Биылғы «Әнім, шарықта» музыкалық жүлдесі «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы аясында ұйымдастырылды. Байқаудың салтанатты ашылуы алдында өнерпаздар қызыл кілеммен жүріп өтіп, тыңдармандарының құрметіне бөленді.

- Ән додасының өтуіне облыс және қала әкімдігінен өзге де демеушілер қолдау көрсетті. Мұндағы мақсатымыз жергілікті жас таланттарға қолдау білдіріп, оларды республика деңгейіне көтеру, шығармашылық жұмыстарына дем беріп, шабыттандыру болатын. Талантты қыз-жігіттеріміздің өнерін бағалауда қазылар алқасымен бірге әлеуметтік желілердегі тыңдарман қауымның дауысы да есепке алынды, - деді Естай атындағы мәдениет сарайының директоры
Асылбек Сапарбекұлы.

Финалға өткен әр қатысушы өзара «Ең үздік ән», «Ең үздік эстрадалық орындаушы», «Ең үздік рэп орындау-шысы», «Жыл жаңалығы», «Ең үздік дәстүрлі әнші» сияқты өзге де аталымдар бойынша сайысты. Нәтижесінде, қарсыластарынан қара үзіп, дара шыққан Ерболат Аралбаев «Әнім, шарықта» музыкалық сыйлығының бас жүлдесі - 300 мың теңгені олжалады. Сонымен қатар, ол «Сен, сен» деген әнімен «Ең үздік орындаушы» аталымында да жеңіске жетті.

- Талай додаларда бақ сынап жүрмін. Десе де, бұл жеңістің орны бөлек. Жуырда ғана Қарағанды қаласында өткен «Жұлдыз - 2017» республикалық ән байқауында «Көрермендер көзайымы» атанып едім. Биылғы жыл мен үшін жетістіктерге толы болды, - дейді Ерболат Аралбаев.

Айта кетелік, марапаттау кешінде қазақ эстрадасының жұлдыздары Ринат Малцагов, Айбар Серкебаев, Адам мен бірге өңірімізге танымал шоумендер өнер көрсетті.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz