«Ұлы Ертіс жағасы» әріптестік фестивалі төрт бөлім бойынша өтті. Пленарлық бөлімде Ертіс және Қараөзек мектептерінде жыл бойы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктері айтылса, сыныптан тыс ашық іс-шарада Қазақстан мен Ресей арасында орын алған тарихи оқиғалар туралы көрініс қойылып, қазақ және орыс ақындарының өлеңдері оқылды. Сонымен қатар, «ашық микрофон» бөлімінде келген қонақтар өздерінің ұсыныс-тілектерін білдірсе, фестивальді жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламамен қорытындылады.

Ертіс аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қадырованың сөзінше екі ел мектептері арасындағы әріптестік байланыс осыдан он шақты жыл бұрын орнаған. Содан бері көршілес мемлекетпен мәдени-рухани байланысты күшейту мақсатында әр түрлі бағытта форумдар, конференциялар ұйымдастырылып келеді.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы фестивальдің бұрынғылардан салмағы басым. Олай дейтініміз, Ертіс ауданының әкімдігі осы фестиваль аясында Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ресейде, әсіресе қазақ балалары оқитын мектептерде жүзеге асыруды көздеп отыр.

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ертіс ауданы мектептерінде үш бірдей мәдени жоба қолға алынды. Біріншісі – оқушыларға қазақтың салт-дәстүрін, ұлтық ойындарын үйрететін «Асыл мұра» клубы. Екіншісі – «Асық ойнайық» үйірмесі. Үшінші – өңіріміздегі киелі орындарға тағзым ету. Міне, осы үш жобаны біз Омбы облысы аумағындағы қазақ балалары оқитын мектептерге енгізуді ұсынбақпыз. Негізінен, қазақтар көптеп шоғырланған аймақтарда қолдау табады деген ойдамыз. Егер біздің бұл бастамамызды көрші елдегі әріптестеріміз құптап жатса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақстанда ғана емес, Ресейде де іске асқанын көрсетеді, - дейді ол.

Омбы облысы Нововаршавка ауданы Қараөзек негізгі мектебінің директоры Шолпан Сексенбаева ертістік әріптестерінің ұсынысын іске асыруға дайын. Себебі бұл ауылда тек қазақтар ғана тұрады. Сонымен қатар, Қараөзек мектебінде аптасына екі рет қазақ тілі және әдебиет пәні оқытылады. Сондықтан Атамекендегі әріптестерімізбен байланыс орнату бізге тиімді, дейді ол.

- Ертіс ауданы Северный орта мектебімен көптен бері тығыз байланыстамыз. Мұндағы әріптестер біздің өңірге де жиі барып тұрады. Біз Қазақстан Президенті қолға алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға әрқашан пейілдіміз. Жалпы, біздің елде қазақтың тілі мен мәдениетін дамытуға ешкім кедергі жасамайды. Бұрын біздің мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні жоғары сыныптарда ғана оқытылса, 2015 жылдан бері Омбы облысы Губернаторының Жарлығы бойынша екінші сыныптан бастап енгізіледі. Сонымен қатар, біздің мектепте қазақ ұлттық этно-мәдени орталығы жұмыс істейді. Мұнда қазақтың ұлттық биін, домбыра тартуды үйрететін үйірмелер бар. Биыл жазда ұлттық туристік жобаны жүзеге асырдық. Бес киіз үйден тұратын этноауыл құрып, аудан және облыс орталығынан келген туристерге беташар, тұсаукесер секілді салт-дәстүрлерімізді дәріптедік, - дейді Шолпан Ильяшқызы.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қазақ тілі мен журналистика кафедрасының профессоры Серік Елікбай болашақта осы мектеп ұжымымен бірлесе отырып, Ертіс өзені туралы үлкен энциклопедия шығару жоспарда бар екенін атап өтті.

- Энциклопедия бес бөлімнен тұрады. Яғни, бірінші – өткен ғасырларда Ертіс бойында мекен еткен мемлекеттер мен ұлттар, екінші – топонимикасы, үшінші – осы өзен бойындағы шаруашылықтар, төртінші – Ертіс және қазақ, бесінші – Ертіс бойында дүниеге келген ұлы тұлғалар. Материалдарды жинастыру жұмыстарын бастап кеттік. Келер жылы алғашқы нұсқасын шығарып, демеушілерге ұсынамыз, - деді ол.

Жиын соңында Северный орта мектебінің директоры Нығмет Жүсіпов келген қонақтарға алғысын білдіріп, болашақта да әріптестік байланыста болуға ниетті екенін білдірді.

Тілеуберді САХАБА, Ертіс ауданы.

saryarka-samaly.kz