Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағат басшысының орынбасары Қаншайым Мақажанованың сөзінше, көрме сөресіндегі ең құнды құжаттардың бірі – Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің жеті сынып бітіргені туралы аттестаттың түпнұсқасы. Сонымен қатар, батырдың оқушы кезіндегі оқу үлгерім табелі, мінездемесі және өз қолымен жазып, қолы қойылған қысқаша өмірбаянын да көруге болады. Бұдан басқа сол кезде мемлекеттік мекемелерде, партия ұйымдарында лауазымды қызмет атқарған жерлестеріміздің партиялық, депутаттық және комсомолдық билеттері қойылған. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың іс жүргізу құжаттары, кіріс-шығыс хаттардың түпнұсқалары да сол қалпында сақталып отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы жерлерін шаруаларға тегін беру туралы актілер, жалпы халыққа ортақ жарнамалық афишалар және ескертулер мен хабарламалар бар. Бұл құжаттардың орысшасы кирилл әрпінде жазылса, қазақша нұсқасы латын әрпінде.

- Мақсатымыз қазақ жазбасы тарихында орын алған өзгерістерді жұртшылыққа көрсету, латын графикасына ешқандай кедергісіз көшуге болатынын дәлелдеу болып отыр. Бұл көрмеден елімізде 1929 жылдары латын графикасына көшу процесі қалай жүрді, қандай жұмыстар атқарылғаны туралы толық мағлұмат алуға болады. Тарихтан білесіздер, 1929-30 жылдарға дейін Кеңес үкіметі құрамындағы түркі тілдес мемлекеттердің барлығы араб графикасын қолданған. Осы жылы КСРО орталық партия комитеті мен Халық комиссариаты кеңесінің латын қарпіне көшу жөнінде қаулысы қабылданған. Сол қаулы негізінде қолданыстағы әліпбиді латын графикасына ауыстыру жөнінде шешім шықты. Жалпы, мемлекеттік мұрағаттың қорында бір миллионға жуық құжат сақталған болса, соның бес пайызы латын әліпбиімен жазылған, - дейді Қаншайым Ғалымжанқызы.

Көрменің ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков және өңіріміздегі тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар қатысты.

- Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттарын анықтап берді. Соның бірі - қазақ тілін латын графикасына көшіру. Бұл біздің рухани дамуымыздың нақты көрінісі. Бүгін мемлекеттік мұрағат қызметкерлерінің ұйымдастыруымен аса сирек кездесетін тарихи құжаттар мен фотосуреттер көрмесі ашылып отыр. Бұдан біздің өткен тарихымызға қатысты көп дүние көруге болады. Істеріңізге сәттілік тілеймін, - деді Ардақ Тәтімбекұлы.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz