Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османованың айтуынша, облыстағы мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған сәйкес тілдерді дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарында мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілерін оқыту енгізілген. Осы орайда
2017 жылы облыс орталығындағы 225 тәрбиеші мемлекеттік тілде тегін оқу курсынан өткен. Аталмыш курс бойынша келер жылы тағы 250 тәрбиешіні оқыту жоспарлануда. Облыс бойынша 66 балабақша және 142 мектеп қазақ тілінде білім беруде. Биыл Шарбақты ауданында таза қазақ тіліндегі 60 орындық балабақша ашылған. Бұл ретте облыс әкімі Болат Бақауов аралас балабақшалар туралы өткен жылы берілген тапсырмалардың орындалмағанын баса айтты.

- Аралас балабақшалардың қажет-тілігі бар ма? Өткен жылы бала-бақшаларды қазақ тіліне көшіру туралы тапсырма бердім. Облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп жұмыс істеу керек. Өзге ұлт өкілдерімен араласып жүрміз. Олар балаларымыз ертең мектепке барғанда екі тілді білгені қандай жақсы деп айтып жатады. Неден қорқамыз? - деді облыс әкімі Б.Жұмабекұлы.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османова бұған дейін насихаттау тобы арнайы жұмыстар жүргізгендігін айтып, алдағы уақытта қазақ тіліне көшуде ешқандай қарсылық болмайтындығын жеткізді. Ал аймақ басшысы Б.Жұмабекұлы егер түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмесе жұртшылық тарапынан наразылық туатынын айтты. Арнайы шара қолдануды тапсырды.

- Қазақ тілін білмейтін адамдар қарсылық танытуы мүмкін. Оны бәріміз білеміз. Жыл аяқталсын, оқу жылы басталсын деп сылтау-ратып жүргенде уақыт оздырып алуымыз мүмкін. Сондықтан, осы мәселе бойынша шара қабылдануы керек,
- деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев бұл жұмыс-тарды қадағалауға алатынын айтты.

Мәжіліс барысында облыс әкімі Б.Бақауов өз баласын қазақ балабақшасына берген «№1 Автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Вадим Ковальчукті көпке үлгі ретінде көрсетті.

Жиында аймақ басшысы өңірдегі таза қазақ тілінде білім беру бойынша мәселелерге де тоқталды. Осы ретте Баянауыл ауылына аралас мектептің қажеттілігіне күмән келтірді. Алайда, облыстық білім беру басқарма басшысының міндетін атқарушы Жомарт Қарамбаев аудан орталығындағы аралас мектептің сұранысқа ие екендігін айтты.

Облыс әкімі дәстүрге айналған «Тіл керуені» жобасын өткізудегі бірақатар кемшіліктерді сынға алды.

- «Тіл керуені» жобасы осы жылы Торайғыр ауылында өтті. Бірақ оған сол ауылдың тұрғындары шақырылған жоқ. Мұны ең алдымен ауыл тұрғындары көріп, білуі қажет еді. Ауыл шетінде үлкен той өткенінен жергілікті халық хабарсыз болып шықты. Ол дұрыс емес, - деді Болат Бақауов.

Сондай-ақ, облыс әкімі қоғамдық көліктердегі кондукторлардың мемлекеттік тілді меңгерудегі олқылықтарды ортаға салды.

- Дәл қазіргі уақытта ақпарат таратушы құрылғылардың барлығы екі тілде. Ал кондукторлар мен көлік жүргізушілер 2015-2016 жылдары арнайы қазақ тілін үйренетін курстардан өткен. Енді 2018 жылдың басында жаңаша оқыту жүйесі енгізіледі. Онда арнайы тілашарлар мен сөздіктер берілетін болады,
- деді «№1 Автобус паркі» ЖШС директоры Вадим Ковальчук.

Алайда, көңіл көншітерлік жауап ала алмаған аймақ басшысы мұндай жұмысқа екі тілде еркін сөйлей алатын адамдарды алып, осылайша бұрыннан келе жатқан мәселені шешудің жолын ұсынды.

Алқа мәжілісінде Сәуле Османова облыстағы тіл саясатына қатысты бірқатар мәселелердің барын алға тартты. Елбасының жарлығына сәйкес 2015 жылдың
1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнеске тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған болатын. Айтуынша, осының салдарынан көшелер мен нысандарда орналасқан көрнекі ақпараттардағы мәтіндерге тек мониторинг жүргізумен шектеліп, шара қолдану мүмкін емес.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz