Жаңа спорт нысандары «Құлагер» ипподромы жанында орналасады деп жоспарлануда. Қалашықты бір жарым жыл ішінде қолданысқа беру көзделіп отыр. 1000 орынға шақталған трибунасы болатын жеңіл атлетика манежі 14 мың шаршы метр аумақты алады. Ол Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының барлық талаптарына сай келеді. Демек, халықаралық жарыстарды қабылдауға қауқарлы болмақ. Олимпиадалық резерв дайындау орталығының төбесіне шағын футбол алаңы қарастырылмақ. Ал футбол манежіне тоқталсақ, ол өңіріміздегі алғашқы жабық кең көлемді алаң болады. Мұнда 500-ден астам автомобиль тұрағы қарастырылады. Спорт қалашығының құрылысымен айналысатын «ҚазЭдемСтройГрупп» ЖШС өкілдері жобаны облыс әкіміне таныстырды.
Үш нысанның құрылысының құны 6,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Қалашықтың жобалық-сметалық құжаты арнайы сараптамадан өткеннен кейін тараптар шарт жасайды. Бұл құжатқа сәйкес бюджет құрылысты жүргізген кәсіпорынның шығын-дарын 3-4 жыл ішінде қалпына келтіріп береді.

- Жеңіл атлетика манежі мен олимпиадалық дайындық орталығының жобалық-сметалық құжаттарын - желтоқсан айының ортасында, ал футбол манежінің құжаттарын қаңтарда сараптамаға тапсыру жоспарлануда. Егер құрылысты
2018 жылдың наурызында бастасақ, барлық үш нысанды да одан кейінгі жылдың соңына дейін аяқтауға болады, - деді «ҚазЭдемСтройГрупп» ЖШС директоры Әлімжан Ысмайылов.

Облыс әкімі Болат Бақауов билік жекеменшік иелерімен әріптестік жасауға дайын екенін айтты. Дегенмен, жұмыстарды атқаруда асықпауға шақырды. Яғни, ең алдымен спорттық нысандардың сапалы салынуы қажет, деді.

- Құрылыс жұмыстарының шынайы мерзімін сақтайық. Бұл нысандарды күннің жылы кезінде ашқан жөн деп санаймын. Егер жаңа спорт алаңдарына
2019 жылдың маусымында қол жеткізсек, жарап тұр. Сонымен қатар, тұрғындардың спорт қалашығына жету мәселесін қарастыру қажет,
- деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда тараптар келісімнің мән-жайын пысықтауда. Құжаттар сараптамадан өткеннен кейін келісімшарт жасау жағы қарастырылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz