Кеншілер шаһарындағы ГРЭС-1 аумағында салынған жылыжай заманауи талаптарға сай. Мұнда жылына 3600 тонна қызанақ өндірілмек. «Greenhouse KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бақылау кеңесінің төрағасы Дәурен Баймағамбетовтің айтуынша, алғашқы өнім желтоқсан айының ортасында жергілікті нарықтан орын алады. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен жасалған келісімшартқа сәйкес, қысқы уақытта қызанақтың бір келісі 440 теңгеден өткізіледі. Одан бөлек, қазірдің өзінде шет мемлекеттерден сұраныс бар. Атап айтқанда, Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарындағы дүкен сөрелерінен екібастұздық қызанақтың табылуы әбден мүмкін.

- Құрылыс жұмыстары осы жылдың наурыз айында басталып, қазанда аяқталды. Жобаның жалпы құны – 3,8 млрд. теңге, ал жылыжай аумағы - 5 гектар. Алдағы уақытта тағы 60 гектар кешен салу жоспарда бар. Сол арқылы жылыжайды Екібастұз қаласының жаңа брендіне айналдырмақ ниеттеміз,
- деді Д.Баймағамбетов.

Осы орайда облыс әкімі Болат Бақауов бұл жоба көкөніс өнеркәсібін дамытумен ғана емес, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуымен де маңызды екенін атап өтті. Айта кетелік, мұнда жаңадан 86 жұмыс орны құрылды. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 120 мың теңге.

- Агроөнеркәсіп – отандық экономиканың негізгі драйвері. Қызанақ өсіретін жылыжай осыған айғақ болып, облыс нарығын сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтиды деген сенім мол. Бастысы, мұнда жаңа жұмыс орындары ашылды, соңғы үлгідегі технологиялар мен жабдықтар қолданады. Жылыжай жұмысына сәттілік тілей отыра, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау болатынын атап өткім келеді, - деді Б.Бақауов.

Екібастұз қаласындағы тағы бір ірі жоба – вагондарға арналған үлкен дөңгелектерді шығару. Сол арқылы «Проммашкомплект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс ауқымын кеңейтіп, теміржол кластерінің тағы бір бөлігі құрылмақ. Бас директор Артур Хачатурянның айтуынша, жаңа дөңгелектер жүк және жолаушылар тасымалымен айналысатын вагондарға арналады. Өндіріс орнында жылына шамамен 200 мың дөңгелек шығарылып, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және тағы басқа бірқатар мемлекеттің тасымалдаушы компанияларына жеткізіледі. Инвестициялық жобаның құны
50 млрд. теңгеден асады.

- Бұған дейін Екібастұз қаласында теміржол осьтері мен жол бұрушыларын, брустары мен басқа да бөлшектерін шығаратын өндіріс орындарының ашылғаны белгілі. Кластерді толықтыру үшін дөңгелектер өндіру қажеттілігі туындады. Дайын өнімді алуға 6-9 ай аралығында уақыт қажет екенін ескерсек, алғашқы дөңгелектер келер жылдың ортасында сатылымға шығуы мүмкін. Кәсіпорын аясының кеңеюі есебінен қосымша 400 жұмыс орны құрылады,
- деді А.Хачатурян.

Өндіріс орнының жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы Болат Бақауов бұл біздің облыс үшін бірегей жоба екенін атап өтті.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz