«Астана-Павлодар» бағытындағы тас жолдың «бағы» ашылмай қойды. Орталық-Шығыс автожолы жобасы аясында жөндеу жұмыстары 2014 жылы қолға алынған болатын. Алайда уақытылы аяқтау мүмкін болмай тұр.

Өкінішке қарай, жөні түзу мердігерге жарымай қойдық. Алғашында жол құрылысы жобасын ирандық компания ұтып алған болатын. Бірақ ол көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алған сыңайлы. Ақыр соңында, құрылыс тоқтап қалды. Ал шетелдік мердігер басымен қайғы болып кетті. Айыппұл санкциялары салынды. Амал не, уақыт жоғалттық.

Бұдан кейін іске отандық мердігер компаниялар кіріскен еді. Олардың да жұмысы мандымай отыр. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, аталмыш жол құрылысында тағы қиындық туындады. Себеп мынада, мамандар қиыршық тасты жеткізу ісі кешеуілдегенін айтады. Салдарынан жол құрылысы тұралап тұр.

Әуелде жол құрылысына қажетті қиыршық тасты бес фирма қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда олардың біреуі қаржылық дағдарысты сылтау етіп, мойнына артылған міндеттемесін орындамай қойған. Басқалары болса тиісті көлемнің тек жартысын ғана жеткізген. Осылайша, кен өндірушілер тиісті миллион текше метр тастың тек 612 мың текше метрін өндірген.

Жалпы, Павлодар облысы аталмыш құрылыс материалын өндіру бойынша қорға бай болуы тиіс. Себебі жайда «қиыршық тасты Омбы қаласына экспорттаймыз» деп мақтанамыз. Өкінішке қарай, әзірге өзге түгіл, өзімізді де қамти алмай отырмыз. Қазіргі уақытта автобан құрылысында игерілмеген қаржы көлемі
17 млрд. теңгеге жетіп отыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Ақылбек Қабылдиннің сөзінше, жуырда облыс әкімі жер қойнауын пайдалану және табиғи монополияларды реттеу басқармаларына қиыршық тасты жеткізушілерді қатаң бақылауға алуды тапсырған. Сондықтан олардың ендігі ісі қадағаланатын болады.

- Аталмыш жағдай құрылыс жұмыстарына қиындық туғызып отыр. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қиыршық тастың жетіспеушілігі мәселесі туындады. Жеткізуші тарап өз міндеттерін толық орындай алмаған. Осы жағдайды жергілікті билік алдында көтердік. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы орталық аппаратқа хат жолданды, - дейді Ақылбек Қабылдин.

Жер қойнауын пайдалану басқармасының мамандары өңірде қиыршық тас өндіретін 13 кәсіпорын барын айтады. Алайда сапалы өнім туралы сөз болғанда, аталмыш кәсіпорынның тек 3-еуі ғана сұранысты қамти алатын көрінеді.

Апта басында облыстық әкімдікте өткен алқалы жиындардың бірінде Астана-Павлодар бағытындағы тас жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталуы тиіс екені айтылды. Яғни, ендігі үміт - 2018 жылда.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz