Жеңіл құрамды автомобиль дискілерін шығаратын кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бой көтерді. Жобаны «Giessenhaus» ЖШС аясында жұмыс істеп жатқан «К&К» ЖШС жүзеге асыруда. Зауыт алғашқы кезеңде жылына бір миллион дискі шығаратын болады. Бәсекеге қабілетті өнімнің 50 пайызын экспортқа шығару жоспарланып отыр. Құны 6,7 млрд. теңгелік инвестициялық жоба 2020 жылға дейін жүзеге асырылады. Облыс әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, бұл еліміз бойынша жоғары маңызға ие жоба болып табылады.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің алдымызға алюминийді өңдеп, оны балқытудың 4-інші және 5-інші кезеңдерін іске қосуды тапсырған болатын. Бүгін міне, Тұңғыш Президент күні қарсаңында осы тапсырманы абыроймен орындап, елде жоқ ерекше жобаны жүзеге асырдық. Бұл облыс қана емес, тұтастай еліміз үшін маңызды өндіріс орны болып табылады. Бұған дейін «қанатты металды» тек шикізат күйінде шығарып келсек, енді қосындыланған алюминий өндіріп, одан дайын өнім, яғни автокөліктерге арналған диск шығаратын боламыз. Кәсіпорынның облыс экономикасы үшін де үлесі зор. Әлеуметтік тұрғыдан да маңызға ие. Себебі мұнда шамамен 200 адам жұмыспен қамтылмақ,
- деді аймақ басшысы.

«К&К» компаниясы өз саласы бойынша Ресейдегі ірі өндіріс ошақтарының бірі болып табылады. Ол 3 миллионнан астам автокөлік дискілерін шығарады. Кәсіпорын ауқымын кеңейту мақсатында Павлодар облысында инвестициялық жобаны қолға алып отыр. Компанияның бас директоры Сергей Мельниковтің айтуынша, бұл таңдаудың біздің аймағымызға түсуінің өз сыры бар.

- Бізді Қазақстанда бизнесті дамытуға жасалып жатқан қолдау шаралары қызықтырды. Әсіресе, арнайы экономикалық аймағының қатысушылары үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, мұнда өзге елдерге қарағанда өндіріс орнын ашу әлдеқайда арзан. Сол себепті, осында инвестиция құюды шештік. Осынау қолдау шараларының арқасында біз сапасы жоғары, бірақ арзан өнім шығаратын мүмкіндігіміз бар. Егер бұған дейін Қазақстанға жылына шамамен 200 автокөлік дискілерін сатқан болсақ, енді оны осында өндіретін боламыз, - дейді С.Мельников.

Әзірге, кәсіпорында алғашқы автокөлікке арналған алғашқы 50 алюминий дискісі шығарылды. Олар арнайы сапалық бақылаудан өткізілмек. Ал келесі жылы зауыттың екінші кезегі іске қосылады. Осылайша, алдағы жылдан бастап қазақстандықтар өз «темір тұлпарларына» отандық алюминий дискілерін сатып ала алады. 2020 жылы кәсіпорын толық жобалық қуатына шықпақ.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz