсаңыз.

- Жасыбай көлінен бастайын. Көпшіліктің сүйікті орнына айналған бұл демалыс аймағына ағымдағы жылы 160 мың демалушы келіпті. Өткен жылдармен салыстырғанда олардың қатары өскен. Көлге пирс (суға қарай сұғындыра салынған құрылғы), субұрқақ орнатылды. Күннен қорғайтын қалқандар да қарастырылды. Орталық аллеяға тротуар төселді. Адамдар көптеп шоғырланатын орындар жарықтандырылды. Атпен саяхаттау, велосипедті жалға алу мүмкіндіктері жасалды. Туристердің қауіпсіздігі тұрғысынан айналма жол салынды, бейнекамералар орнатылды. Баянауыл-Жасыбай автожолының бойына энергия үнемдейтін шамдар орнату бойынша жоба аяқталуға жақын. Оған
260 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстар таудың тік құздарымен өтетін жолда көлік апаттарының алдын алу үшін жасалуда.

Сабындыкөлді саялаймын деушілерге де алдағы уақытта жағдай жасалады. Олай дейтінім, аталмыш көлдің маңына қысы-жазы туристер қабылдайтын 10 демалыс үйін салу ойда бар. Бүгінде инвестор бар. Нысандар салынатын жерлерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. «Факел» демалыс үйі мен Баянауыл ауылы арасындағы аумаққа екі қабатты үйлер салу жоспарда бар.

- Демалыс орындарымен қатар ауылдарды абаттандырудың маңызы зор екені сөзсіз. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» емес пе?! Осы ретте, елді мекендердің келбетіне де көңіл бөліп жатқан боларсыздар.

- Әлбетте, оған да мән береміз. Ағымдағы жылы абаттандыру бағытында да көп жұмыс атқарылды. Баянауыл мен Торайғыр елді мекендерінің саябақтары мен аллеялары көріктендіріліп, жаяу жүргіншілер жолдары төселді, жолдары жаңартылды. Барлық көшелеріне дерлік жарық тартылды. Жалпы, биыл аудан бойынша 45 шақырымға жарықтандыру желісі тартылып, 1700 жарық бағаны орнатылды. 2000-нан астам шам қойылды.

- Ал жол жөндеу жұмыстары қалай жүзеге асуда?

- Қуантарлығы келесі жылға ауданымызда жол құрылысына республикалық қазынадан 6,1 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражатқа Қалқаманнан бастап, Қарағанды шекарасына дейінгі жолды жөндеу көзделуде. Яғни қаржыландыру мәселесі шешіліп отыр. Енді бастысы, жұмысты сапалы әрі уақытылы жүргізетін мердігер таңдалуы тиіс. Жұмыс 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Одан бөлек, Құндыкөл елді мекенінің маңынан Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне апаратын 52 шақырымдық жолға асфальт төсеу жоспарда бар. Жобасы жасалған, енді қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Сонымен қатар, биыл Жасыбайдан Торайғырға дейінгі 12,4 шақырымдық жол жөндеуден өтті. Бұл автожолмен туристер Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесіне, «Әулиебұлақ» бұлағына, сакралды орындарға оңай жете алады. Бұл мақсатқа 370 млн. теңге бөлінді. Оның 170 млн. теңгесі биыл игерілсе, қалғаны келесі жылы жазғы маусым басталғанға дейін кәдеге жаратылады. Ал Екібастұз-Баянауыл бағытындағы жолдың бірнеше бөлігінде жүріп жатқан құрылыс жуық арада толық аяқталып, қолданысқа беріледі.

- Енді аудан дамуына үлес қосып отырған өзге де салаларға ойыссақ. Ауа райы мен жері мал шаруашылығын дамытуға қашан да қолайлы Баяна- уылда қазір жағдай қалай?

- Бүгінде ауданымызда мал басы көбейіп келеді. Қазіргі таңда 75,6 мың ірі қара мал болса, 30 мыңнан аса жылқы, 139,9 мың бас ұсақ мал бар. Негізі, ауданымыздың әлеуеті мен жайылымдық жерлеріміз төрт түлікті еселеп өсіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ауданымызда 444 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 25 ферма отарлы мал шаруашылығымен айналысады. Оларды ұңғымалармен қамту жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Былтыр 16 ұңғыма қазылса, биыл тағы 10 ұңғыманың құрылысы аяқталды.

- Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

- Сиыр, жылқы, қой етін өткізу мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылады. Мәселен, биыл шаруа қожалықтарының қатысуымен Астана, Павлодар, Екібастұз қалаларында және Майқайың кенті мен Баянауыл ауылында 50 шақты ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Мұнда жалпы сомасы
55,6 млн. теңгенің 43 тонна өнімі сатылды. Ет өнімдерін өңдеу, сақтау және сату кәсіпорындарын ашу мәселелері қарастырылуда. Дайын өнімдерімізді сататын жаңа нарықтар іздестіріліп жатыр. Инвесторлар тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын 15 пункт бар. Оның 14-і ет өндірсе, біреуі жүн мен тері өндіреді.

- Ауданда жұмыссыздықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

- Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына еңбекпен қамтуға қолғабыс жасауды сұрап 955 адам өтініш білдірді. Олардың 92 пайызы жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамтылған. Бүгінгі күні жұмыссыз ретінде 165 адам тіркеуде тұр. Биыл 650 жұмыс орны құрылды. Оның 400-ге жуығы тұрақты болса, қалғаны - уақытша жұмыс орны. Тағы айта кетерлігі, 269 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылса, тағы 92 жұмыссыз тұрғын әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Аз қамтылған 6 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.

Осы ретте, жұмыссыздық деңгейін азайтуға 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының көмегі мол. Мәселен, биыл аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты бойынша
56 адам колледждерде әртүрлі мамандық меңгеруде. Тағы 55 азамат қысқа мерзімді кәсіптік білім алуда. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы шағын несие лимитін 59 млн. теңгеге жеткізді. Сөйтіп, 11 өтініш білдірген азамат шағын несие алды. «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 188 адам кәсіпкерлік негіздерін оқуға жіберілді. Қазіргі таңда олардың 150-і сертификатын алды. Ал үшінші бағытының нәтижесінде 92 адам еңбекпен қамтылды. Сонымен қатар, 15 жастың жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасуына жағдай жасалды.

- Қазіргі таңда қай өңірді алсақ та, құрылыстың қарқын алғанын байқаймыз. Баянауыл да бұл жұмыстардан қалыс қалмаған болар?

- Құрылыс жұмыстары биыл біздің ауданымызда да қызу жүрді. Нақты тоқталатын болсақ, Майқайың кентінде 110 орынға шақталған балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Биыл қолданысқа беріледі. Жеке инвестор есебінен екі пәтерлі бір тұрғын үй салынды. Жуық арада оны бюджет қаражатына сатып аламыз. Конкурстық шаралар жүзеге асырылуда. Одан бөлек, 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысы да аяқталуға жақын. Оны келесі жылы сатып алу жоспарланып отыр. Жасыбайға жеткізетін жолды жарықтандыру жұмысы толық аяқталды. Сонымен қатар, биыл сонау сексенінші жылдары қолданылған, кейін қараусыз қалған жайылма суару құрылғыларын қалпына келтіру көзделіп отыр. Биыл бұл нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Майқайың, Ұзынбұлақ елді мекендеріне ветеринарлық пункттер, Бірлік, Құндыкөл, Жаңатілек, ЦЭС ауылдарына су құбырын салу үшін де жобалық-сметалық құжаттар дайын тұр. Аталмыш нысандарға келесі жылы қаржыландыру ойдағыдай болса, құрылыс қарқыны алдағы жылы да үдей түспек. Тағы бір айта кетерлігі, биыл ауданымыздың бас жоспарын түзетіп алдық.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан - Г.ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz