Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Камалова мәлімдеді.

- Бұл мақсаттарды орындау үшін, біріншіден, қазіргі таңда көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы, яғни, азаматтардың табысына қарамастан, республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасылардың табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Егер бүгінде азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжат даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжат әзірлеп, бір мекемеге, яғни жұмыспен қамту орталығына барады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік шартты және шартсыз ақшалай көмек ретінде төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыздан аз кірісі бар азаматтарға немесе отбасыларға тағайындалады. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ, аз қамтылған отбасыларына ай сайын төленеді. Ал шартты әлеуметтік көмек отбасында еңбекке жарамды азаматтары бар аз қамтылған отбасына беріледі, - дейді Гүлнәр Камалова.

Басқарма басшысының айтуынша, азаматтар немесе отбасы әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерімен шартқа отыруы тиіс. Құжатта көрсетілген тиісті талаптарды орындамаған жағдайда алдымен ескерту жасалады. Екінші рет қайталанса, әлеуметтік төлем екі есеге дейін қысқартылады Ал бұл жағдай тағы да қайталанатын болса, өтемақыдан біржола қағылуы мүмкін.

Келесі жылдың басынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 50 пайыздан төмен болуы керек. 2018 жылы аймақтағы төменгі күнкөріс деңгейі 28 284 теңге болып белгіленген. Яғни, отбасының әр мүшесіне шаққанда 14142 теңгеден асатын табыс болса, мемлекеттік көмек көрсетілмейді.

- Егер отбасында жұмыс жасындағы еңбекке қабілетті азаматтар болса, онда олар міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Яғни, еңбекке қабілетті әрбір азаматқа берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қосымша мемлекет тарапынан оқып, мамандық алып, жұмысқа тұруына немесе микрокредит алып, өз ісін ашуға қолдау жасалынады. Егер еңбекке қабілетті азаматтар мұндай қолдаудан өз еркімен бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Ал жұмысқа тарту шараларына қатысуды өз бетінше тоқтататын болса, онда төленіп жатқан атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылмақ, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, келер жылдан бастап енгізілгелі отырған зейнет жасын кезең-кезеңмен жоғарылату жүйесі зейнетақы жинақтарын да ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе жыл сайын 6 айға ұлғая отырып, 2028 жылға дейін жүзеге асатын болады. Сәйкесінше әйелдердің зейнетке шығу жасы ерлермен теңеседі. Сонымен қатар, әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығуы бойынша жеңілдіктері сақталатын болады. 5 бала тәрбиелеген және 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер зейнеткерлікке 53 жасында шыға алады.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz