Мамандардың айтуынша, қаладағы полиция кадрларының жетіспеушілігі, қала көшелері мен аулалардың тиісінше жарықтандырылмауы және бейнекамералардың аздығынан бұзақылық деректері көптеп тіркеледі. Қала әкімі Қайрат Теміршотұлы бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.

- Негізі, құқықбұзушылықты азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл қылмыс 16 пайызға кеміді. Келесі жылы қолға алынатын жоспар аз емес. Мәселен, көшелер мен аулаларға қазына қаржысына 30 бейнебақылау камерасын орнату ойда бар. Қазіргі таңда 20 камера жұмыс істеп тұр. Мамандар тапшылығын жою үшін оңтүстікке барып келдік. Оларды бос орындарға оқыту көзделуде. Жедел басқару орталығы орналасатын ғимарат жөнделді. Келесі жылы аулаларға бейнекамерасы бар 4 аргентиналық қондырғы орнату жөнінде ұсыныс жасалуда,
- деді Қ.Нүкенов.

Екібастұз тұрғындарын жылумен қамтуда бірқатар келеңсіздіктер орын алғаны белгілі. Шаһар басшысы бұл мәселе жылдар бойы қордаланғанын жасырмады. Десе де, түйткілді шешу үшін нақты қадамдар жасалуда. Мәселен, Еуразия қайта құру және даму банкінен 4,5 млрд. теңге көлемінде қарыз алып, жылу желілерін жаңғырту жоспарланған. Қалалық бюджет есебінен 200 млн. теңгеге кварталішілік желілер алмастырылмақ. Сонымен қатар, қала әкімі жаңа үйлер тұрғызған кезде инженерлік инфрақұрылымдарды тарту кезінде сол шағын ауданға жылудың жеткілікті болуы басты назарға алынады. Қажет жағдайда құбырлардың диаметрі мен ұзындығын ұлғайтуға мән беріледі. Кеншілер қаласындағы жылу желілерінің 80 пайызы жер үстінде орналасқан. Бұдан былай тартылатын құбырлардың барлығы жер астымен жүргізіледі. Қ.Нүкенов мұндай жағдайда жылудың үй-үйге жеткенше барынша жақсы сақталуы қамтамасыз етілетінін атап өтті.

- Қазіргі таңда қаламызда 5-7 тұрғын үйде жылудың жеткіліксіз көлемде еместігі бізге белгілі. Бұған дейін олардың қатары 15 болатын. Құзырлы мекемелермен бірлесіп, жағдайды реттедік. Тағы да қолдан келетін жұмыстарды биыл, қалғанын келесі жылы жалғастырамыз, - деді Қ.Теміршотұлы.

Жылу мен су құбырларын қатар төсеуде бірқатар кедергілердің барын айтты. Жеке-жеке жүргізу үшін көшелер тарлық етуде. Енді осы мәселені шешу үшін арнайы мамандар тартылуда, деді Қ.Нүкенов.

Брифингте қаланың биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндаған Қайрат Теміршотұлы өзі басқарып отырған өңірде оң өзгерістің көптігін айтты. Мәселен, қала қазынасы 16 млрд. 538,3 млн. теңгені құраған. Оның 12 млрд. теңгеден астамы – жеке кірісі. Он айда 423,9 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылған. Жыл соңына дейін тағы өседі деп болжануда. Сонда көрсеткіш былтырғыдан 33 пайызға артық болмақ. 17,8 млрд. теңгенің электр энергиясы өндіріліп, 61,5 млн. тонна көмір қазылған. Кеншілер шаһарында орташа жалақы көлемі 152,6 мың теңгеге жеткен.

Кәсіпорын қатары артуда. Желтоқсанда іске қосылатын қысқы дизельді отын шығаратын «Aleftrade» ЖШС-іне де артылатын үміт зор. Инвестиция тарту жұмыстары биыл нәтижелі болғанын айтты. Инвесторлармен жұмыс бір күнде жемісін бермейтінін ескерткен Қ.Нүкенов ағымдағы жылы қолға алынған ынтымақтастық алдағы жылы жалғасын табатынын мәлім етті. Мәселен, польшалық инвесторлармен бірлесіп агроқалашық салу көзделген.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz