Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Түркия Республикасының өнеркәсіпшілер және кәсіпкер әйелдер конфедерациясы өкілдерінің аймағымызға сапарын жылдар бойғы қалыптасқан достықтың белгісі деп бағалады. Аймақ басшысы атап өткендей, қазақ-түрік қарым-қатынасында Павлодар облысының қомақты үлесі бар. Бүгінде Түркия мен облысымыздың арасындағы тауар айналымы 64 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл ретте, біз 62 млн. АҚШ долларына тауар экспорттадық. Оның барлығы дерлік – алюминий өнімі. Ал түрік елінен
2 млн. АҚШ долларына ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтарды тасымалдадық.

- Біз түрік кәсіпкерлерінің барлық бастамаларын қолдауға әзірміз. Екі тарап арасындағы әріптестікті дамытудың жаңа көкжиектерін қарастыру қажет. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм саласында бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Мысалы, Павлодар қаласындағы арнайы экономикалық аймақ – инвестиция құюға таптырмайтын орын. Оған қазірдің өзінде 120 млн. АҚШ долларынан астам жеке инвестиция тартылған. Бұдан бөлек, Түркия елінің туристік әлеуеті жоғары екенін білеміз. Осы саладағы мол тәжірибелеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді пайдалана отырып, аймағымызда ілкімді жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз,
- деді облыс әкімі.

Түрік кәсіпкерлеріне керегі де - осы. Олар да Қазақстанда бизнес дамытуға, қос ел арасындағы сауда айналымын арттыруға ниетті екенін жеткізді.

- Біздің ұйым арқылы еліміздің кәсіпкерлері әлемнің ондаған мемлекеттерімен тығыз әріптестік орнатқан. Ендігі бағытымыз – түркі тілдес елдермен арадағы байланысты күшейту. Бұл ретте, бірінші кезекте Қазақ еліне аңсарымыз ауып тұрғанын жасырмаймыз. Мұнда бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалған. Павлодар облысының экономикалық әлеуеті де көңіл қуантады. Өз кезегімізде, сіздермен өнеркәсіп болсын, құрылыс, туризм, энергетика, ауыл шаруашылығы сияқты кез келген сала бойынша әріптестікке әзірміз,
- деді Незакет Эмине Атасой.

Кездесу барысында болашақта жүзеге асуы мүмкін нақты жобалар аталып өтілді. Мысалы, алдын ала келіссөздер нәтижесінде түрік кәсіпкерлері аймағымыздан көп көлемде жасымық дақылын импорттауға әзір екенін айтты. Ресми деректерге сүйенсек, Түркия Канада елінен жылына 80 мың тонна жасымық тасымалдайтын көрінеді. Аймақ басшысы біздің өнім сапа жағынан канадалық дақылдан еш кем түспейтінін айтты. Бұған облысымызға сапары барысында түрік ағайындардың да көзі жетіп отыр. Онымен қоса, екі ел арасындағы логистикалық байланыс та жақсы дамыған. Ал павлодарлық шаруалар мұндай келісімге қол жеткізер болсақ, аянып қалмаймыз дейді. «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Ерлан Тоқтышақовтың айтуынша, биыл диқандар сынамалы түрде жасымық отырғызып көрген.

- Жасымықтың шығымы жақсы. Егер сұраныс болса, егістік көлемін еселеп арттыруға болады. Түркия елінің кәсіпкерлерімен келісім жасасар болсақ, біздің кооператив мүшелерінің өзінде бір жылда 20 мың тонна жасымық экспорттайтын қауқары бар, - дейді Ерлан Шапайұлы.

Әзірге сөз жүзінде жасалған келісім көп ұзамай қағаз бетіне түсетін сыңайлы. Түркия өнеркәсіпшілер және кәсіпкер әйелдер конфедерациясының президенті бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдететінін айтты. Бұдан бөлек, Павлодар облысынан баратын алюминий өнімдерінің көлемін арттыру мәселесі қарастырылмақ. Ал аймағымызға ауыл шаруашылығы жабдықтары, жеңіл өнеркәсіп саласының өнімдері жеткізілмек. Сондай-ақ, Незакет Эмине Атасой облыс әкіміне түрік кәсіпкерлерінің ерекше сәлемін жеткізді. Жоғарыда аталған конфедерация мүшелері қазірдің өзінде еліміздегі инфрақұрылымдық жобаларға
5 млн. АҚШ доллары көлемінде инвес-тиция құюға әзір. Бұл қаржы ұзақ мерзімді, пайызы төмен несие ретінде берілмек. Несие жоба жүзеге асырыла бастағаннан
5 жылдан кейін қайтарыла бастайды. Мұндай ұтымды ұсынысқа қол жеткізу үшін мейлінше табысты, өміршең жоба ұсынылуы тиіс.

Облыс әкімі Б.Бақауов аймағымызда туризмді дамытуға ниетті кәсіпкерлер табылса, оларға барлық қолдау шаралары көрсетілетінін айтты. Тіпті, қажетті жер учаскесін де жеделдетіп бөліп беруге әзірміз. Түркиялық бизнесмендердің бұл саладағы тәжірибесі үлкен серпін берер еді. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс орталығында 5 жұлдызды қонақүйге сұраныс жоғары екенін атап өтті. Мәртебелі мейман барлық ұсыныстар тиісті деңгейде қаралып, шешім шығарылады, деп жауап қатты. Болашақта Павлодарда 5 жұлдызды қонақүй салу жобасын қолға алулары мүмкін екенін де жасырмады.

Незакет Эмине Атасой павлодарлық кәсіпкерлерді алдағы айларда Анкара қаласында өтетін қазақ-түрік бизнес форумына шақырды. Жоғарыда аталған бастамалар мен ұсыныстар осынау форум барысында пысықталмақ.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz