Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен мерекелік кешті өңір тұрғындарымен бірге аймақ басшысы Болат Бақауов та тамашалады. Шараны Иса Байзақов атындағы филармонияның «Нұр» би тобы ашты. Ал концертте Елбасы сүйіп тыңдайтын «Маралды», «Ақсиса», «Баянауыл-ай», «Надежда», «Весна на Заречной улице», «Старый клен» сынды әндерді жергілікті және отандық эстрада жұлдыздары орындады. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджанов пен Алтынбек Қоразбаев, Бекболат Тілеуханов сынды белгілі қазақстандық композиторлардың шығармалары қалың қауымға тарту етілді. Тіпті, кейбір туындыларды көрермендер үлкен экранда Елбасымен бірге орындаса, күйші Айбек Бекбосыновтың «Елбасы толғауы» күйі көпті таңдай қақтырды.

Аталмыш кештің құрметті қонағы болған халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты, Жамбыл атындағы мемлекеттік қазақ филармониясының солисі Нұрғали Нүсіпжановты халық ерекше жылы қабылдады. Ол орындаған «Саржайлау»,
«Өз елім» әндеріне ерекше құрмет көрсетті.

- Сіздерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтау мәртебесіне ие болғаным үшін қуаныштымын. Әр отбасыға амандық пен шаттық, Елбасыға зор денсаулық тілеймін. Қасиетті Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары өнерді ерекше бағалайтынын көріп сүйсіндім, - деді халық әртісі.

Сонымен қатар көрермендер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен құрылған астаналық «Қасиет» музыкалық ұжымының өнерін алғашқылардың бірі болып тамашалады. Кеш барысында белгілі әнші Гүлнұр Оразымбетова, Анель Арыновамен бірге Медғат Манапов, Серік Рысбек сынды жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz