Бұл – Қазақстан биатлонының тарихында бұрын-соңды болмаған табыс! Тарихи жетістік! Әлемдік сенсация!

Швецияның Эстерсунд қаласында биатлоннан Әлем Кубогының алғашқы кезеңі жалауын желбіретті. Жаһандық жарыс Қазақстан спортшылары үшін табысты басталды. Жекелей аралас эстафетаға қатысқан Максим Браун мен Галина Вишневская даңқты француз биатлоншылары - Олимпия ойындарының екі дүркін чемпионы Мартен Фуркад пен Олимпиаданың екі мәрте жүлдегері Мари Дорэн Аберді артқа тастап, мәре сызығын үшінші боп кесті.

Бұл сында Лиза Тереза Хаузер мен Симон Эдер өнер көрсеткен Австрия құрамасы топ жарды. Екінші орын Ванесса Хинц пен Эрик Лессер бастаған Германия құрамасына бұйырды.

– Бұл – Әлем Кубогы кезеңдерінің эстафеталық жарысында отандастарымыз олжалаған алғашқы медаль! Бүгін Қазақстан биатлонының жаңа тарихы ашылған күн! Сондай-ақ, біз тұңғыш рет жарыстың алғашқы кезеңін жеңіспен бастадық. Максим мен Галина әлемнің танымал биатлоншыларын жүлдесіз қалдырды. Оларға, жалпы тұтас командаға ризамыз! – деп пікір білдірді Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Үсенов.

Еске сала кетейік, Эстерсундта өтіп жатқан Әлем Кубогының алғашқы кезеңіне Қазақстан намысын 13 спортшы қорғауда. Төртеуі – павлодарлық. Олар – Максим Браун, Антон Пантов, Тимур Куц және Дарья Климина (Усанова, тұрмысқа шыққан соң тегін өзгертті). Сондай-ақ, Қазақстан атынан Ольга Полторанина, Алина Райкова, Галина Вишневская, Анастасия Кондратьева, Елизавета Бельченко, Владислав Витенко, Тимур Хамитгатин, Василий Подкорытов және Роман Еремин бақ сынауда.

Фархат ӘМІРЕНОВ, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін, Астана қаласынан.

saryarka-samaly.kz