Шай үстінде Қасқырбай шал мектепті енді бітірген кенже ұлына қабақ шытып отыр. Өй, болмағыр... Он бір жыл бойы соңғы партада ұйқыдан бас алмап едің. Енді келіп шошып оянғандай Астанаға оқуға түсемін дейсің. Басыңда тауықтың миындай ми болса сенің, мұрнымды кесіп берейін!..

- Әке-ау, ол жақта даму бар, өну, өсу бар! Өзім қатарлас Қанаттардан қай жерім кем?

- Өөөй, сен де... Салыстыратын адамды тапқан екенсің! Қанат болса Астанадағы көкесінің үйіне тұрып оқиды. Ал сенің ол жақта кімің бар? Дымың да жоқ!

- Әке, сіз білесіз бе? Өзіңіз менсінбей жүрген Қанат - қазір ел мақтайтын жұлдыз. Иә, дәл солай. Маңдайы жарқыраған жұлдыз. Астанадағы атақты жандардың бәрі де ауылдан шыққан. Мен де солардай биіктен көрінгім келеді. Жай жұлдыз емес, шолпан жұлдызы болып, жарқырасам деймін. Ол түгілі анау такси айдап, Астанаға аптасына алты рет баратын таксист Талғат та қазір таптырмайтын өнер иесіне айналды. Таксист Талғат тал шыбықтай бұралып билегенде тақылдаған таңдайыңызға тіліңіз жабысып қалады.

- Е, балам, сен әлі де ештеңені түсінбеген екенсің! Талғатты биші қылған - таланты емес, Тендер.

- Әке, түсінсем бұйырмасын! Артистің өнеріне тендердің не қатысы бар? Тендер ойнатылатындай өнер жолы құрылыс ғимараты не болмаса тас жол емес қой.

- Міне, балам, сөзің аузыңда. Талғатты талант қылған - Астана мен біздің ортамыздағы тас жол. Астанаға аптасына алты рет қатынасаң, бүйрегіңнің тасы түсіп, жүрегің ұшып, көзің алақтап, ауың рэп оқитын шетелдіктей салақтап, айнымай артист боласың да қаласың. Талғаттың өнері таланттың күші емес, балам. Тендерді жеңдер деп түсінентін пысықайлардың жұмысының нәтижесі.

Қабағы түйілген кенже ұлы, тілін тістеді де, ойланып қалды. Шынымен де.
«Жақсы асфальт жерде жатпайды» деген сөз Астана мен біздің арамыздағы жолға қатысты айтылған-ау шамасы. Халықты титықтатқан осы жол қойшыны биші қылды. Жақсыдан жыны қозған бақсы жасады. Тас жолдың жыры біткенше Жапондар қанатты машина ойлап тауып қоятын сияқты ма, қалай өзі? Талайдың тағдыры талқан болған жолда тасбауыр адамдардың жалтыратқан табанының табы қалғандай болып тұрады маған... Ал сіздің ше? Астанаға асфальт-пен барғыңыз келе ме?

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ

saryarka-samaly.kz