Қазақ баласы серік еткен кәдімгі асық сүйегінің өзі-ақ бойында жанкүйерлік қаны ойнаған азаматтарды тәнті етіп, «Асық атудан» тамаша, бәсі биік жарыстар ұйымдастыруға болатынын байқадық. Көпшіліктің асық ойынына деген ынтызарлығы, айрықша ықылас-ниеті осыны ұқтырды. Бәрінен бұрын осынау жарыс жайлы естіп, қолдау танытып келген аға-апаларымыздың көптігіне қуандық. Қазақтың өшкені жанды деген осы болар. Ортада ұлттық киім киген жасөспірімдер сақасын иіріп, жалт-жұлт еткен қимылдарымен көзге түсіп, ептіліктерімен, мергендіктерімен, шапшаң-дықтарымен бірінен бірі асып түсіп жатты. Нағыз қазақы табиғи ойын, табиғи рең. Қарап, көз тойды. Марқайып қалдық.

«Ауыл» ХДПП-ның облыстағы филиа-лының төрағасы Ермат Байқұрманов, ақын, ұлт жанашыры Серік Елікбай, «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, пауэрлифтингтен 5 дүркін Әлем чемпионы Сайдолла Сәбенов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов, облыстық білім беру басқармасының өкілдері Азамат Жанайдарұлы мен Қуаныш Қыдырәлин, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғман және тағы да басқа азаматтар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жасөспірімдерге асық ойынының маңызы туралы әңгімеледі.

- Асық – тұнып тұрған философия. Ертеректе үйдің үлкендері қонаққа барған жерлерінде қойдың асығын жинап жүретін. Асық – бұл әскери стратегия. Сақаның алшысы – хан, тәйкесі – уәзір, бүк түскені – қараша халық. Балаға асық ойындарын жастайынан үйрету оны мергендікке, ептілікке үйретіп қана қоймай, буын, ас қорыту жүйелері ауруларының алдын алады. Сондықтан да техниканың билік құрып отырған дәуірінде оқушыларды дала ойындарына қызықтыру, ұлттық спорт ойындарына баулу - заманның талабы, - дейді С.Елікбай.

Жарыстың өзі Абай атындағы №10 лицей-мектебінде өткенін айтқан дұрыс. Себебі бұл білім ордасында асық ойнау үйірмесінің жұмысы тұрақты жолға қойылған. Турнирде алғашқы 11 команданың ішінен іріктелген «Жас дарын» мамандандырылған мектебі, №35 ЖОМ, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі, №12 ЖОМ, №37 ЖОМ және облыстық дарынды балаларға арналған көп салалы лицей-интернатының оқушылары бақ сынады.

Қорытынды нәтижесі келесідей:
1-орын - №35 ЖОМ;
2-орын - Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі;
3-орын – «Жас дарын» мамандан-дырылған мектебі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сәйкес дипломдармен, медальдармен, ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, Мейірлан Мүліков
(№22 ЖОМ) - «Турнирдің үздік ойыншысы», Мағжан Қайролла (№35 ЖОМ) - «Шертудің шебері», Санжар Хикмет (дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі) – «Ең мерген ойыншы» аталымдарын жеңіп алды.

Аталған турнирге облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің ұжымы қолдау көрсеткенін айрықша атап өткен абзал. «Алтын сақа» бастамашыл тобының жетекшісі Асыл Әбішевтің атап өткеніндей, топ алдағы уақытта жергілікті мекемелермен, ұйымдармен бірлесе отырып, асық ойынын оқушылар мен ересектер арасында насихаттау, кеңінен тарату ісіне өзінің лайықты үлесін қоса бермек.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz