- Нұржан Кемерұлы, Павлодар қаласы еліміздің индустриялық орталығы екені белгілі. Өндіріс орындарының бүгінгі аяқ алысы қандай?

- Облыстағы ғана емес, еліміздегі ірі кәсіпорындардың басым бөлігі Павлодар қаласында орналасқан. Оған алюминий кластерін құрайтын «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты» дәлел. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан электролиз зауыты үшін қыздырылған мұнай коксын өндіретін
«УПНК-ПВ» кәсіпорны ашылса, таяуда ғана алюминийден автомобиль дискілерін шығаратын зауыт іске қосылды. Сол сияқты химия, металлургия, тамақ, қағаз өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар баршылық. Бұл өндіріс орындарының биылғы өнім көлемі ұлғайды. Айталық, жыл басынан бері қаладағы кәсіпорындар жалпы сомасы 540,6 млрд. теңге болатын өнімді нарыққа шығарды. Оған қоса, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.
Бұл - инвесторлардың кәсіп бастауына тиімді алаң.

- Инвесторлар демекші, жыл басынан бері жеке қаражат есебінен қандай нысандар ашылып, жұмысын бастады?

- Инвестиция тарту – күн тәртібіндегі басты мәселе. Шеттен қаржы құю үшін кәсіпкерлермен де, шетелдік компания өкілдерімен де келіссөздер жүргізілді. Нәтиже көңіл қуантады. Мәселен, жыл басынан бері қала экономикасына
130 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,9 пайызға көп. Бұл қаражаттың 83 пайызы кәсіпорындар мен ұйымдарға тиесілі, 10 пайызы - бюджеттік қаражат, қаржылық ұйымдардан алған қарыз – 7 пайыз.

Индустрияландыру картасында жалпы инвестиция көлемі 190 млрд. теңгені құрайтын үш жоба – Павлодар мұнай-химия зауытының жаңғыртылуы, алюминий қоспасының өндірісі, майлау материалдары кешенін салу бар. Бұл ретте жеке инвестиция есебінен кәсіпорындар ашылып қана қоймай, тұрғындарға қызмет көрсету аясы кеңейгенін баса атап өткім келеді. Мәселен, сауда орындары желісі дамып, спорт, денсаулық орталықтары көбейді. «SMALL», «Лидер», «Инмарт» сауда желісінің дүкендері, «МиТ-ФАРМ+» диагностикалық орталығы, «Life fitness» фитнес орталығы, бірқатар жанармай бекеті мен дәмханалар ашылды. Сонымен қатар «Орталық әмбебап дүкен», «Saida plaza» кәсіп аясын кеңейтіп, Ленин көшесінде қонақ үй кешені салынбақ.

Осы орайда мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің де оң жолға қойылғанын атап өту керек. Соның жарқын үлгісі – Павлодар қаласын жарықтандыру желісін жаңғырту мен сенімді басқаруға беру жобасының іске асуы. Жарықдиодты шамдар, сыртқы жарықтандыруды басқаратын шкафтар, аппараттық–бағдарламалық кешендер орнатып, сол арқылы энергия үнемделеді. Сондай-ақ мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне берілетін тапсырыс көбейді. Атап айтқанда, былтыр жеке балабақшадан 686 бүлдіршінге орын қарастырылса, биыл 811 орын бөлінді.

- Қалалықтарды мазалайтын мәселе коммуналдық шаруашылық екені белгілі. Бұл салада түйткілдер туындамауы үшін қайтпек керек?

- Иә, су, жылу, жарықпен қамту, кәріз жүйесінің жұмысына қатысты өтініш-шағым айтатындар жиі кездеседі. Сондықтан оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, Лермонтов көшесіндегі кәріз коллекторы, 3 көтергіш сорғы станциясы қалпына келтірілді. Қазіргі кезде Абай көшесі бойындағы жылу желісін қалпына келтіріп, тазалау нысандарының технологиялық жүйелерін жаңғырту, құдықтарды ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ақылды үй» қосымшасы іске қосылды. Сол арқылы тұрғындар онлайн режимде пәтер иелері кооперативіне өтініш білдіріп, жөндеу жұмыстары туралы ақпарат ала алады. Жоба авторлары енді «Ақылды қала» жобасын қолға алуды ұсынып отыр. Соның нәтижесінде шаһардың коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру туралы неғұрлым мол мағлұмат беріліп, көпқабатты баспаналардағы қауіпсіздікті арттыра түсуі тиіс.

Сонымен қатар тұрғындар тарапынан жол жөндеуге қатысты сауалдар жиі қойылады. Осыны ескеріп, Ак.Бектұров көшесіндегі 1,571 шақырым, Теплов көшесіндегі 0,89 шақырым жол қалпына келтірілді. Қала көшелерінің 5 учаскесі 15,7 шақырым жол мен тротуардың жөндеу жұмыстары аяқталды, 134 аулаға асфальт төселді. Жеке сектордағы 14 көше жарықтандырылып, Орталық жағажайда, Аймауытов саябағындағы шамдар ауыстырылды.

Қала көркін келтіретін биылғы ірі жобалар – жаңа жағажайдың салынуы мен Кутузов көшесін көріктендіру. Енді шаһарымыздың тұрғындары мен қонақтары үшін бос уақытын тиімді ұйымдастырып, таза ауада серуендеп, демалуға тағы да бір тамаша мүмкіндік пайда болды деп ойлаймын.

- Бекқожин көшесі, 13, Ткачев көшесі, 17 және тағы бірқатар көпқабатты баспана тұрғындары үй ішіндегі температураның төмен екенін айтып, наразылық білдірген еді. Бұл мәселе қалай шешімін таппақ?

- Бұл биыл ғана туындаған күрмеулі мәселе емес. Соңғы бірнеше жыл дересінде осы үйлердің тұрғындары қыс кезінде пәтерлерінде бүрсеңдеуге мәжбүр. Жаз кезінде тұрғындар осыны ескертіп, шаралар қолдануымызды сұраған еді. Арнайы сараптама жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде дренажды жүйені толығымен тазарттық. Енді тұрғындар тоңбауы керек. Қолда бар мәлімет бойынша, Павлодар қаласында жылумен тиісті деңгейде қамтылмай отырған шамамен 10 үй бар. Олқылықтың орнын толтыру жұмыстары тоқтамайды.

- Тұрғындарды толған-дыратын тағы бір мәселе – баспана. Қалалықтардың жеке пәтер кілттерін алуы үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

- Жалпы, жыл басынан бері 75,8 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қаржыландырудың барлық көзінен 128 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54,4 пайызға көп.

Павлодар қаласындағы ірі құрылыс алаңы – Сарыарқа шағын ауданының тұрғызылуы. Биыл бюджеттік қаржы есебінен осы аудандағы 4 үйге тұрғындар қоныстанды, жыл соңына дейін тағы 2 үй аяқталады. Одан бөлек, қазіргі уақытта
2 үй салынуда, ол келесі жылы көпшілік игілігіне беріледі. Бастапқыда кейбіреулер құрылыстың қарқынды боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ 2 айда ескі үйлерді бұзып, 7 айда орнына жаңасын салдық. Бұл қарқынды алдағы уақытта да бәсеңдетпейміз. Себебі келесі жылы бұдан да ауқымды құрылыс жұмыстары күтіп тұр. Дачный ауданында Достық ауданының іргетасы қаланады. Оған қоса, Әуежай қалашығында екі типті жеке үйлер тұрғызыла бастайды. Яғни, мемлекет өз қаржысы есебінен тұрғызып, сатылымға шығарады және тұрғындарға 460 жер учаскесі беріліп, олар өздері салады. Бірақ барлығы бір типті болуы тиіс.

- Енді Павлодар қаласына қарасты ауылдық аймақтардың жағдайына ойыссақ. Бұл елді мекендерде мал басын көбейтіп, егін шаруашылығымен мықтап айналысуға мүмкіндік жоқ екені анық. Десе де, агроөнеркәсіп бағытындағы істер қалай жүзеге асады?

- Павлодар қаласы мен ауылдық аймақтарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге басымдық беріледі. Сондықтан осы жылы «Сүт» акционерлік қоғамы «Президент» сары майының өндірісін бастап, «Молком Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт цехін жаңғыртты, сүтті пластикалық бөтелкелерге құю кәсібін кеңейтті. Сонымен қатар «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша «Иртышские мельницы» кәсіпорны астық және бұршақ дақылдарын өндіру зауытын іске қосып, «Группа Интер» серіктестігі элеватор салды.

Ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының қымбаттамауы үшін әлеуметтік дүкендер санын 37-ге жеткіздік, оның бесеуі ауылдарда қызмет көрсетеді. Апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып, ауылдағы ағайын әкелген өнім делдалдарсыз, төмен бағаға сатылады.

- Келесі жылы павлодар-лықтарды не күтіп тұр?

- Алдымен жыл соңына дейін көздеген жоба-жоспарларымызды сәтті жүзеге асырып, мемлекеттік бағдарламаларды орындап, жылу маусымы кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуымыз керек. Ал келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, Павлодар қаласы мен оған қарасты ауылдардың экономикасына инвестиция тарту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмыстар жалғасын табады. Жаңа тұрғын үйлер мен нысандар пайдалануға беріледі. Олардың қатарында этноауылды, аквапаркты ерекше атап өтуге болады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

СұхбаттасқанҚұндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz