Суармалы алқаптар кеңеюде

- Аудан экономикасының басым бағыты - ауыл шаруашылығы. Өндірістік қызметтің негізгі өзегі – егін және мал шаруашылығы.

Үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 108,5 пайызды немесе ақшалай мәнде 10 716,7 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір артық.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамы-туға да ауданда жіті көңіл бөлінуде. Есепті кезеңде барлық деңгейдегі бюджеттерден және басқа да қаржылық көздерден
2 069,4 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 536,8 млн. теңгесі - субсидия, 1 313,9 млн. теңге - несие қара-жаты және 218,7 млн. теңге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өз қаражаттары еді.

2017 жылы аудан диқандарына сәтті жыл болды деп айтуға болады. Олар
204,06 мың гектар алқапқа дән септі. Оның 127,23 мың гектары астық, 27,215 мың гектары майлы дақылдар, 0,52 мың гектары картоп, 0,04 мың гектары көкөніс өнімдеріне тиесілі.

Биылғы жылғы астықтың орташа түсімі гектарына 11,5 центнерді құрады. Аудан шаруалары майлы дақылдарды егудің ауқымын жылдан-жылға кеңейтіп келеді. Мәселен, биыл 8,5 мың гектарға күнбағыс өсіріп, гектарынан 7,3 центнер өнімге қол жеткізді.

2017 жылы мал шаруашылығы саласына барлық деңгейдегі бюджеттерден және басқа да қаржылық көздерден 133,6 млн. теңге жұмсалды. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 60,3 млн. теңге мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін 73,3 млн. теңге субсидиялар төленген еді.

Қазіргі таңда аудан бойынша 22,0 мың бас ірі қара бар. Қой саны - 17,1 мың. Ешкі 0,6 мың болса, жылқы 4,8 мың басты құрады. Бұған қоса, 61,3 мың құс бар.

Жалпы, биылғы жылдың 10 айында 6089,4 мың дана жұмыртқа, 20 277,3 тонна сүт өндірілді.

Ауданда мал тұқымын асылдандыру жұмысы да қарқынды түрде жүзеге асуда. Биылғы жылы шаруа-лар сырттан 269 бас асыл тұқымды мал сатып алған. Оның 200 басы тайынша болса, 69-ы - бұқа.

Шаруалар еңбек күшін арттыру мақсатында, ауылшаруашылық техни-каларын сатып алуды да дұрыс жолға қойған. Биылғы жылы шаруалар 842,1 млн. теңгеге 26 бірлік техника сатып алды. Оның 11-і лизинг арқылы 623,4 млн. теңгеге сатып алынса, шаруалар өз күштерімен 218,7 млн. теңгеге 15 техника алынған.

Экономиканың кәсіпкерлік секторы да оң көрсеткіштерге ие. Бөлшек тауар айналымының нақты көлем индексі - 22,7%-ды, ақшалай алғанда 1 843,9 млн. теңгені құрады. Мемлекеттің арнайы бағдарламаларының нәтижесінде аудандағы шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың саны 1420 адамға жетті.

Аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі - 1 612,8 млн. теңгеге тең. Биыл негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 есеге артып отыр.

Құрылыс жұмыстарының көлемі де 2,2 есе өсіп, 3190,8 млн. теңгені
(2016-1,399 млн. теңге) құрады.

2017 жылғы қаңтар-қазанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы - 555 шаршы метр. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда
86,9%-ға артық.

Келесі жылы біз жеміс-жидек дақылдарын өсіруге арналған суармалы жерлерді құру үшін 3 инвес-тициялық жобаны іске асырып, суармалы жерлерді 900 гектарға дейін арттыруды жоспарлаудамыз. Атап айтар болсақ, «БИК» шаруа қожалығында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша, 200 гектар аумақта суармалы алаңның құрылысы жүргізіледі.

«Галицкое» ЖШС 347 гектар суармалы алаңды салуды жоспарлап отыр (жобалық құны 347 гектарға - 498,6 млн. теңге).

Ауданның агроөнеркәсіптік саласын одан ары дамыту үшін ет және сүт өнімдерін өндіруді арттыру және мал тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ағымдағы жылы Константиновка, Қоңырөзек, Лозовой ауылдарында ветеринарлық станциялардың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Ковалевка, Галицкое, Қозыкеткен, Успен ауылында мал қорымы құрылысының жобасы дайындалды.

Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Галицкое» ЖШС-інде күнбағыс майын өндіретін зауыт салу жобасы да жүзеге асқан болатын.

Ауылдарға су жетті

Ағымдағы жылы Константиновка ауылындағы су құбырының құрылысы аяқталып, Новопокровка, Равнополь және Успен ауылдарында сумен жабдықтау желілерін салу жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны - 939,7 млн. теңге.

Қазан айында Қоңырөзек ауылында су құбырларын орнату жобасының мемлекеттік сараптамасы жасалып, 2018-2020 жылдарға арналған өңірдің бюджетіне енгізу үшін өңірлік құрылыс басқармасына жіберілді. 2018 жылы аудандық бюджет есебінен Тобылжан ауылын сумен жабдықтау желілерін салу жобасы қарастырылуда.

Бұл жобаларды іске асыру ауылдық елді мекендердің 42,8%-ын ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішіне қол жеткізуге және Константиновка мен Равнополь ауылдарындағы негізгі мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Облыстық бюджет есебінен 12,2 млн. теңгеге Тобылжан ауылының шегіндегі
1,5 км автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтеді.

Жұмыссыздар азайды

2017 жылдың қаңтар-қазан айларында жұмыспен қамту мекеме-леріне жұмысқа орналасуға өтініш білдірген азаматтар саны 570 адамды құрады, жыл басынан бері 420 адам жұмыспен қамтылды.

Жұмысқа орналасу барысында 327 азаматқа көмек көрсетілді. 92 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, қоғамдық жұмыс-тарға 104 жұмыссыз азамат қатысқан. Соңғы үш жылда жоғары және арнайы орта оқу орындарын тәмамдаған түлектер арасынан жұмыссыз жүрген 19 азамат жастар тәжірибесінен өтуге мүмкіндік алды. Ауданда жыл басынан бері 379 жаңа жұмыс орны ашылды. Аудан бойынша жұмыссыздықтың деңгейі 2017 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 2,0%-ды құрады.

Успен ауданында аз қамтылған отбасылар санының азайғаны байқалады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті 1 отбасы алады. Былтырғы жылы көмек алатын отбасының саны үшеу болатын. 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны 13 отбасы алады.

Аз қамтылған азаматтар санының азаюы жастардың тұрақты жұмысқа көптеп тартылуымен тығыз байланысты болып отыр.

Заманға сай білім

2017 жылы «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасының шеңберінде 15 маманға
2,4 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген. 11 маман 37,4 млн. теңге сомасында тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиеге қол жеткізді.

Аудандық мектептерді күрделі жөндеу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 668,1 млн. теңгеге 5 мектеп күрделі жөнделді.

Ағымдағы жылы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен пилоттық нұсқада «Цифрлы Қазақстан» атты жобасы енгізілгені белгілі. Сонымен қатар биылғы оқу жылының басында «BILIMBOOK» заманауи жабдықталған модификациялы кабинеттер іске қосылды. Бұл жоба республиканың үш аймағында Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында бар.

Әр тұрғынның денсаулығы маңызды

Аудан бойынша 28 орындық Успен орталық аудандық ауруханасы, 2 дәрігерлік амбулатория, 2 перзентхана және акушерлік бөлімше мен 14 медициналық орталық бар.

2017 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша туберкулезбен ауырғандар саны
19,7 пайызға артты және 100 000 адамға шаққанда 49,5-ті құрады.

2017 жылдың қаңтар-қазан айларында қатерлі ісік аурулары салдарынан 6 адам көз жұмды.

Биылғы жылы жас босанған аналар өлімі орын алған жоқ. Бірақ екі нәрестенің өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады. Бұған себеп балаларда туа біткен сырқат болған және әйелдер жүктілік кезінде медициналық тексерістен уақытында өтпеген.

Жазып алған - Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz