Бүгінде Ресей елінің «Росс» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС Павлодар қаласының орталық өндірістік аймағында орын тепкен «Металл конструкциялар зауыты» ЖШС негізінде жаңа өндірісті іске қосып отыр. Ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде «RossDorCom KZ» ЖШС атты бірлескен кәсіпорын тіркелген. Қазіргі кезде оның аясында жол жиегіндегі қоршаулар, жарықтандыру бағаналары, жол белгілеріне арналған металл құрылғылар сияқты басқа да көптеген өнім түрлері шығарылуда. Бұл - әзірге кәсіпорынның алғашқы кезегі. Ал келесі жылы «RossDorCom KZ» ЖШС облыс орталығындағы арнайы экономикалық аймақта осынау металл өнімдерін ыстық мырышпен қаптауға мүмкіндік беретін жаңа өндіріс орнын іске қоспақ.

Бұл бізге не береді? Елімізде мырышпен қапталған металл өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Түрлі саладағы құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп келе жатқан облысымызда да сұраныс жоғары. Өкінішке қарай, Қазақстанда ыстық мырышпен қаптайтын кәсіпорынның жоқтығынан қыруар шығынға батып келеміз. Мысалы, жарықтандыру бағаналарын орнату үшін қажетті металл өнімдерін Қарағанды облысынан алдырамыз. Артынша оны Ресейдің Новосібір өңіріне жіберіп, ондағы зауыттарда мырышпен қаптаймыз. Соның салдарынан өнім құны екі есе артады. Ал жаңа кәсіпорынның іске қосылуымен облысымыз ғана емес, тұтас еліміз бойынша арзан, отандық өнімге қол жеткіземіз.

- Біз жол құрылысы, өнеркәсіп, азаматтық құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті металл өнімдерін шығарамыз. Атап өтерлігі, негізгі тұтынушыларымыздың бірі - Қазақстанның кәсіпорындары. Бірақ бұған дейін арадағы сауда байланысы делдалдар арқылы жүргізіліп келді. Сол себепті бірлескен кәсіпорын құруды шештік. Ол үшін шекаралас аймақ, Павлодар облысы таңдалып алынды. Білуімізше, мұнда мырышпен қапталған сапалы металл өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Ал біз өз өнімдерімізге 50 жылға дейін кепілдік бере аламыз,
- деді ресейлік кәсіпорын өкілі Надежда Ростоцкая.

Инвестор үшін Павлодардың арнайы экономикалық аймағынан қажетті көлемде жер учаскесі бөлінген. Кәсіпорын құрылысын 2018 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланып отыр. Қыркүйек айында алғашқы өнім алынбақ. Ал 2019 жылы зауыт толық қуатына шығарылмақ. Осылайша, «RossDorCom KZ» ЖШС орталық өндірістік аймақта орналасқан кәсіпорында қажетті металл өнімдерін шығарып, артынша оны арнайы экономикалық аймақта бой көтеретін өндіріс ошағында ыстық мырышпен қаптауды жоспарлап отыр. Демек, толық циклды бірегей өндіріс жұмыс істейтін болады.

Жаңа тынысқа ие болған кәсіпорын жұмысымен Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов танысып қайтты. Өзімен бірге «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілін, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығын алып барды. Бұл мекемелер аталған кәсіпорынның болашақ тұрақты тұтынушылары болып табылады. Шаһар басшысының айтуынша, бұл облыс орталығы үшін маңызды жоба.

- Мырышпен қапталған металл өнімдері жоғары сұранысқа ие. Мысалы, биыл біз қала көшелеріне 300 жарықтандыру бағанасын орнат-тық. Біріншіден, олар мырышпен қапталғандықтан, 30 жылға дейін шыдайды. Қосымша бояудың қажеті жоқ. Екіншіден, көрер көзге де жағымды. Бірақ олардың біреуінің құны шамамен 60 мың теңгеге шықты. Ал бұл кәсіпорынның іске қосылуымен шығынымызды екі есеге қысқартамыз. Бұдан бөлек, мырышпен қапталған металдар өндірістік салада, әлеуметтік нысандардың құрылысында да пайдаланылады. Экономикалық тұрғыдан тиімді. Қосымша жұмыс орындары да пайда болады,
- деді Нұржан Кемерұлы.

Н.Ростоцкаяның айтуынша, өндіріске қажетті шикізаттың барлығы, яғни металл, мырыш өнімдері Қазақстан-нан алынады. Ең бастысы, өндіріс экологиялық тұрғыдан қауіпсіз.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz