Өмірдің ағысына ілеспек керек. Қысқы спорт хақында сөз қозғауымыз тегін емес. Олимпиада ойындары – ауқымды тақырып. Кез келген елдің төртжылдықтың басты спорт додасын өткізуге дәті шыдай бермесі белгілі, қысқы спортта әлемдік держава саналатын елдер болмаса.

Держава демекші, бұл сөз бүгінде Қазақстанға қатысты да айтылып жатқанын білесіздер. Спорттық держава мәртебесіне лайықты ел ретінде танылып келеміз. Себепсіз емес, әрине.

Тәуелсіз ел атанғалы бері біз қабылдаған байрақты бәсекелердің ішінде шоқтығы биік 2 дода бар. Ол - қысқы Азия ойындары мен қысқы Универсиада. Төрткіл дүние көз тіккен осынау спорт шаралары елімізге не берді?

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын атап өткен 2011 жыл Қазақстан спортының тарихына алтын әріппен жазылды. Осы жылы Астана мен Алматыда тұңғыш рет VII қысқы Азия ойындары өтті. Білген жанға Олимпиада, Универсиада және Азиада сияқты араға жылдар салып өткізілетін спорттық ірі форумдар көрінген елдің қолында кете бермейді. Мұндай мәртебеге бірнеше кезеңнен тұратын сынақтар мен арнайы байқаудан сүрінбей өткен ел ғана лайық деп танылады. Сондай мәртебеге ие болған еліміз Ақ Азиада ойындарын абыроймен атқарып, жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы командалық бірінші орынды иеленгені есімізде.

Қазақстан - Қысқы Азия ойындарын қабылдаған төртінші мемлекет. Бұған дейін төртжылдықтың ең ірі спорттық шарасы Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан алыстаған емес. Ең бастысы, Азияның шартарабынан жиналған үміткерлер бүгінгі заман талабына жауап беретін тамаша спорт кешендерінде сайысқа түсті. Ашылу салтанаты ұйымдастырылған «Астана Арена» стадионы, «Алау» мұзайдыны, «Қазақстан» спорт сарайы, республикалық велотрек, Алматыдағы Балуан Шолақ сарайы, таудағы әйгілі «Медеу», халықаралық трамплиндер кешені, «Шымбұлақ» тау базасы, «Табаған», Сарбаздар сайындағы шаңғы-биатлон кешені қазақ халқының игілігіне айналды.

Биыл Қазақ елінде тұңғыш рет өткізілген дүниежүзілік қысқы Универсиада, егемен елімізді шартарапқа тағы бір танытып, абырой биігіне шығарды. Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданғаны белгілі. Сол жылы елімізде Азия ойындары жоғары деңгейде өткізілгенін ескерсек, Алматы қысқы Универсиада өткізу құқығын «қалпақпен ұрып алды» деуге болады.

Спорттық құндылықтарды дәріптеуде, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту үшін Бүкіләлемдік студенттік ойындар – Универсиада үлкен рөл атқарады. Бұл ойындар 50 жыл бойы жастар Олимпиадасы саналып келе жатыр. Әлемдік спорт аренасында екінші санаттағы кешенді халықаралық іс-шара болып табылады. Бүкіләлемдік студенттік ойындарды ұйымдастыру мен өткізу әлемнің барлық студенттеріне достық рухында бір-бірімен жақындасуына, түсінісу мен бейбітшілік мақсатында спорттық жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.

Бұл спорттық мерекені өткізу үшін аз тер төккен жоқпыз. Оңтүстік астанамызда қысқы спорт түрлеріне арналған су жаңа нысандар бой көтерді. Оның ішінде «Сұңқар» шаңғымен секіру халықаралық кешені, Универсиада үшін арнайы салынған «Алматы Арена», «Халық Арена» сарайлары мен Атлеттер қалашығы - ең жоғары деңгейдегі қысқы спорт жарыстарын өткізуге таптырмайтын нысандар. Қазір Астана мен Алматы қалаларындағы осынау зәулім спорт сарайларының ішінде спорттың бірнеше түрінен үйірмелер ашылып, жас өрендеріміздің спортқа деген қызығушылықтары күн санап артып келеді.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген, ұлты да, салты да басқа елдердің көңілін табу - қонақжай табиғатымызға сын. 2017 жылғы Универсиаданы Алматы қаласында өткізу ғажайып табиғи көрініс-терді, қазақстандықтардың ашық та жомарт қонақжайлылығын, Қазақстан Республикасының туристік тартымдылығын әлемге көрсетуге ерекше мүмкіндік берді. Қазақ халқының ақ ниетіне қарай, аталмыш аламан да өте жоғары бағасын алып, тарих қойнауына кетті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға дейін тұрғындардың кемінде 30 пайыздан астамын бұқаралық спортқа тарту туралы айтқаны әлі есімізде. Бұл ретте дүбірімен дүйім жұртты ұйытқан Азиада мен Универсиада маңызды рөл атқармақ. Қалың бұқараның назарын өзіне аударған байрақты бәсеке тек Астана мен Алматының тұрғындары үшін ғана емес, күллі Қазақстан жұртшылығы үшін тарихи маңызы зор спорттық мереке болды.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде өткізіліп жатқан халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шаралар - (көптеген спорт түрінен Әлем чемпионаттары, Азия ойындары мен басқа да іс-шаралар) Президентіміз Н.Назарбаевтың дене шынықтыру мен спорттың дамуын қолдауының айқын көрінісі.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz