Павлодар облысының атынан бұл тізімге белгілі бір салада жетістікке жеткен
300-ден астам азамат ұсынылған болатын. Ғаламтор арқылы жалпыхалықтық онлайн дауыс беру арқылы оның 5-еуі республикалық «100 жаңа есім» жобасының тізіміне қосылды. Олар - облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Рамазанов, ПМПИ-дің педагогика ғылымдарының кандидаты Жанар Байсейітова, меценат, бизнесмен Максим Чернудский, Павлодар музыкалық колледжінің студенті Алексей Лодочников, математикадан халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, қазіргі таңда әлемге әйгілі «Google» компаниясында қызмет ететін Қуат Есенов. Газетіміздің бүгінгі санында жүзден жүйрік шыққандардың әрқайсысына жекелей тоқталуды жөн санадық.

 

Қолы жеңіл хирург

Ерлан Рамазанов жедел және жоспарлы хирургиялық көмек көрсету саласында жұмыс істейді. Өткір хирургиялық сырқаттарға ота жасауды жетік меңгерген. Хирургиялық бағытта инструменталды, рентгенологиялық және пункционды әдістерді қолданады. Сондай-ақ, ол облысымыздың аудандарына жиі қатынап, ондағы тұрғындарға да медициналық көмек көрсетеді. Санитарлық авиация саласында да табысты еңбек етуде. Ерлан Амангелдіұлы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар дәрігері саналады.

Е.Рамазановтың әріптестерінің сөзіне сүйенсек, ол облысымыздың оноталды емес хирургия саласының дамуына қомақты үлес қосты. Оның табысты жұмысының нәтижесінде жаңа туған нәрестелер хирургиясы бағытында біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Дүниеге келген шақалақтардың шетінеу көрсеткіші төмендеді. Ал 2015 жылы облыстық балалар ауруханасында хирургиялық потологиясы бар нәрестелердің барлығына сапалы медициналық көмек көрсетілгенінің нәтижесінде бала өлімі тіркелмеді. Қалған жылдары бұл көрсеткіш респуб-лика бойынша төмен дәрежеде сақталып келеді.

Биыл үш айдың ішінде Е.Рамазанов туабітті кемістігі бар 11 сәбиге ота жасады. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Атап өтерлігі,
2014 жылы ол «Қазақстанның үздік неонталды хирургі» атанды. Былтыр облыстық балалар ауруханасы өз саласы бойынша елімізде бірінші орынды иеленді.
Бұл жетістікке Ерлан Амангелдіұлының қосқан үлесі зор.

 

Қазақтың «Алтын баласы»

Қуат Есенов - математикадан әлемді таңдай қақтырып, рекордтар кітабына енген дарын иесі. Көпшілік оны қазақтың «Алтын баласы» деп таниды. Ол - халықаралық олимпиа-далардағы бірнеше алтынның иегері. Жас талант небір күрделі математикалық теңдеулердің шешімін оңай тауып, АҚШ оқымыстыларын аузына қаратқан. АҚШ-тың Массачусетс штатындағы технологиялық институттың түлегі. PHD докторы. Американың Калифорния қаласындағы аты әлемге әйгілі Google компаниясының қызметкері.

 

Шет тілінің шебері

Жанар Байсейітова – Қазақстан Республикасының жас ғалымдарына берілетін мемлекеттік ғылыми стипендияның лауреаты. Оның ғылыми зерттеу жұмыстарының барлығы Павлодар қаласындағы жоғары оқу орындары мен мектептердің ғылыми-әдістемелік үрдісіне енгізілді. Бүгінгі күнге дейін ол
120-дан астам ғылыми мақала жариялады. Халықаралық деңгейдегі Skopus базасында 4 зерттеу жұмысы жарық көрді. Студенттерге арналған 6 ғылыми-әдістемелік құралдың авторы. Оның біреуі ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша жазылған. Тағы екі әдістемелік құрал «East West» Association for Advances Studies and Higher Education GmbH» (Вена, Австрия) баспасында басылған. Ал 2015 жылы «Девиантты тәртіп: теориясы мен тәжірибесі» атты монографиялық жұмысы жарияланды.

Ж.Байсейітова білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіруге тырысады. Бұған дейін Еуропаның Чехия, Италия, Австрия, Германия елдерінде, Ресей мен Түркияда ғылыми тәжірибеден өткен. Биыл Жанар Байсейітқызы «Шетел тілі – екі шетел тілі» бағыты бойынша бакалавр дәрежесін иеленді. Енді ол оқу орындарында шет тілінде сабақ беретін ұстаздарға тәлімгерлік етпек.

 

Мақсаты зор Максим

Екібастұздық өрен Максим Чернудский - облысымыздағы белсенді жастардың бірі. Осыдан үш жыл бұрын ол «Халықтың таспасы» халықтық-патриоттық қозғалысының негізін қалаған. Осы жобаның аясында еріктілермен бірге мерекелік шаралар кезінде ұлттық өрнегі бар көк түсті ленталарды таратады. Максим осы күнге дейін өз қаражатына осындай 25 мың лента сатып алып, жерлестеріне сыйға тартқан. Бұдан бөлек М.Чернудский өз қаржысына мүмкіндігі шектеулі замандасына арба сатып алған.

Максим үштілділікті насихаттауға арналған «TILKHAN ATA» атты білім беру бағытындағы жобаны қолға алған. Оның аясында қала, елді мекен көшелеріне үш тілде ақпарат жазылған арнайы парақшаларды ілу көзделген. Жақын уақытта осындай 50 мыңнан астам ақпараттық парақшалар облысымыздың көшелерінде ілінетін болады. Ол бүгінде осы бағытта халықаралық қайта құру және даму банкінен арнайы грант ұтып алған. Қазіргі кезде М.Чернудский көмір өндіру саласында жұмыс істейді.

 

Өнерге құштар өрен

Павлодарлық өрен Алексей Лодочников - Качир аудандық балалар үйінің тәрбиеленушісі. Қазіргі таңда Павлодар қаласындағы музыкалық колледжде оқиды. Балалар үйінде қазақ тілін жетік меңгерген. Ал колледжде қазақтың қара домбырасын жанына серік етеді.

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысы-мызға жұмыс сапары болған еді. Сол кезде А.Лодочников Мемлекет басшысының алдында Ақан серінің «Балқадиша» әнін орындап берген. «Бұл жайт менің өмірімді күрт өзгертті», деп еске алады Алексей.

Бүгінгі күнге дейін жас өнерпаз бірқатар республикалық ән байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Халықаралық мәндегі шараларға шақырту алып, домбырамен ән шырқаған. Қазіргі кезде А.Лодочников колледждегі «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі.

 

Әзірлеген - Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz