Алдымызда келе жатқан Қазақ елінің Тәуелсіздік күні жайлы ойлап отырмын деп жауап бердім. Неге десеңіз, алдында ғана «Нұр Ана әлемі» қоғамының мүшесі, әнші Құралай Уақпаева мына бір өлең Семейден келді, Ахмет Байтұрсыновтың түрмеде отырып шығарған әні екен, тыңдап көріңізші деген еді.

Жолдасым Беделхан екеуіміз отырып тыңдадық. Қатты ойға қалдық. Көзімізге жас келді. Елі үшін еңіреген осындай боздақтарымызды қалайша біз есімізге жиі алмаймыз деп ойландым. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен алаш азаматтарын неге біздің жастарымыз аз біледі деген ой келді. Неге әркім осы Қазақстанның тәуелсіздігіне өзіндік үлес қоспайды екен деп қиналдым.

Әрине, көкірегінде Отаным, елім, туған жерім, қазағым деген әрбір азамат қолынан келгенше тәуелсіздігімізге үлес қосып жатыр, ондай адамдар бар, бірақ аз. Әңгіме қазір ол жайлы емес. Осы жерде айтайын деген ойым, қазіргі көптеген қазақ жастары осы тәуелсіздік бізге қалай келді, кімнің арқасында, оны біле бермейді.

Мектептерде қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш азаматтары жайлы аз айтылады. Біздің кезімізде ол жайлы мүлде айтылмаған, ал білгендердің аузын аштырмаған. Дегенмен, өткенді еске алмай, бүгінгі күнге жол жоқ. Қазақ елінің, жерінің, халқының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың небір білімді, дарынды, білікті алаш қайраткерлері 1930-1937 жылдары жер аударылып, ату жазасына кесілгенін көпшілік жастар біле бермейді.

Ал олардың алға қойған ісін қолдаған біздің 1986 жылғы желтоқсандықтар қыршын кетті емес пе?! Сондықтан арыстарымыз - Ахмет Байтұрсынов,
Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауы-тов, Мағжан Жұмабаев,
Міржақып Дулатов, Иманжүсіп Құтпанұлы, бәйтеректеріміз - Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сынды қазақтың тағы басқа нартұлғаларының, сонымен қатар желтоқсан қырғынында қыршын кеткен жастарымыздың атын ұлықтаса деймін. Мектеп, көше аттарын Қазақстанның барлық қалаларында еш кедергісіз осы аталған тұлғалардың есімімен атауға рұқсат берсе деймін. Сол қиын ба екен? Бұл іс жаппай қолға алынса,
«Ұлттық жаңғырудың» үлкен бастамасы болар еді.

Біздің осы бақытты күніміз үшін өмірлерін қиған алаш азамат-тарының мектептерінде оқыған, олардың атындағы көшелерден өткен жастар сонда ғана алаш қайраткерлерін естерінен шығармай, солардай болсақ деп патриоттық рухта, елін сүйетін азамат болып өсер еді. Міне, мені осы ой толғандырып отыр. Мен де кезінде «қазақ мектептері, балабақшалары, қазақ театрлары неге жоқ?» деп шырылдаған бір кездегі жас журналист едім. Енді, міне, жасым ұлғайған шағымда мені мазалап отырған ой - Алаш азаматтарының халқына жасаған өшпес тарихи ерліктері. Соны бүгінгі ұрпаққа жеткізу жұмысы. Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отырған уақытта алашордашылардың ерлігін насихаттауды одан әрі жалғастыру - біздің парызымыз, қарызымыз.

Р.S. Газет-журналдар, радио, телевизия осы алаш қайраткерлері жайлы жиі айтып, ал мектептерде, жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар өтсе, ұлтын, қазақ елін сүйетін, қадірлейтін жастар арамызда көп болар еді.

Ғалия БАЛТАБАЙ, «Құрмет» орденді журналист.

saryarka-samaly.kz